ЖОҚ БОЛҒАН ЛҰТ ҚАУЫМЫ

/uploads/thumbnail/20170708235831262_small.jpg

Ата-бабаларымыз адам өмірінің әрбір сәтін, кезеңін, тығырыққа тірелгенде қандай жолды таңдап, басшылыққа алу керектігін, қазақтың қанатты сөздері, мақал-мәтелдерімен айшықтап, тұжырымдап келеді. Мысалы, бүкіл қазақтың болмысын және қазақ азаматының қандай болуы керек екендігін «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген бір ауыз сөзге сыйғызған. Қазақта бұл мақалды білмейтін және мойындамайтын адам жоқ. Осы бір ауыз сөз бізде батыстағыдай ең бірінші байлық «он саулық» емес, қазаққа бәрінен де ар қымбат деп тұрған жоқ па?! Егер біз осы мақалды Америка, Еуропа жалпы батыс принципіне салсақ, керісінше «арым да, жаным да малымның садағасы» болып шығар еді. Ол елдердегі рухани жұтаңдықтың салдарынан нәпсіқұмарлыққа салынып, тек қана қара бастарының қамын ойлағандықтан туындайтын, біздер күні кешеге дейін аттарын да естімеген, тіпті ондай түсінік те болмаған небір азғындық әрекеттердің: маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, гомосексуализм, лесби, азаматтық неке, киллер, адам саудасы (бала сату), мемлекетіміздің барлық басқару жүйесін түгелге дерлік жаулап алған сыбайлас жемқорлық, парақорлық, ел байлығын ашықтан-ашық тонап алып шетелге қашу, құмар ойындары, рэкет т.б. көптеп бой көрсетіп жүргені де осыдан. Жалпы, осы бір ауыз сөзбен бүкіл қазақтың болмысы мен ұлы дала идеологиясының негізі қаланған. Ұлы даланың, яғни қазақтың ұлттық идеологиясын жасаушылар даланың дана қарттары, дәлірек айтсам, сөз зергерлері би, шешендеріміз болып табылады. Ал, оны ел арасына таратып, уағыздаушы немесе қазіргі тілмен айтсақ, идеологтар бүкіл қазақтың өзі. Егер жеті жасар баламыз мақал-мәтелдің мағынасына түсініп, оны басшылыққа алып, айтар әңгімесіне қосып сөйлер болса, біз оны да қазақтың ұлттық идеологиясының сарбазы деп түсінуіміз қажет. Шындығында да, айтар әңгімесі сенімді болып, тыңдаушысын мойындату үшін мақал-мәтел қосып сөйлемейтін және ол айтылған жерде оны мойындап оған тоқтамайтын  қазақ жоқ.

Біздің бұл тұжырымымызды Еуропалықтардың өздері де жоққа шығармайды. Мысалы, әйгілі ағылшын ғалымы, дін зерттеуші Ричард Белл былай деп жазады:

 «Еуропа үлкен құлдырау жолында тұр. Салтанатты сарайлардың саясында жан күйзелісі, ақылдан адасу, өзіне қол салу, ұятсыздық, нашақорлық, маскүнемдік, әйел зорлау, қарақшылық, әр түрлі жыныс аурулары ақылға сыймастай өте көп мөлшерде қозып жатыр. Адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сенімі жоғалды. Өлім үрейі барлығының жүрегін толықтай жаулап алған. Отбасының бірлігі бұзылып, мүшелерінің арасындағы байланыс үзілген. Мемлекет басшылары бұл жағдайдан шығудың жолдарын таба алмай дал болуда. Зиялы қауым рухани жұтаңдықтан әрекетсіз. Еуропаның алдында жалғыз жол тұр. Құтылудың жалғыз жолы – Ислам жолы. Басқа таңдау жоқ?»

Біз үшін ең өкініштісі, соңғы жылдары осындай келеңсіздіктердің қазақ қоғамы арасына дендеп кіруі және оған өкіметіміздің тарапынан ешқандай тосқауылдың қойылмауы болып табылады.

Адам баласы бүгінгі күнге дейін сан мыңдаған жылдар ғұмыр кешті. Осы жолда жақсыны да, жаманды да көрді. Қазық жұрт (Қазақ жұрты) үнемі бәрін саралап, жақсысын жалғастырып, жағымсызынан қашып отырды. Бұл ілімді Ұлы Аталарымыз «Тарихат (Тарих Ата) жолы» деп атады.

360 әулиелі киелі Маңғыстаудың ұлы әулиелері, даналары мен данышпандарынан қалған өсиетте егер Адам ата ұрпақтарының басым көпшілігі (елдер мен мемлекеттер) Алланы мойындамай үлкен күнәға батып, ауыр «салмақ» жинаса «Ақырзаман» жалпыға бірдей келеді деген. Одан ешкім ешқайда қашып құтыла алмайды. Демек, жамандық атаулымен күресу әр бір адам баласына Алламен аманат етілген парыз. Бұны Манқыстау шежірешілері былайша жырлаған:

«Хазіреті Нұхының

Заманында су тасып

Көкке толқын шарпыды,

Таулардан асып шалқыды,

Айнала тегіс жер жүзі

Ашығы қалмай қалқыды,

Кемеге мінген болмаса

Жоқ қылған дейді жалпыны.

Кәпірлердің сол күнде

Таусылды қалмай тамтығы.

Мұсылман-кәпір болғалы

Келе жатыр осылай

Арамның соғып салқыны (266 бет).

 

…Жамандықты, жарандар,

Ете көрме «талап» деп.

Хабарлаулы Құранда:

«Он сегіз мың ғаламның

Ақыр түбі — ғарап» деп.

Ғаламды ғарап етпекке

Ысрафил соры суырар,

Он сегіз мың ғаламның

Заманасын қуырар,

Ахирет күні кәпірлер

Гүрзіменен ұрылып,

Шынжырменен буылар.

Тамуғының сөнбейтін

Лаулаған түтін-буы бар

Ысыраттың тарылған

Қараңғылық жолы бар.

Ысыраттай көпірден

Жаһан қалмай қуылар.

Ұранымен Мұхаммед

Көтеретін сол күнде

Ләуәлиханды туы бар (272 бет).

…Бұрынғы өткен заманда

Жәһилдің қауымы жоқ болды

Алланың қаһар желінен,

Нухының қауымы тәрк болды

Топанның тасқан селінен,

Лұттың қауымы жоқ болды

Жебірейілдің бір соққан

Қанатының лебінен.

Пиғылы азып адасқан

Алланың тура жөнінен

Әлек болды талай жұрт

Бәдіғат істің көбінен.

Азғындық тапқан әркімнен

Дәреже сүйтіп кеміген (347 бет).

 

…Оныншы жылдың шағында

Аспаннан, ай күн тұлданып

Жұлдыздар ақты атылып,

Алланың нұры тамбады –

Топырақ жауды сапырып,

Жұлдызында қауыстың

Күншығыстан бір дауыл

Сегіз күн соқты ақырып,

Қара жерден малды айдап

Теңізге тықты батырып,

Ғаламат болып ой мен қыр

Бүліне жазды қапылып.

Қаһарланса Тәңірім,

Қауызына сияр тарының

Он сегіз мың мақұлық…

Налыттың Алла халқымды

Болды ма құлық жақпаған? (Сәттіғұл Жанғабылұлы (1876-1966) «Аманат» Алматы-1996. 349 бет).

Түсініктеме: Сәттіғұл ақын аты әлемге әйгілі Қазақтың ұлы қағаны Шыңғысхан шыққан Адайдың Мұңалынан, Мұңалдың Жарысынан тарайды. Қазіргі Батыс Қазақстандағы Ақтөбе облысы жеріндегі Мұңалжары (Мугаджар) тауы атауы сол аталарымыздан қалған.

Осы деректерді ары қарай сабақтасақ, күнәлардың жүрекке тигізетін әсері удың өз дәрежесіне қарай денеге тигізетін зияны сияқты. Бұл дүние немесе ақыретте болсын адамдарға жолығатын жамандық пен аурулардың көбісінің себебі осы күнәлар емес пе? Ойланшы Адам ата мен Хауа анамызды жаннаттан шығарған не нәрсе? Сондай бір ләззаттар мен нығметтердің, қуаныштар мен рахаттардың жайы болған жаннаттан, уайым–қайғы мен қиыншылық, сынақтардың жайы болған бұл дүниеге оларды не нәрсе түсірген еді?

Ал, Ібілістің Алланың рахметінен алыстатылып, лағнетке ұшырап, оның ішкі-сыртқы дүниесінің қорқынышты да, ұсқынсыз бейнеге айналып аспан иеліктерінен қуылуына не нәрсе себеп болған еді? Иә, ол Ібілістің жақындықтан алыстыққа, рахметтен лағнетке, сұлулықтан ұсқынсыздыққа, жаннаттан тозаққа, иманнан күпірлікке, Раббысына болған достығынан дұшпандыққа, ұлықтау, пәктеу сөздерінен өтірік пен қиянатқа, серік қосушылық пен жаман жаққа, сауапты істерден күнәларға өтуіне себеп болған нәрсе ол – күнә. Соның салдарынан ол Алланың шексіз мейірімінен алыстап, қатты азабына душар болды. Және бүкіл кәпірлер мен серік қосушылардың, парасатсыз пасықтар мен күнәһар жасықтардың басшысына айналды. Алланың әмірлерін атқармай, тиымдарынан тиылмай Оның рахмет назарынан мақрұм қалып, қор болудан Алланың өзі қорғағай!

Және кешегі Нұх пайғамбар қауымының ешбір құтқарушы таба алмай, топан су астында қалып өлім қауышуларына не нәрсе себеп болған еді?

Ал, үстерінен жеті түн, сегіз күн тұрған жойқын желден жойылып кеткен Ад елінің сондай үрейлі азапқа душар болуларының себебі неде?

Ащы дауыстан кеуделеріндегі жүректері тоқтап өлген Самуд елінің жойылуына не себеп?

Төбелеріне қорқынышты бұлт шоғырланып, сол бұлттан үстеріне от жауып қырылған Шұғайып қауымының қасіреті неден?

Кеше “Мен құдаймын” — деген Ферғауынды, оның жойқын әскерін теңіз астына шөктірген нәрсе не еді?

Ал, байлығына мастанып, Құдайын ұмытқан Қарунды малымен, жанымен, үй-жайымен жерге жұтылуына себеп болған нәрсе не еді?

Періштелер жоғары аспанға көтеріп, кейін аударып жермен жексен етілген Лут қауымының

зардабы неден?

Және кейбір қауымдардың бастарынан бірнеше азаптарды өткізіп, тіпті солардың кейбір тайпаларының маймылға, шошқаға айналуларының салдары неде? Иә, Нух пайғамбардан кейін қаншалаған қауымдар өтті? Олардың қаншасы азаптарға душар болды? Не себептен? Әлбетте бәрі күнәнің себебінен!

 

Бұл азаптардың бәрі Құран Кәрімде айқын көрсетілген. Мен бұл жерде тек қана Лұт қауымына тоқталамын:

 «54.Сондай-ақ Лұтта өз еліне: «Сендер өздерің көре тұрып, жиіркенішті іс істейсіңдер ме? 55.Сендер әйелдердің орнына, еркектерге тәни құмарлық (шаһуат) танытасыңдар ма? Иә, сендер – надан елсіңдер», — деді. 56.Оның елінің жауабы: «Лұттың үй-ішін кенттерінен шығарып жіберіңдер. Өйткені олар таза болуды қалайтын адамдар», — дегеннен басқа сөз болмады. 57. Сонда Біз оны және үй-ішін құтқардық, тек әйелінен басқа. Оның артта қалушылардан болуын алдын-ала белгіледік. 58. Сөйтіп, Біз олардың үстіне тастан жаңбыр жаудырдық. Ескерту берілгендердің жаңбыры қандай жаман» (Құран Кәрім «Ән-Нәмл» сүресі).

Тәпсір: «Лұт Ибраһим пайғамбардың, оған Аллаһтың сәлемі болсын, ағайыны еді. Әрі оған еріп иманға келген болатын. Кейін аса ұлы Аллаһ Лұт пағамбарды, оған Аллаһтың сәлемі болсын, пұтқа табынатын, жиіркенішті істер істейтін және жолаушыларды тонаушылықпен айналысатын елге дін уағыздау үшін жіберілді. Лұт пайғамбар оларды тәубеге келуге шақырып, күнә істерінің күйзелтуші азапқа ұшырататынын түсіндірді. Олардың күнәдан қайтпайтыны анық болған кезде, оларға қарсы Раббысына дұға жасады. А.Саъди.

Бұл қауымда әйел мен әйел, еркек пен еркек жаппай жыныстық қатынасқа түскен, яғни қазіргі тілмен айтқанда көптеген Европа елдеріндегі сияқты «лезби және гомосексуализм» — мен айналысқан. Оның әйелі күнәһарлардың қатарынан болғандықтан құтқарылмаған. Алла олардың үстіне аспаннан тас (күкірт пен от) жаудырып қырғынға ұшыратқан. Бұл қауым пұтқа табынған және жолаушыларды тонаушылықпен айналысқан.

Ұлы Жаратушы – Аллаътың хақ жолына қарсы шығып, азғындыққа: пұтқа табынып, жиіркенішті істер істегендері және жолаушыларды тонаушылықпен айналысқандары үшін жазаға тартылды.

 «41.Адамдардың өз қолдарымен жасағандарының (күнә, қылмыстарының) себебінен құрлықта және теңізде бүліншілік пайда болды. (Бұл) олардың істеген күнәларының кейбірінің жазасын татуы әрі олардың (қүнәлардан) қайтулары үшін». (Әр-Рум сүресі).

Тәпсір: «Жердегі түрлі бақытсыздықтар және қиыншылықтар – адамдардың жаман істеріне берілген жаза. Бұл бақытсыздықтар жазаның дүниедегі бір бөлігі ғана. Сөйтіп, олар күнәдан аса ұлы Аллаһқа бойсұнуға қайтып, тура жолға түсуі үшін. Бұл барлық кемшіліктен пәк Аллаһтың құлдарына деген мейірімі. (А.Саъди). Аллаһқа иман келтірмей, күнәлі істеріңді ары қарай жалғастыра берсең, ар жағыңда, яғни келесі «дүниеде» сені тағы тозақ күтіп тұр.

 «116. …Ал, әділетсіздік еткендер, өздеріне берілген сән-салтанат, рахатқа ерді, сөйтіп қылмыскер болды» (Құран Кәрім «Һұд» сүресі). Тәпсір: «Әділетсіздер, тек дүние қызықтарына беріліп, одан басқа ештеңені қаламады. Соңында олар жазаға лайық болып жойылды». А.Саъди.

Сөзсіз әрбір күнәнің ішінде азап бар. Егер кімде-кім сол күнәні жасаса және сол күнәлі істен бас тартып тезірек тәубе жасамаса, онда ол күнәнің қасіретті зардабы оған міндетті түрде айналып соғары сөзсіз. Бірақ өкінішке орай, Құдайын ұмытып жасаған күнәні, Құдай да ұмытады-деп ойлап, алданып жүргендер қаншама? Ақиқатында Алла еш нәрсені ұмытпайды. Алла бәрін көруші.

Тарих тағлымы: Жамандық атаулымен  күресу әр бір адам баласына Алламен аманат етілген парыз болып табылады.

ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БӘРІҢІЗГЕ ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ-АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы

Маңғыстау

Қатысты Мақалалар