ЖЕРДІҢ МОНОЛОГЫ

/uploads/thumbnail/20170709003528331_small.jpg

Мен жер едім жер едім,

Адамзаттың төрі едім.

Адамзатым адасып,

Өртке оранды өзегім.

Мен жер едім жер едім.

Асыл қазына кен едім.

Ғарышта Құдай қалқыткан

Доп домалақ дене едім.

Мен жер деген ана едім,

Дақ түспеген ақ едім.

Тілгіленіп сау тәнім,

Тарттым ауру әлегін.

Мен жер едім, жер едім.

Жыртылды жасыл желегім.

Таңдайым кеуіл тамсандым

Былғанып теңіз қорегім.

Мен жер едім жер едім,

Ұлт ұлысқа тең едім.

Тірі жанға құт мекен

Өлгендерге көр едім.

Мен жер едім пенделер,

Мекен жоқ маған тең келер.

Қиқымыма таласып,

Қырылыспай жөнге кел.

Мен жер едім жетелі,

Шер заман шертті шекені

Шекара жасап жүзімді,

Шимайлағаның жетеді.

Мен жер едім, жер едім.

Мұңымды кімге төгемін

Қаһары қиын болады

Мендей алып дененің.

Мен жер едім жер едім,

Өз өсіме көнемін.

Көнбеймін басқа бұлтаққа

Ойыншық етпе мені елім!

Зілзала болсам жоғалар,

Тіршілік деген дерегің !

2016.4.23.

Гүлнұр Оразбайқызы

Қатысты Мақалалар