Болғанынан боладысы қызық митингтің авторы кім?

/uploads/thumbnail/20170709005255564_small.jpg

Жер сатылады, жалға беріледі деген әңгіме шығысымен ел іші ала тайдай бүлінді. Халықтың алаңдаушылығына, жерге араша түскенін түсінеміз. Мұны халық ықыласына емес, сол елдің ішіндегісін өз мүддесіне пайдаланғысы келетіндердің бар екендігін меңзеп айтып отырмыз.

Осы дау-дамайдың арқасында не белгілі болды? Білгеніміз, заңға тиісті өзгерістер былтыр еніпті. Ал, оны шетел азаматтары мен компанияларына 10 жылға, ел азаматтарына 49 жылға жалға беру тәртібі бұрыннан бар екенін білдік. Соңғы енген өзгерістер ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беруді, ел азаматтарына жеке меншікке сатуды мақұлдапты. Ол заң биыл 1 шілдеде күшіне енеді екен.

Енді заң әлі күшіне енбеген, қайта өзгертуге мүмкіндік барда осы мәселенің төңірегін тым қатты шаңдатып жібермедік пе? Айдың-күннің аманында ала тайдай бүлінуге бет алып бара жатқан жоқпыз ба? Олай дейтініміз, халықтың жанды жеріне тиетін мәселеге саяси рең беруге тырысушылардың әрекеті алаңдатып отыр. Осы салаға жауапты министр Ерболат Досаев жер сатылатынын хабарлай салысымен осыны күтіп отырғандай, елді ереуілге шақырғандар пайда болды. Алдағы 21 мамырға белгіленді деген жалпы республикалық митинг туралы әңгіме шыққанына да айға жуық уақыт  болды. Митинг өткізу туралы «шешім» қабылданған уақыт пен мен ол өтетін уақыт арасында біршама алшақтық бар. Бейбіт сипаттағы, халықшыл жиын болса оны созбай, неге ертерек ұйымдастырмасқа? Ақыры мемлекеттік органдардың рұқсатына қарамай шығамыз деп отырғандардың олай істеуіне не кедергі? Бұл өзі нақты болатын іс пе, жоқ әлде арзан абырой үшін даулы мәселені ұтымды пайдалану ма? 

21 мамырды күтіп жүргенде батыстағы үш облыста, шығыста Семей қаласында, Сыр бойындағы Қызылорда халқы бейбіт митингтер өткізіп те қойды. Бірақ, ол шараларды ұйымдастырғандар мен 21 мамыр митингісінің басы-қасында жүргендердің байланысын байқай алмадық. «Қарап қалмаймыз. Атқа қонамыз!» деп айқайлаған әртіс, әнші жігіттерді де шерушілер жанынан көрмедік. Әлдеқандай байланыстары болса, кейін пайда болған, жүре қосылған жекелеген кісілер болуы мүмкін. Айтпағымыз, осы күнге дейінгі өткен наразылық шаралары стихиялы түрде, халықтың өз бетінше өткізген, ешқандай орталықтан басқарылмаған жиындары. Сол себепті де бейбіт өтті. Аз халық жаппай тәртіпсіздіктерге, бей-берекет қимылға жол бермеді.

Ал, 21 мамырға митинг жоспарлағандардың ісі қалай боларын бір құдай біледі. Естуімізше, осы топ па, басқа ма, жер тақырыбындағы митингті монополиялап алуға ниетті көрінеді. Осы күнге дейін өтіп жатқан митингтерді тек халықты алдағы «Ұлы жорыққа жігерлендіру» үшін ғана қолдап жүр-міс. Әйтпесе, «ұлтшылмыз» деп ұрандатқандардың ішінде де ұйымшылдық жоққа тән сияқты. Оның үстіне, арандату әрекеті ме, басқа себебі бар ма, «Жер тақырыбын желеу еткендер елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға әрекеттенуде» дегенді де құлағымыз шалып қалды. Осындай жағдайлардан кейін, «Бұл ереуіл дегенді кім шығарды? Ең алғаш болып елдің ойына салған кім?» деген сұрақ туады екен. Әрине, мұндайда ақталғысы келген адам «Бұл – халықтың наразылығы. Халықтың пісіп жетілген ашу-ызасы» деп, жауаптан сытылып кетуі мүмкін. Қайткенде де мамыражай мезгілде ереуіл тақырыбын көтеру әлеуметтік желіде белсенділік танытып жүрген төрт-бес жігіттің ісі емес сияқты. Әзірге құпия болып отырған осы митинг авторының түпкі ойы жерге араша түсумен ғана шектеледі дегенге де сенім жоқ.

Мейрамбек Кеңесбек

Қатысты Мақалалар