ДӘУІТОҒЛЫ ПРЕМЬЕРЛІКТЕН НЕГЕ КЕТТІ?

/uploads/thumbnail/20170709010214255_small.jpg

Күні кеше, яғни, 5 мамырда Түркияның премьер-министрі, Әділет және даму партиясының жетекшісі Ахмет Дәуітоғлы Анқарада өткізген баспасөз конференциясында партияда өзіне деген сенімсіздікті байқағандықтан партия жетекшілігінен кететінін, сондай-ақ партияның жаңа басшысын сайлау үшін партия құрылтайының 22 мамырда шақырылатынын мәлімдеді. Бірақ, онда жетекшілікке өз кандидатурасын ұсынбайтынын да айтты. Дәуітоғлы партия жетекшілігі және басминистрлік қызметін 2014 жылы 28 тамызынан бері атқарып келген еді. Белгілі болғанындай, 2014 жылы 10 тамыз күні өткізілген халықтық сайлауда президент болып сайланған Режеп Тайип эрдоғаннан босаған билік басындағы партияның жетекшілігіне Ахмет Дәуітоғлы 2014 жылы 27 тамыз күні кезектен тыс өткен партия құрылтайында сайланған еді.

Дәуітоғлының екі жыл өтпей жатып партия жетекшілігінен кету туралы шешім қабылдауына ел басқарудағы емес партия ішіндегі қайшылықтар себеп болған көрінеді. Түркияның ата заңында президенттің ешбір саяси партияда байланысы болмауы көрсетілгендіктен эрдоған өзі негізін 2001 жылы қалаған партия жетекшілігінен өз еркімен кетсе де, әсер-ықпалы жалғасуда. Екінші жақтан Түркия парламенттік басқару формасындағы ел болғандықтан билік негізінен премьер-мининстірдің қолында. Бұл әрі елде, әрі партияда кейде екі бастылық көріністерінің туындауына себеп болып отырған еді.

Мұның осылай болатын бір себебі де эрдоғанның  2014 жылы халық сайлаған тұңғыш президент болуы. Оған дейін Түркияда президенттерді парламент сайлап келген еді. Сол жылы ата занда өзгеріс жасалып президентті халық сайлайтын болды. Міне бұл жағдай, елді басқару күші президентте ме, әлде басминистрде ме деген талас тартыстарға себеп болып келеді. Яғни, мәселе, негізінен екі саяси қайраткерден гөрі, жүйедегі қайшылықтардан туындауда.

Жалпы бұл Ататүрік уақытынан бері Түркияның ел басқару жүйесінде анда-санда қылаң беріп келе жатқан ұзақ жылдық мәселесі. Әсіресе басминистрге қарағанда билік құғығының күші әлсіз президенттік орынға харизматик және адуынды саясаткерлер сайланғанда елде екі бастылықтан туындаған келіспестік пайда болатын. Атап айтқанда, президент Ататүрік пен басминистр Исмет Иньоню, президент Тұрғыт Өзал мен басминистр Сүлеймен Демирел арасында осындай қайшылықтар болған. Осы қайшылықтарды әр президент өзінше шешкен. Мәселен Түркияның тұңғыш президенті Ататүрік басминистр Инөніні 1937 жылы қызметінен шегіндіріп орынына Желал Баярды тағайындады. Тұрғыт Өзал басминистр Демирелге сөзін өткізе алмағаннан кейін, президенттік қызметтен өз еркімен кетіп қайтадан парламенттік сайлауға қатысып басминистірлікке қол жеткізуге шешім қабылдаған. Сол шешім бойынша дайындық жасап жүргенде 1993 жылы сәуір айында дүние салды.

Енді президент Эрдоған болса, бұл проблеманы түбегейлі шешуді ойластыруда. Сол үшін ата заңға қажетті өзгерістерді жасап, елді парламенттік жүйеден президенттік жүйеге көшіруге күш жұмсауда. Бұл ойын 2014 жылы басминистрліктен президенттік қызметке ауысқалы бері айтып келе жатыр. Бұл туралы Дәуітоғлына кезінде тапсырма да берген көрінеді. Бірақ Дәуітоғлы бұл туралы ширақ қыймылдамағаны жөнінде сындарға ұшырады. Мұнда эрдоғанның билігін күшейтуіне қарсылық білдірген оппозициядағы партиялардың да рөлі болған. Оппозициялық партиялар 1982 жылы әскери төңкеріс кезінде жасалған ата заңдағы демократиялық қақ-құқықтарға қайшы кей тармақтарды өзгертуге келісім бергенімен елдің парламенттік жүйеден президенттік жүйеген өтуін қамтамасыз ететін өзгерістерге қолдау көрсетпеуде. Олар мұның, саяси амбициясы күшті эрдоғанды жеке дара билеп төстеушілікке апаратынын айтып қарсылық білдіруде.

Түркияда ата заңда әрқандай бір өзгеріс енгізу үшін 550 орындық мәжілісте кемінде 367 депутаттың қолдауы қажет. Егер одан кем, бірақ 330-дан көп депутат қолдау көрсететін болса, онда ол референдумда халықтың дауысына ұсынылады. Қазір биліктегі Әділет және даму партиясының мәжілістегі 317 орыны ата заңдық өзгеріс үшін жеткілікті болмай отыр.

Биыл 22 мамыр күні өтетін Әділет және даму партиясының құрылтайында Дәуітоғлының орнына партия жетекшілігіне кім сайланбақ деген сұраққа саяси сарапшылар басминистрлік қызметін тапсырып алғаннан кейін президенттік жүйені іске асыруды жеделдетуге күш жұмсауға ынталы саясаткер деп жауап қайтаруда. Сонымен Дәуітоғлының орнына кім сайланса да, ол тез арада президенттік жүйе туралы жаңа негізгі заң жобасын дайындап парламентке ұсынбақ және өзге партиялардың біраз депутаттарының жасырын дауыс кезінде қолдауын алып, тым болмағанда, референдұм процесін бастататын 330 дауысқа қол жеткізуге күш жұмсамақ. Бұған қол жеткізе алмаса, онда биліктегі партияның, саяси жағдай ынғайлы болса, күздің соңына таман парламентті тарқатып мезгілінен бұрын сайлаулар өткізіп партияның парламенттегі орнын 317-ден ата заңда өзгеріс жасай алатын денгейге көтеру мүмкіншіліктерін де ойластыратыны айтылуда.

Дәуітоғлы 5 мамыр күні кезектен тыс құрылтай өткізу шешімін жария еткен сөзінде: “20 айлық партия жетекшілігім кезінде, жеңіліске ұшыраған оппозициялық партиялардың басшылары орнын сақтап отырғанда, сіз неге алдағы құрылтайда кандидатураңызды ұсынбайсыз деп сұрауларыңыз орынды. 2015 жылғы 1 қарашадағы сайлауларда дауыстардың 49,5 пайызын алдық. Қазіргі анкеталарда халықтың қолдауының 52 пайыздан көп екені байқалады. Менің бұл шешіміме әрқандай бір сәтсіздік немесе өкінішті нәрсе себеп болып отырған жоқ” дей келіп өзіне партиядағы әріптестерінен сенімсіздік байқағанын, осы орайда президентпен де кездесіп сөйлескеннен кейін Әділет және даму партиясының ынтымақтастығы үшін жетекші ауысуының қажет екені туралы шешімге келгенін, сондай-ақ алдағы құрылтайда кандидатурасын ұсынбайтынын да айтты.

Ол сөзінің соңында президент Режеп Тайип Эрдоғанмен достық және бауырластық байланыстарын ақтық демі таусылғанша жалғасатыратының айта келіп ешкімнің президентке қарсы өзінен бір ауыз сөз естімейтінін, оның абыройын өзінің абыройындай сақтайтынын атап өтті.

Дәуітоғлы 22 мамырдағы партия құрылтайына дейін басминистрлік қызметін жалғастырмақ.

Әбдіуақап Қара

Мимар Синан Көркем Өнер Университетінің

профессоры, тарих ғылымының докторы

 «Қамшы» сілтейді

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар