БТА банкі төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетовтен тәркіленген құны 11 млн. фунт стерлингтен асатын жылжымайтын мүлік Лондонда аукционға қойылды деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Құны 4,5 млн фунт стерлинг болатын Winchmore Hill жекежайы бар жылжымайтын мүліктің сатылатыны туралы хабар Британияның премьері Дэвид Камерон жемқорлыққа қарсы саммитті ашып, осы аптада оффшорлық компаниялардың арқасында жасырынатын жылжымайтын мүлікті сатып алушылармен күресетінін айтқан соң БАҚ-та пайда болды.
Бір кездері британиялық әнші Роб Стюарттың иелігінде болған зәулім үйде бақшасы, жабық бассейні және сауна бар.
Британиялық Evening Standard агенттігі хабарлағандай, Жарымбетов зәулім үйді Британиялық Виргин аралдарында тіркелген Smaland Property Holdings компаниясы арқылы 2009 жылы 5,6 млн фунт стерлингке сатып алған.
Құны 4 млн фунт стерлингті құрайтын Longwood дербес үйі аукционға қойылды. Құны 2,2 млн фунт стерлингті құрайтын Бишопс авенюде орналасқан үш бөлмелі пәтер сатылуға дайындалып жатыр.
Басылым атап өткендей, ҚР Жоғарғы соты Жақсылық Жарымбетов қазақстандық миллиардер Мұхтар Әбләзовке БТА банкінің қаражатын заңсыз жымқыруға көмектесті деп қаулы еткен. Екі бизнесмен де Лондонға қашқан.