ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ БІРТУАР ПЕРЗЕНТІ

/uploads/thumbnail/20170709012057110_small.jpg

Олжас Сүлейменов 80 жаста

Олжас Сүлейменовтың арғы атасы есімі «Орта жүзге ұран болған Ер Олжабай» азаттық үшін шайқастарда, бергі атасы «Үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұса» атамекен, туған жер үшін күрестерде талай шырғалаңды бастан өткерсе,  өмірін әскери қызметке, ел қорғау ісіне арнаған әкесі Омар жаппай жазалау кезеңінің құрбанына айналды. Олжас ата-бабасының кіндік қаны тамған атажұрты Баянауылдан жырақта, Алатау бөктеріндегі Алматы шаһарында қазақтың небір жақсылары мен жайсаңдарының тағдырына «Үштіктің» үкімі оқыла бастаған 1936 жылы дүниеге келді. Бір жасқа жетпей әкеден айрылса да,  бұйығы тірлік кешкен жоқ, тамырында лүпілдеп тұрған текті тұлғалардың қаны оны соқтықпалы соқпақсыз жерге бастап, сынға салды!

Классик ақындар, алдымен,  асқақ дарынын әлемге паш етіп, өркениетті елдердің зиялы қауымына өздерін мойындататады, Олжас та сөйтті. 1961 жылы  қазақ жері: Байқоңырдан алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғаламшардың тартылыс күшін кейін серпіп жұлдызды аспанға самғаған 12 сәуір күні ақын Олжастың бір демде жазған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы қоғамдық сананы   дүр сілкіндірді! Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматының тұрғындары жалпы әдебиет тарихында бұрын-соңды мүлде ұшыраспаған тосын жайт: поэма басылған парақшалар ұшақтан қала үстіне тасталғанында  аспаннан өлең жауғандай  асқан таңырқаулы әсерге бөленді!   

Одан соң Ұлы Даланың жыраулары жұртындағы орыстілді қазақ ақыны «Арғымағымен» Ресей қалаларының қақпасынан: «Уа, аруақ!» деп, ұрандата шауып кірді!.. Сол  шақта орыс зиялылары байырғы жаугершілік заманындағы Қазтуған мен Махамбеттің айбынды рухтары атойлап тұрған өлеңдерге   таң-тамаша қалып, ақынды еріксіз  тыңдады. Сосын, француздар, одан соң өзге халықтардың шығармашыл күштері Олжастың Дала поэзиясынан тамыр тартқан өлеңдерін өз тілдерінде оқығанда бұрқыраған жусан исін жұтынды және ол иістің  Шығыс шайырлары жырлаған ирани бақтардағы раушан гүлдердің жұпарынан мүлде бөлек иіс екенін сезінді. 

Олжас ұлтжанды ойлы азамат ретінде заманалар қойнауына үңіле зер салып, туған елінің тарихи жадында    көмескі тартқан бабалар бейнесін көрді,  үнін де естіді. Баба тарихтан жеткен дауыс жүрегін  жұлқылап, намысын оятты.  Қызметтен  қолы босаған күндері  тарих оқулықтарына енгізілмей, қасақана тасада қалдырылған ақиқаттарды іздеп, мұрағаттарды ақтарды, кітаптарды парақтады. «Мәскеуге барған бетте Ленин кітапханасынан 1926 жылғы санақтың қорытындылары жарияланған жинақты тауып оқығанмын. «Казахи – самая крупная национальность Советского Союза – 6 млн. 200 тысяч человек» деген тұсын көшіріп те алғанмын. Ал 1939 жылы сол 6 миллионнан астам қазақтан 2 миллион ғана қалған... Мұндай қорлыққа тек қой мінезді халық қана шыдай алады. Ал біз жылқы мінез халық емес пе едік?!» – деп жазды.

Бір топ жазушымен бірге 1967 жылы Павлодар облысына келіп, өндіріс орындарын аралады. Обком мен Ермак (қазір Ақсу) қалалық партия комитетінің жауапты қызметкерлері  жазушыларды тарихи-идеологиялық мән-маңызы жоғары ескерткіш есебіндегі атаман Ермак мүсінінің жанына апарып, «Сібірді игеруші» казак жасақтары жайында мадақ сөз  айта бастағанда  отыздан енді асқан қызу қанды ақын жерге бір түкіріп, теріс айналып кетті!.. Көп ұзамай «Выступление у памятника Ермаку» өлеңі дүниеге келді. Бұдан соң 1985 жылы атажұрты Баянауылға, бабасы Жаяу Мұсаның 150 жылдық мерейтойына құрметті қонақ ретінде келді. Мәдениет үйінің сахнасына көтерілгенінде тойшыл қауым тік тұрып ду қол шапалақтап құрмет көрсетті! Ғимаратқа сыймай сыртта қалып «Олжас!», «Олжас!» деп айқайлаған  жастардың даусы Ақбет тауға қарай өрлеп бара жатты! 

Ұзақ жылдар бойғы ізденістің нәтижесінде Ұлы Даланың мәдениеті, тұрмыс-салты, әскери әлеуеті,  орыс кінәздіктерімен һәм өзге елдермен сан қырлы қарым-қатынасына арналған «Аз и Я» кітабының жарық көруі кеңестік қоғамға тән емес айрықша құбылыс болды! Орыс тарихын  ақындық көзбен әділ байыптауы империялық идеологияға негізделген ресми тұжырымдарға кереғар келді. Сондықтан, Сүлейменовты саясат сахнасында оңдырмай сүріндіруді көздеген сұр кардинал Суслов ұйымдастырған  кеңестік ғылыми ортадағы пікірсайыста Олжас өзінің сұңғыла білімінің арқасында қаптаған қарсыластарынан мерейі үстем түсті! Сөйтіп, өз беделін мен атақ-даңқын   қорғап қана қоймай, елінің абыройын аспандатып Алатау бөктеріне оралды! Бұл жеңіс 300 жылдық бодандық зардабынан  еңсесі езілген қазақ елі мен түркі халықтарының ұлттық санасында мақтаныш сезімін тудырған  түркі әлеміндегі алғашқы Жеңіс еді...

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасында  төрағалық еткен кезінде (1983-1991)                 О.О. Сүлейменовтың әрбір іс-әрекеті әдеби қауымның ғана емес, қараша халықтың да назарында тұрды.  Компартия мен қауіпсіздік органдары басшылығы болса  оны жіті  бақылауда ұстады. Сондай жағдайға қарамастан,  1986 жылы Қазақстан Компартиясы ОК V пленумында Д.А. Қонаев   қызметінен босатылып, өз кадрлары оның өзінен күрт теріс айналған қиын кезде  тек бір адам – О.О. Сүлейменов қана бірінші басшыға деген құрметі мен азаматтық ұстанымынан танған жоқ!  Сол сындарлы сағаттарда алаңға беттеген желтоқсаншы жастардың бір тобы:  «Олжас!», «Олжас!» деп айқайлап, ондаған мың адамға жалаугер болар жаужүрек  тұлғаны іздеді!  Бірақ,  «албырт мінезді жастарды алдап-арбап V пленумының шешіміне қарсы шығуға үгіттеген Сүлейменов» деп күдіктенген  арнаулы қызмет адамдары оның жүріс-тұрысын шектеп тастаған болатын. 

Кезінде бозбала Абай Ахмет Риза медресесінде білім алған, көпшілік кітапханасынан орыс  демократтарының шығармаларымен сусындаған, кейін Алаш қайраткерлері астана қылған Семей шаһарында,  амал не,  желтоқсаншы студент Қайрат Рысқұлбековтың  ақтық демі үзілді! Кеңестік демократия мен жариялыққа үміт артқан  өрімдей жастың түрмедегі  қазасына   қабырғасы қайысып, оның  бейкүнә құрбан  екенін дер кезінде жария еткен тұлғалардың бірі Олжас еді. Бұдан соң қуғын-сүргінге ұшыраған бірнеше  желтоқсаншының ақталуына ықпал етті, енді біреулеріне өз қаржысына пәтер сатып әперді!

Егемендіктің алғашқы экономикалық қиын кезеңінде айлар бойы  зейнетақылары берілмей   тарығып жүрген егде аналар Олжасты үйінің алдынан тосып алып, нан мен сүтке деп  ақша сұрағанында қалтасында барын солардың қолына ұстата салды.   Әмиянында  көк тиын қалмаған күні өзінен көмек өтінгендерге «сатып пұл қылыңдар» деп,  үстіндегі былғары плащын шешіп беріп кетті. Бұл туралы біреулер білетін шығар, бірақ көпшілік білмейді. 

Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жөнінде мәселе көтеріп, ұсыныс жасаған да осы Олжас Сүлейменов еді!   Абайдың кіндік қаны тамып, мәйіті мәңгілік тыншу тапқан өңір туралы жазған екі шумақ өлеңінде:

«Қайғы-шерден басталмаған жоқ сәрі,

Қуарған шөп, тамбай көктің кәусәрі.

Зәр секілді, у секілді кәдімгі

Гүл атаулы сап-сары...

Шыңғыстауда жатыр мазар сазарып» –

деген жолдарда у секілді сап-сары гүлдердің көрінісі арқылы Олжастың атом сынақтарының зардабын суреттегенін цензураның жіті көзі байқамады, тек зерек ойлы оқырмандар аңғарды. Немесе «Жапан дала жабайы» өлеңінде қазақ жерінің Тарас Шевченко мен Федор Достаевскийге, шешендер мен ингуштарға  каторга болғаны үшін кешірім сұрап, «Біздер сонда, Каторгада туғанбыз»  деп жырлаған ақынның Қазақстанға қарата айтқан:

«Бәрін де сен сынап көрдің,

Ал енді

Сынауларға тиым салу жасасын!» – деген

жолдардың астарлы мағынасынан ақынның идеясын түсініп, үрейленгендер болды. Өйткені,  кеңестік заманда, коммунистік қоғамда осындай қатпар сырлы, иірімді ойлы өлең жазбақ түгіл, «Ұлы ақын дүниеге келген қасиетті өңірдегі ядролық сынауларға тыйым салу керек» деген ойдың ұшығын санаға ұялатудың өзі үрейлі еді! (Өлеңдерді аударған Қадыр Мырза Әлі).

Міне, сөйткен Олжас Сүлейменов  КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат кезінде, 1989 жылдың 25 ақпанында  Қазақстан Орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтатуды талап еткен Ашық мәлімде жасады! Мұндай оқыс іс-әрекетке байланысты не істерін білмеген жұртшылықтың алғашқыда абдырап қалғаны рас. Әйтсе де, көп кешікпей халықтық қозғалыс күш алып, атомсыз бейбіт өмір үшін күрес басталды! Ол өзі жетекшілік еткен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының қорына өз қаржысынан 10 мың АҚШ долларын (!) аударды. Ақыры,  әділдік салтанат құрды: 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды, сөйтіп   айналасына ажал сәулесін таратқан атом ордасы жабылды!

Тәуелсіздік кезеңінің алғашқы жылдарында шығармашылықпен және қоғамдық істермен айналысқан Олжас Сүлейменов 1995 жылы аса жауапты мемлекеттік қызметке бекітіліп, Қазақстан Республикасының Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде алыс сапарға аттанды. Ел-жұрты ақынға ақ жол тілеп Алматыдан Римге шығарып салды.  Жаугершілік заманында Олжабай батыр қорғаған, бодандық кезеңінде Жаяу Мұса әнмен әлдилеген Ертістің Баянауыл өңірінің   ақындары да үнсіз қалмады, Олжасқа өлеңмен хат жолдады.  

Әрине, «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатқан» біртуар перзенттің тұлғалық болмыс-бітімін жан-жақты ашатын толыққанды туынды  әлі дүниеге келген жоқ.  Уақыт  үлкен жауапкершілікпен кірісуді тілейтін толағай  істі  болашақ ұрпақтың еншісіне  қалдырады...

 

Олжасқа хат

 

Сөйле, Олжас!

Сөз күтер Құдай сенен!!!

Тұнжырайсың үн-түнсіз,

Мұңайса Әлем.

Ұлы Дала атынан Ұлы Үрімге

Үш қайтара айт енді дұғай сәлем!

 

Елің аман тас-түйін қамалдайын!

Ата жұртың атомсыз аралдайын…

Сөйле енді,

Қазақтың ұлы Елшісі,

Қаз дауысты Қазыбек бабамдайын!

 

Алатаудың алмалы алаптары

Бүр жарды әне сен жаққа қарап тағы.

Ушыққан жоқ жарасы Дегелеңнің

Ұшықтаған бозторғай қанаттары…

 

«Арғымақтар» таппайды тыныс-тыным,

Серпілгенің Сенің де дұрыс бүгін!

Ұлы Дала – Ұлы Русь ұқты, міне,

«Мың бір сөзден» мыңжылдық туыстығын!

 

Мың екінші сөзіңді бастап енді,

Бір бастықтыр кеудесі асқақ елді!

Жер Ана да, Адам да жалқы екенін

Бұл Адамзат түсінер Жасқа келді!

 

 * * *

 

Тырна үнімен тұрса да жырлап Далам,

Өзге өлкенің мінезі жұмбақ маған…

Дір етті ғой Ғаламшар

Кей сәттері

Тәңір көкте, Сен жерде тіл қатпаған!..

 

Жұлдызды ойлар жатқанда жамырап-ау,

Бейқам тұрған Сен мынау,

Тәңір анау…

Перзенттері қадырын ұққан күні

Жер Ана да Адамға табынар-ау!..

 

Кешір, Аға!

Ділмарсып барамын ба?..

Он ғасырдың зілі тұр қабағыңда!

Атылған нұр жарылған жұлдыздардан

Жарқ етті де сөнді ғой жанарыңда!

 

Іздегендей болдым-ау өзіңнен мін.

Жерді айнала желгенде боз інген Күн,

Ғарыштағы бозғылтым тұмандықтай

Жаудырайды жап-жарық көзіңнен мұң.

 

Асқақтатпас Даланы күншіл жұртқа

Аласармас Тау болып

Тұрсың сыртта!..

Бірақ  Елші болу да оңай емес,

Пайғамбарсыз өткен бұл мыңжылдықта…

 

 * * *

 

Сөйле, Олжас!

Саңқылдап, сайрап бүгін,

Қайта естілсін Ғарыштан айбатты үнің!

Қайта оянсын Тарихты дүбірлеткен

Қыл шашағы желкілдеп байрақты Ғұн!

 

Ескі жұртқа Еділді ұмытпаған

Еміренсе маңдайын бұрып Далам,

Қырық қақпасы Үрімнің сыңғыр қақты,

Мың жарым жыл үнсіздік құлыптаған…

 

Суға салып Ақынын, өртке салып

Сынаса Ел, еңбегі еш кетпесі анық!

Сен күрсінсең ұлиды-ау ұлы түнде,

Көк Бөрі Ана емшегін көкке сауып!

 

Жер астынан естілсе дүбір тағы…

Тырна даусын құс жолы шұбыртады!

Көк Байрағы желкілдеп Отанына!..

Оралар, – деп ойлап ем, – Ғұн ұрпағы.

 

Боз Даланың исінен талай дана

Елтігенде…

Шыдайсың қалай ғана?!

Боз жусанның бір талын алып ертең,

Мен соңыңнан барайын жарай ма, Аға!

 

Көлеңкеңе іңкар боп қаншама бақ,

Ізіңді де бұл шақта аңсар алап.

Перзенті едің әйтсе де Ғаламшардың,

Қайда жүрсең болғайсың сау-саламат!

 

 -ІІ-

 

Саған арнап төгілтіп толғау Дала,

Үшбұрыш хат тырнадан жолдауда, Аға.

Сенің ісің – Адамды табыстыру,

Менің ісім – өлеңді қорғау ғана…

 

Өзім жұртта, ой-санам жүр қаңғырып,

Шөже торғай төрде отыр, сұңқар тұрып…

Менің ұлтан болғаным аздай,

Бұл ел

Жырымды да қоймақшы ұлтан қылып!

 

Арым көнбей жат жұртқа жаутаңдауға,

Асау жырды бұл інің арқандауда!

Жанарында зердемнің бұлдыраған

Іңкармын мен Бұланай, Балқан тауға!..

 

Шақта бірақ шайқалған теңіз кеуде,

Шағала үміт шалғайдан көз үзбеуде!

Ер Тарғынның ізімен ертең інің,

(Ерлік емес),

Кетеді-ау Ел іздеуге!..

 

Шарасыздан жат жұртқа басты бұрсақ,

Бұрқылдайды-ау жанардан ащы бұршақ!..

Мен Қырымға қаратсам маңдайымды,

Ту желкемнен тіл қатпас Дәшті Қыпшақ!

Ту сыртымнан күрсінбес Ұлы Дала!

Мен көзімді иілткен Қырымда ана

Маңдайыма тигізер ыстық ернін

Кім бар дейсің?!

Түсінем мұны да, Аға!

Сондай бір ер шықса егер,

Ой, дүние-ай!..

Мұздап тұрған жон арқам жылына ма?!

Сыздап тұрған жүрегім,

Ит көйлекті

Киген жерден сонда да суына ма?!!!

Шыққыр көзді соңыма бір қаратсам,

Жұрт көңілі маған да бұрыла ма?!

Кеше әкең Омардың кіндік қаны

Тамған Баян жайымды ұғына ма?!

Соны ойлаған Ертістің жағасында

Мендей іні өзіңе туыла ма?!

Осы сөзді айтқанша, Ағатай-ау,

Бұрсам етті маңдайды құбылаға!!!

 

Қайда барам бұл жерде тусам жылап?!

Көңілді жүр… дегені кіл сандырақ.

Тостағанын тауысқан қолындағы

Тас балбалға тұрмын ғой ұқсаңқырап…

Ол да бәлкім бұл Елге керек шығар,

Қой көзінде қоздаған мың шамшырақ!

Менде арман болар ма,

Ел-жұртымның

Қалауымен маңдайды бұрсам жырақ.

Айһай, шіркін!..

Жат жерде Сен тәрізді

Көк Байрақтың түбінде тұрсам бірақ!!!

 Арман ҚАНИ,

Қазақстан Жазушылар одағы

Павлодар облыстық филиалының директоры,

«Невада-Семей» қозғалысының ардагері.

Қатысты Мақалалар