Кеше Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қазақстан» ауылына жол түскен. Сонда Шаймұрат ақсақалдың баласы Алмаспен сөйлесіп отырғанымызда ауылдың жоғарғы тау жағы түгел қоршалып алынғанын айтты: «Жайлауға шығатын төте жол жабылды. Жайлауға бару үшін енді Тескенсудің үсті арқылы оншақты шақырым айналып жету керек. Жақындағандарды күзетшілері кіргізбей «Атамыз!» деп қорқытады. Мәсімовтың әкесі дей ме біреу тау етегін меншіктеп алыпты. Содан бұл жақтың халқы өте ашынып отыр».
Бұл дерекке менің еш күмәнім жоқ. Шынымен де Алатаудың бүкіл баурайын, Қазақстанның небір шұрайлы жерлерін дөкейлер он мың гектарлап бөліп алған. Ата-бабаларымыз Қазақ жерін бүгінгі латифундистер көкпарға салсын деп қорғап қалған жоқ. Билік әділ болса – халықтың иесі, ал халық қашан да – жердің иесі.
Сондықтан Б.Сағынтаевтың төрағалығымен елдегі жер реформасына қатысты заңнамалық актілерді қарап, даулы мәселенің түйінін шешуге тиіс комиссияның алдағы отырыстарында Жер кодексіне қатысты жерді сату мен жалға беруді тоқтатып қана қоймай, бұған дейін латифундистерге (жермен тікелей өздері айналыспайтындарға, олигархтарға, билік кастасына) беріліп кеткен Қазақ жері түгелдей мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс! Мұндай жерлер коррупциялық схемалармен меншіктелгеніне халықтың еш күмәні жоқ. Жер проблемасы ары қарай аса маңызды мәселе ретінде Конституцияға сәйкес референдум жолымен шешілгені дұрыс.
Оған дейін Жер дауын басу үшін осындай «нулевой вариант» екі жаққа да тиімді. Өйткені, мұндай қадам аса ықтимал болып тұрған әлеуметтік сілкіністің алдын алады, халықтың кернеген ашу-ызасын төмендетеді. Билік латифундистердің мүддесін емес осылай халықтың мүддесін қорғаса ғана азды-көпті абыройын сақтап қалады.
Марат Тоқашбаевтың «Фейсбуктегі» парақшасынан алынды