Әлем тарихшылары Шыңғыс қағанның қазақ екенін біле ме деген сұраққа да біледі, деп жауап беремін. Білмейтіндер және білгісі келмейтіндер тек қана Қазақстанның орыс тілді үкіметіне тәуелді ресми тарих ғылымы ғана. Олардың Қазақтың ежелгі тарихын жоғарғы оқу орындарында оқытудан бас тартып жүргендері де осыдан болса керек.
- Белгілі ғалым Владимир Белинский бүкіл саналы ғұмырын Алтын Орда тарихын зерттеуге арнап, мынадай тұжырым жасаған. «Әлемді жаулаған әйгілі қолбасшы Шыңғыс хан моңғол болмаған, шын мәнінде, Шыңғысхан – қазақ». Ол өзінің бұл тұжырымын «Страна Моксель», «Москва Ордынская» атты тарихи кітаптарында келтірген.
Оның айтуынша, Кеңестік тарихшылар қаншама бұрмалағанмен, Шыңғыс ханның қазақ екендігін дәлелдейтін фактілер жеткілікті. Шыңғыс ханның ұрпақтары, Алтын Орданың хандарының барлығы Моңғолстанда емес, қазақ жерінде отырғанының өзі-ақ осыны білдіреді, дей отыра Ұлы қолбасшының қазақ болғандығын көптеген нақты фактілермен дәлелдейді.
«Моңғол империясының негізін қалаған наймандар, керейлер, қияттар мен меркіттер моңғол емес, түркі
тайпаларына жатады. Олардың ұрпақтары қазіргі Қытай жерінде өмір сүріп жатыр, тілдері қазақша. Темуджиннің әкесі (қазақша Теміршін болып айтылады) Есүгей қияттардың ханы болған. Шешесі Оян меркіт руынан. Шыңғыс ханның әйелі - Бөрте қазақтың қоңырат руынан шыққан. Оның барлық ұлдары түркі есімдерімен аталды. Моңғолдарда ол кезде де, қазірде де ондай есімдер болған жоқ. «Хан» деген сөздің өзі моңғол емес, түркілердікі. Моңғолдар өздерінің басшыларын «қонтайшы» деп атаған. Шыңғыс ханды әдеттегі қазақтың құрылтайында хан көтерген. Ал моңғолдарда мұндай сөз жоқ. Тәңірге табынатын тек қазақтар ғана. Қайтыс болғандарды аз адам білетін, құпия жерге апарып жерлеген.
Шыңғысхан Шығысқа жорыққа шыққанда түрік тайпалары оны бірден мойындады. Сондықтан ол Қазақстан
жеріндегі көшпенділермен соғысқан жоқ.
Наймандар және қазақтың басқа рулары Шыңғысхан империясына оның дүниеге келер тұсында қосылды. Оның Шығысқа жорығы Хорезм билігіндегі елдермен ғана болды.
«Жақын арада Шыңғыс ханның қазақтан шыққаны ресми түрде мойындалады» деп мәлімдейді тарихшы
Владимир Белинский.
Түсініктеме: Қайтыс болғандарын жерлейтін, аз адам білетін құпия жер деп, қазақтардың рулық қауымын айтып
отыр. Ондай қауымдарды, шындығында да сол рудан өзгелер біле бермейді.
Авар (Ресей) тарихшысы Мұрат Аджи: «Адайдың аса үлкен Мұңал деген бөлімі бар. Әртүрлі жазбаларда, соның ішінде Рашид-ад-Динде, моңғолдарды мұғал-мұңал деп жазған.
Жауынгер дай – дах – адайлар жөнінде ежелгі жазбалар өте көп. Европалық Дақтар Римге қарсы тұрған аса ұлы держава болды, ал олардың Азиялық бөлігінде тұратын Дайлары б.ж.с. дейінгі дәуірдің 111 ғасырында аса қуатты Парфияны құрды, оларды Римнің ұлы қолбасшысы Помпейдің өзі сол дайларды "Патшалардың патшасы " деп мойындап теңдессіз баға берді. Мен осы жауынгер ұлы халық Адайлардың Х11 ғасырда Шыңғыс қағанды дүниеге әкелгеніне ешқандай күмән келтірмеймін.
Адай руы. Бұл «Мұңалдың құпия шежіресінде» Байұлылар құрамындағы Шыңғысханның немере ағасы Оңғырдың елі. Менің дерегімде Х111 ғасырдағы Баяуыттың ұрпақтары Байұлы құрамындағы Адайлар болып табылады».
«Моңғолдар тайпасы Борджигин (Бөрі жігі М.Қ.) мен Тайджиут (Адай жұрт М.Қ.) руларынан тұрды. ...Тұтқындардың арасында Джиргоадай (Жорға Адай М.Қ.) атты жас адам болды, ол тайджиуттардың Иисут руынан еді. Оны Шыңғысханның алдына алып келгенде, ол жаулап алушының астындағы атты өлтіргендігін мойындады. Шыңғысханға жас жігіт ұнап қалды, оны кешірді және өзіне қызметке алды. Жаңа қызметшісін болған оқиғаның құрметіне Джебе (садақ оғы) деп атады. Джебенің маңдайына Моңғол Империясының жоғары қолбасшыларының бірі болу жазылды. («Шыңғысхан әлемді жаулаушы» Лео де Хартог).
Түсініктеме: Жебе Адайдың рулық таңбасы болып табылады.
Орыстың белгілі ғалымы Л.Л.Викторова: «Сол кездің моңғолдары үшін ата-бабаларының өнегесі ұрпағының жадында жатталып қалуына ұмтылу, дәстүрге және туыстық қатынасқа ерекше құрметпен қарау тән болған. Өздерінің шыққан ата-тегін жаңылыссыз жатқа білетін білгір шежірешілер өз білімдерін балаларына ұқыптылықпен беріп отырған. Сол себепті де шежіре кітаптары бірінші дереккөздік мәнге ие».
Түсініктеме: Бұл орыс ғалымының қазақ рулық шежіресіне берген бағасы. Бұл шынында да солай болатын.
Адай шежіресі, көптеген қарапайым қазақ руларының шежіресі емес, ол бүкіл әлемнің және сонымен қатар бүкіл
қазақтың шежіресі болып табылады.
«Жылнамалар жинағының» авторы «моңғолдың шыққан тегі - түрік» деп айқын көрсеткен.
Түсініктеме: Еңбектің авторы Рашид ад-Дин Фаздуллах ибн Абул-Хаир Али Хамадани – Моңғол империясының дәуірлеп тұрған кезінің көз көрген куәгері, Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы Ғазан хан мен Олжайту ханның уәзірі болған адам. Осы арада басын ашып айта кетер бір мәселе – бұл еңбектің авторлығы бір адамға телінгенімен, шын мәнінде, «Жылнамалар жинағы» (1300-1310 ж.ж.) – ұжымдық еңбектің жемісі. Заманында білікті билеушілердің бірі болған Ғазан хан ғұлама уәзірі Рашид ад-Динге арнайы тапсырма беріп, қасына мұңғұл халықтарының тарихын мейлінше терең білетін, даланың теңдессіз шежірешісі Болат бастаған алты моңғол шежірешісі мен сол кездің ең мықты деп есептелінетін бірнеше білікті тарихшысын (Абдуллах Қашани, Ахмед Бухари және т.б.) қосып, осы еңбекті жазғызған. Сондықтан да бұл еңбекті өз заманының білімді де білікті мамандары бірігіп шығарған энциклопедиялық жинақ деу артық айтқандық болмайды.
Міне, осы энциклопедиялық еңбекте моңғол халықтарының шығу тегіне
қатысты: «Барлық моңғолдар, түрік тайпалары және барлық дала тұрғындары Абулджа ханның тұқымынан тарайды», - деп, ақ қағазға қара сиямен ап-анық етіп жазылған. Автордың мұндағы «Абулджа-хан» деп отырғаны бүкіл түрік халықтарының түп атасы деп есептелінетін Нұх пайғамбардың баласы Йафет (Йафес).
Арнайы тапсырмамен моңғолдар тарихын жазуға арналған шығарманың
бірінші томының бірінші кітабының моңғол халықтарының пайда болуы мен олардың түрлі тайпаларға бөлінуіне арналмай, «Түрік халықтарының пайда болуы және олардың түрлі тайпаларға бөлінуінің жағдайы туралы» деп аталып, тек түрік халықтарына арналуы – сол түп бастаудың бірлігін, яғни мұңғұлдардың шыққан тегінің түрік және оның тарихи шындық екенін мойындаудан жасалып отырған іс екенін пайымдау онша қиындық туғызбайды. Егер сол кезде мұндай мойындау болмаса, Бірінші кітап түрік халықтарына арналмас еді...
Орыс генералы Иванин, монғолдарды – жартылай жабайы бақташылар деп бағалады. Оның пікірінше бақташы монғолдар, 1211-1216 жылдар аралығында Цзинь имепериясын жаулап алғаннан кейін олардан соғысу тактикасы мен стратегиясын үйреніп, бұл ғылымды жетік меңгергені сонша жарты әлемді бағындырып, өздерінің ұстаздарынан да асып түскен. (О военном искустве при Чингисхане и Тамерлане. Алматы. Санат. 1998. 28 бет). Осындай пікір білдіргенде Иванин, 100 мың ғана әскері бар, әскери ғылымды меңгермеген монғолдардың өздерінен 3 есе көп, соғыс өнерін жете меңгерген қытайларды қалайша жеңуі мүмкін екендігін ой елегінен өткізуге санасы, яғни ақылы мен білімі жетпеген. Логика бойынша соғысудың тактикасы мен стратегиясын білмейтін бақташы монғолдар, өздерінен 3 есе көп, әскери ғылымы мен техникасы дамыған, соғыс өнерін жете меңгерген қытай әскерін жеңуі, мүмкін емес. Олай болса, Иваниннің монғолдарды – жартылай жабайы бақташылар ретінде бағалайтыны және олар, соғысуды қытайлардан үйренген дейтін пікірі түп – тамырымен қате.
Себебі европалықтар, Шыңғысхан басқарған монғолдардың Орта Азиядағы Хорезм мемлекетіне жасаған шабуылын, жабайы көшпелі тайпалардың өркениетті елге жасаған шапқыншылығы, деп қабылдады. Олар, монғолдарды дамымай артта қалған жабайылар, деп түсініп, олардың Қайырхан мен хорезмшах Мұхаммедті жазалау үшін Хорезм еліне жасаған жорығын, жабайы жыртқыш аңның адамға тарпа бас салатын шабуылына теңеді. Хорезм әскерінің Шыңғысхан әскерінен жеңілуін, хорезмшах Мұхаммедтің соғыс тактикасында жіберген қателігінен болған кездейсоқ жеңіліс, деп бағалады. Ал, Шыңғысханды – әлемді жаулап алуды мақсат тұтқан баққұмар, қанышер, жауыз, өзімшіл озбыр билеуші бейнесінде берді. Европа, араб және орыс тарихнамаларында білдірілген осындай пікірлер мен тұжырымдардың, теңеулер мен бағалаулардың Шыңғысхан мен монғолдар туралы шындыққа қаншалықты жанасатындығын тарихи-этнологиялық, археологиялық фактілер мен адамзат қоғамы өрістей дамуының тарихы негізінде қарастырып көрейік.
Шыңғысхан басқаруындағы монғолдар, 1211 жылы Цзинь империясының Уша қаласына шабуыл жасап, төрт жылдың ішінде Қытайдың солтүстігін, Орта Қытай жазығындағы астанасы Пекинді, 1215 жылы басып алған кезде монғол әскерінің саны 100 мың ғана, ал Қытай әскері, олардан 3 есе көп болған. Монғолдар, 1219 жылы Хорезм мемлекетіне қарсы соғыс ашқан кезде олардың әскерінің саны 150 мың, ал хорезмшах әскері, олардан 3 есеге жуық көп болған. Осыған қарамастан Шыңғысхан әскері, Цзинь империясының астанасын алып, толық болмаса да жартылай бағындырды, ал Хорезм мемлекетінің әскерін күйрете жеңіп, оны да толық бағындырды. Ресейдің XIX ғасырдағы әскери тарихшысы, генерал М.И.Иванин, монғолдардың соғыс жүргізу тактикасын арнайы зерттеп «О военном искустве при Чингисхане и Тамерлане» дейтін зерттеу жазған (Алматы. Санат. 1998). Егерде монғолдардың соғысу тактикасына арналып зерттеу жазылған болса, онда монғолдарда әскери ғылым жақсы дамыған. Егерде монғолдарда әскери ғылым жақсы дамыған болса, онда олар, дамымай арта қалған жабайы халық болмаған. Қандай да бір ғылыммен айналысып оны дамыту, адам интеллектісінің бір деңгейде тоқырап қалмай даму үстінде болғандығын дәлелдейтін физиологиялық факті». (С.А.Козин. Құпия шежіре. М-Л. 1941. §200,201).
«Белгілі тарихшы Г.Н.Вернадский 1913 жылы Санкт-Петербург
университетінде оқыған лекциясында Моңғол империясының 1331 жылғы картасында орыс жері де «Алаш» құрамына кіретіндігін, оның империяның Қиыр Солтүстік батыстағы ажырамас бөлігі екендігін атап айтады. Бұл дерек бізге «Алаш этнонимінің түп-төркініне бүгінгіден мүлдем басқа таным тұғырынан, мағына мұнарасынан қарауды талап етеді» (Т.Жұртбай. Түркістан газеті. №23 (653). 18.01.2007).
Алаш пен Қазақ синоним емес пе? Моңғолдың тегінің казақ екендігіне
бұдан артық қандай дәлел керек.
Орыс тарихшысы Александр Бушков «Шыңғыс хан және беймәлім Азия»
кітабында: Моңғолдардың жартысынан көбі қазіргі кезеңде киіз үйді мекен етеді, ал тұрғындардың білім деңгейі өте төмен дәрежеде. Яғни, Шыңғыс ханның тегі түркі болғандығына сүйенейік… Шыңғыс ханның моңғол болуы еш мүмкін емес. Осы жерде түркілер жайында мәселе қозғалып отыр. Өте ірі көлемде дүниені жаулап алу үшін тек қана үлкен орда ғана емес, сонымен бірге бес қаруы сай, дайындығы мол әскер керек. Моңғолдар ұлттық салт-дәстүр мен мемлекеттіліктен жұрдай болғандықтан, олар аз уақыт ішінде әскер құрып үлгере алмас еді, осылайша бізде Азияда ХІІІ ғасырда мемлекеттілікті құру, кәсіби әскерді жасақтау, басқарушылық жүйені ұйымдастырудың тәжірибесіне кім ие болған деген ең қарапайым мәселенің шешімін тапқандаймыз… Бұл сұрақтың жауабын іздеп жатудың қажеті шамалы. Сұрақтың жауабы анық. Олар, әрине, сан ғасырлық қағанат пен мемлекет кұру тәжірибесі бар түркі тайпалары екені сөзсіз. Демографиялық есеппен XXI ғасырды ХІІІ ғасырмен салыстыратын болсақ, онда сол кездегі моңғолдардың саны 50-60 мың адамды ғана құрайтын. Ал Шыңғыс ханның әскері 300 мың адамға дейін жететін. Моңғолдарға ақиқатты ажыратып алудың уақыты келгендей, сондықтан да олар өзге халықтың тарихына таласпаулары тиіс.
Одан әрі Александр Бушков былай деп жазады: “Моңғол жазуы ХVІІ
ғасырда қалыптасты. Сондықтан да қазіргі кезеңде Шыңғыс ханға жақын болып келетін ешқандай жылнама деректер жоқтың қасы”.
1950 жылдардағы Қытай қазақтары көтірілісшілерінің басшысы Оспан
батыр жайлы ағылшын жазушысы Гофедей Лияс «Оспан батыр егер бұдан 5-6 ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс, Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді» - деп жазыпты. («Намыс». №1 (60). қаңтар 2010 жыл).
Ағылшындар Шыңғыс ханның тегінің қазақ екенін білмесе, Г.Лияс бұлай
деп жазбаған болар еді.
ХІХ ғасырда жасаған орыс оқымыстысы Н.Аристов «...кейбірінің түп негізі
мың, мың жарым жылға кететін, ежелгі тарихтан танымал белгілі тайпа, рулардың күні бүгінге дейін сол атаумен сақталып келгеніне таң қаламын. Яғни, қазіргі белгілі ру, тайпалардың көпшілігі ежелгі этнонимдерді кейінгі заманға жеткізуші ғана емес, сол ескілікті жұрттардың нақпа-нақ өзі болмаса да, түрленген, түлеп, жаңғырған анық мұрагері. "Арғы тарихта таңбаланған аталы рулардың барлығы дерлік бүгінгі қазақ арасынан табылады”.
Түсініктеме: Бұл шынында да солай, бүкіл әлем елдерінің түп қазығы
қазақтың құрамында және оның рулық шежіресінде толықтай сақталып қалған.
1984 жылдың тамызында Британия галымы Нортон Джефферсон Шынғысхан жайында мақала жазып, Шыңғысханды қазақ деп жариялаған.
«Шындық қап түбінде жатпайды» деген халық мақал-мәтелдеріне сәйкес
Шыңғыс ханның әлем халықтары тарихындағы үлесі тиісті шындықта жазылуы тиіс. Шыңғыс ханға әділ баға беруші ғалымдардың бірі – доктор Эренжен Хара-Даван. Оның «Чингизхан как полководец и его наследие» (Культурно – исторический очерк Монгольской империи ХII-ХIII веков. – Белград, 1929) атты еңбегін атауға болады. Бұл туынды ертеректе жарық көрсе де, кітап авторының моңғол ұлтынан әрі оның Шыңғысхан өмірі мен ол құрған империяның ұзақ дәуірлегені туралы жазған шындығы Кеңес өкіметіне ұнамады. Сондықтан ол көпшілік оқырманның қолына тиген жоқ. Кеңес үкіметі ыдыраған соң, ол өз төл атауымен орыс тілінде, 1992 жылы Алматыда 100 000 данамен басылып шығарылды. Эренжен Хара-Даван Шыңғыс ханды данышпан қолбасшы, кемеңгер елбасы, көреген саясаткер деп сипаттай келе, оның білгірлігін, халықтардың әдет-ғұрыпын, мәдениетін сақтағанын, сонымен бірге өзі құрған империяның басқару жүйелерін, әскери құрылымы мен саяси қарым-қатынастарын қалай ұйымдастырғанын дәйекті деректермен береді. Шыңғысханға әділ әрі дұрыс баға берген ғалымдар Эренжен Хара-Даванмен ғана шектелмейді.
Олардың қатарында француз ғалымы Рене Груссе де бар. Оның «Империя степей: Аттила, Чингисхан, Тамерлан» деп аталатын еңбегі Ұлы даланың үш тарихи тұлғасына арналған. Еңбек Шыңғысхан империясының шынайы тарихын аша білген. Орталық Азия этностарын қайта біріктіруде Шыңғысхан ұшан-теңіз қажырлы еңбек етіп, әлемге өз империясын паш етті. Ол үш ғасырдай өмір сүрді. Бұл империяның басым этностары түріктер болғаны да баршаға мәлім. Олардың сол империяларды дүниеге әкелуде шешуші қызмет атқарғаны баршаға аян», - депжазады.
Биылғы 2015 жылдың 1 қаңтарында «Жаңалықтарда» Британ газеті Шыңғыс ханды ҚАЗАҚ деп жазып жатыр деген айдармен мақала жарияланған.
«Ағылшындардың “The Guardian” газеті “Постсоветтік әлем: Мұндағы 15 мемлекет туралы сізге ең алдымен нені білу керек” деп аталатын мақаласында Қазақстанға арнайы тоқталып өтіп, әлемге әйгілі тұлға Шыңғыс ханды ең танымал қазақ (император) деп жазыпты. Ал Боратты ойдан шығарылған кейіпкер деп атап өткен екен» … (http://www.theguardian.com/world/2014/jun/09/-sp-profiles-post-soviet-states).
- Шыңғысхан – Еуропа төрінде (19 сәуір 2012 жыл). Жуырда ресейлік Даши Намдаковтың жобасы бойынша қоладан құйылған аттылы Шыңғыс ханның бес метрлік мүсіні Лондон жұртына ұсынылды. Тас мүсін Гайд-парктың солтүстік-шығыс бөлігінен «қоныс тепті».
Шыңғыс қағанның ескерткіші буряттың суретшісі, ұста әрі зергері Лондондағы «Хэлсион» галереясында қойылған ретроспектив туындыларының құрметіне арналған. «Көшпенділер әлемі» атты көрме 5 мамыр мен 7 шілде аралығында жұртшылыққа кереге жаймақ.
Шыңғыс ханның қысыңқы көзі жерге қараған күйі, алақандарын төменнен тіреген ауаға жайған бейнесі көз тартады.
«Бұл жұмыс арқылы мен тарихи тұлғаны бейнелеуден гөрі, аспаннан түскен күйі адамдарға ҚАЙЫРЫМ МЕН ДАНАЛЫҚ сепкен тұлғаны көрсетуге тырыстым. Шыңғыс ханның тірі кезіндегі бейнесі қалған жоқ, оның үстіне деректі айғақтар бір біріне қайшы келеді, сондықтан мүсін-тұлғаны өз қиялымдағыдай етіп сомдадым».
Мұңал (Моңғол) қағанатын құрған қаһарлы қағанның қола мүсіні ішкі қуатын сыртқа тебуімен аса ерекше. Шыңғыс қаған әскери жарақпен атқа қонған күйі аспаннан түскендей әсер береді. «Мен бұл мүсінді сынықтан жинап-тергендеймін. Шамасы маған эпикалық кейіпкерді сомдау бостандық берген сықылды. Өзім сондай мақсат қойдым, сол себепті де мүсін сондай аспандық, әуелік сипатқа ие болды», – дейді автор. (http://www.minber.kz/2012/04).
Шыңғыс қаған атамыздың осындай мүсіні Қазақ даласында бой көтеруі керек еді. Дегенмен әлі де кеш емес.
- «Қазақтың ру, тайпаларының таңбалары, моңғол жылқыларының таңбалары, Моңғол Хандығының теңгелері, сондай-ақ, ұлттық ырымдары, мәдениет, салт-дәстүрлерін салыстыра қортындылап, Қазақ пен Моңғолдың арасында аса ерекше байланыс бар деген түйінге келген едім. Осы генетика зерттеуі деген нәрсе алғаш пайда болысымен, Қазақтарда Моңғолдардікі деп аталатын Гаплогрупп С3 неліктен сонша жоғары болады дегенді анықтау үшін Қазақстанның бір топ биологшылары, тарихшылары бас қосады. Кеңес Одағы тарапынан Қазақ ұлтын ерте замандарда сары шашты, көк көзді, ұзын бойлы Еуропа тұрпатты болған, Моңғол шапқыншылығы кезінде зорланып қыз, келіншектері көптеп бала көтергендіктен, Азия тұрпатына ауысты деген үгіт жүргізетін. Бұны Қазақстан ұлысы тәуелсіздік алып, жеке шыға бастаған кезден Қазақ ұлтын құртып, ұлттық азаттық пен мақтаныш сезімін жоюға арналған қасақана ми тазарту екендігін мойындайтын болды.
Менің ойымша, шет елдіктер Қазақ, Моңғолдың тарихи байланысын ұмыттыруды қалайтын сияқты. 2009 жылы Орыстың зерттеушісі Сергей Каржавин: «Еуропа текті Қазақ ұлты Гаплогрупп С3-ті болуы – Жоңғар хандығына беріліп, зорланғаннан болған. Демек, бүгінгі күнгі Моңғолдар – ежелгі Моңғолдар емес, Мәнжі, Қытайлар болмақ» деген 56 беттік жалған зерттеу материалын жарыққа шығарды. Каржавин деген адамның басқыншылық көзқараспен мұндай нәрсе жасағаны анық еді. Неге десеңіз, әдеттегі зерттеу материалы 3-10, жоғарғысы 15-20 беттен тұрады. Және де, ешқандай биологиядан білімі жоқ адам болса да 12 бетті салыстыра қарауға өте оңай.
...Бірақ, көптеген Моңғолдардың Ү-ДНК Гаплогрупп-і С3 болады. Бұл Гаплогрупп С-дан шыққан. С және F осыдан 60 000 жыл бұрын ажыраған. Олай болса, талай жылдар бойы көршілес өмір сүрген Моңғолдар Қытай, Корея, Тибет, Жапон сияқты Азия елдерінің адамдарынан уақыт ағымымен тектік тұрғыдан қаншалықты алыс болса, соған сәйкес дүние-таным, салт-дәстүр, мәдениеті жағынан соншалық алыс тұратыны қызықтырады. Бір жылдың алдында ма деймін, Моңғол мен Корея шығу тегі жағынан бір деген мақала жарық көрген-ді. Енді сол мақаланы мен генетикалық зерттеуім арқылы жоққа шығарып отырмын. Моңғолдарға ең жақын ұлт – Қазақ ұлты. Жалпы дүниедегі адамдардың 90 пайызы Гаплогрупп Ғ-дан тарайды, біз қалған 10 пайызын еншілейміз десек, тіптен Қызыл Кітапқа жазылуға жақын тұрғанымыз жоқ па (күлді)». (Батбаярин Хэрлэн. моңғол тарихшысы 8.10.2015 жыл (http://ult.kz/?p=6233#comment-4417).
Бұл тізімді әлі де көптеп жалғастыра беруге болады...
«Төртеуің өзара тату болыңдар, бір-біріңе жаулық ойламаңдар».
Қорамсасынан бір оқты шығарып, оны өзі сындырды, содан соң бірнешеуін алып, біріктіріп ұстап тұрып: «кім сындыра алады?» деп сұрады. Ешкім сындыра алмады. Сонда Шыңғыс хан айтты: «Міне, сендер де осы оқ сияқтысыңдар. Егер сендер орталарыңнан біреуіңді билеуші етіп сайлап, соның айтқанымен жүрсеңдер, ешкім де сендерді жеңе алмайды. Егер бірлік болмай, әрқайсың өз беттеріңше бір – біріңе жау болсаңдар, жаңағы жалғыз оқтай бәріңді де талқандайды» (Шыңғыс қаған өсиетінен).
Мәмбеткәрім Қожырбайұлы