Бетіне зәр шашылған полицейдің ісі 7 маусымда қайта қаралады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Мас жүргізуші бетіне зәр шашқаны үшін шапалақпен ұрған полицейдің апелляциялық шағымы 7 маусым күні қаралатын болды.
Естеріңізге салсақ, былтыр желтоқсан айында алкогольдік ішімдік ішті деген күдікпен медициналық куәландыруға жеткізілген жүргізуші полиция қызметкері Төлеген Игібековтің бетіне зәр шашып жіберіп, полиция қызметкері оған шапалақпен соққы жасаған. Сәуір айында Жезқазған қалалық сотында аталған іс бойынша үкім шығып, полиция қызметкері бес жыл мерзімге бас бостандығынан айрылған болатын.
Осы орайда, полицияға зәрін шашып қана қоймай, шағым түсірген 30 жастағы жүргізушінің де үстінен ҚР ҚК-нің 378 (Билік өкілін қорлау), 379 (Билік өкіліне бағынбау), 380 (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) және 293 (Бұзақылық) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да айта кету керек.