Кешелі бері ақпарат құралдары Иван Сауэр деген біреудің жер дауына байланысты мына бір ұсынысын жерден жеті қоян тапқандай сүйіншілеп жариялауда. Ол не ұсыныс дейсіз бе? «Родина» агрофирмасының басшысы, үкімет жанындағы жер комиссиясының мүшесі Иван Сауэр мырза жақында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының отырысында шетелге жер сату туралы бастаманы Отанға опасыздық жасаумен теңестіретін заң нормаларын қабылдауды ұсыныпты.
«Жер шетелдіктерге сатылмайды деген сөз жеткіліксіз. Мен заңға «Жерді шетелдіктерге сатуға ниеттену Отанға опасыздық жасаумен теңестіріледі» дегенді арнайы жазу керек деп санаймын», - дейді И. Сауэр.
И. Сауэрдің бұл сөздері бір қарағанда нағыз мемлекетшіл, шынайы патриоттың жанайқайындай естіледі, әрине. Алайда, олай еместігіне мынаны оқығаннан кейін көз жеткізесіз.
Президент Н. Назарбаев жер кодексіне енген соңғы өзгерістерге мораторий жариялаған сәтте ешкім жерді шетелге сатқалы отырмағанын айтты. «Мемлекеттің адамы», депутат, ұлт жанашыры Бекболат Тілеухан да жер комиссиясының алғашқы отырысында «Ешкім жер сатқалы отырмағанын» тағы бір нақтылады. Енді кеп мына Сауэрдің сандырақтауы не? Жерді мемлекет басшысынан бастап, ірілі-ұсақты шенеуніктерге дейін шетелдіктерге сату емес, 25 жылға жалға беру мәселесі қаралып жатқанын күнде айтып жүр. Жер заңнамасына наразы қарапайым халық та мұны жақсы біліп отыр.
Бұған дейін жер комиссиясының алғашқы отырысында жер дауына байланысты митингке шыққан халықты жалған патриоттарға теңеп, айыптай сөйлеген кәсіпкердің көп ұзамай бұлай сайрауына не жорық? Мұның жауабы біреу-ақ. Комиссия құрамындағы көптеген кәсіпкер, фермер, «қоғам қайраткерлеріне» жер тағдырының құны бес тиын сияқты. Пікір-талас алаңын пайдаланып, халыққа жанашыр кейіптегі тұлға болып көрінуді ғана көздейтін сияқты. Әйтпесе, елдің талабын бұрмалап, бұлай дөйдала сөйлеудің басқа себебі жоқ.
Ел қазіргі уақытта неге қарсы? Ел жерді ұзақ мерзімге шетеліктерге, оның ішінде айналасын жайпап келе жатқан шығыстағы көршімізге жалға беруге, мыңдаған гектар жер учаскелерін иеленіп алып, не оған егін екпей, не мал бақпай, қара халыққа жалға беріп, жатып ақша табатын бай-бағландарға сатуға қарсы. Айтқыш болса, Сауэр осыны неге айтпайды?! Ұсақ шаруалар жерге қол жеткізе алмай, латифундистердің қарамағында күн кешуге мәжбүр. Қыл аяғы шабындық жері де жоқ малшылардың көбі осындай мыңдаған гектарлап жер алып алған байшыкештердің жерінен ақшасын төлеп шөп шауып жүр. Бірақ, Сауэр мырза бұл туралы айтпайды. Оған ондай мәселе көтерудің қажеті де жоқ. Өз есебі түгел кәсіпкер халықтың жанды жеріне тиетін мәселеден де жеке пайдасын көздеп отырған сыңайлы.
Жомарт Абдоллаұлы