Қырғызстаннан Мәскеуге нәпақа табуға келген жұмысшы әйелдер еліміздің Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының "қырғыздар әжетхана тазалап жүр" деген сөздеріне реніштерін білдірді деп хабарлайды Qamshy.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.
"Біз, бәлкім әжетхана тазалап та жүрген шығармыз, бірақ бұл - адал еңбек. Біз денемізді саудаға салып жүрген жоқпыз, тек өз отбасымызды асырап жүрміз. Біз Қырғызстан экономикасына сүбелі үлес қосудамыз", - дейді өзін Рисалят-эже деп таныстырған әйел.
Одан әрі келіншек Мұхамедиұлына жауап қатты.
"Қазақ министріне айтарым, оның сөздері дұрыс емес. Біз Мәскеуде еріккеннен жүрген жоқпыз. Біз тек азығымызды табу үшін жүрміз. Түптеп келгенде, мұнда әжетхана жуып жүрген Қазақстан азаматтары да баршылық. Оның еш ұяттығы жоқ", - дейді Рисалят-эже.
Оның айтуынша, шетелдіктер Мәскеуге дағдарыстан кейін ағылуда.
"Дағдарысты тек қырғыздар ғана бастан кешіріп жатқан жоқ. Қазақстан, Ресей мен Өзбекстан да қиын жағдайда. Дағдарыс қысса бәрі де әжетхана жууға кіріседі", - деп жалғастырды қырғыз әйел.
Ол өз отанында мұндай жұмысты ешкім ұят санамайтынын алға тартты.
"Мен мұнда он жыл жұмыс істеп, екі қызымды оқытып шықтым. Барлық балаларым отау көтеріп үлгерді. Енді, бұйыртса, үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл жерде әжетхана жуып жүрсек те, елімізде сыйлы адамбыз", - дейді әйел.
Гуля есімді өзге қырғыз әйел де министріміздің сөзіне ашулы көрінеді.
"Сіздің сөздеріңізде сөгу емес, түсіністік болғанда, әңгіме басқаша болар еді. Мұнда мен жақсы жалақы аламын. Әр халықтың басына қиындықтар туындайды. Мен қазақтарға жақсы көзқарастамын, алайда министрдің сөзі біздің көңілімізге тиді. Біз сіздің сөзіңізді дұрыс деп санамаймыз", - дейді Гуля.
Осы орайда, Ресейдегі қырғыз мигранттары жайлы сөзі дауға ұласқан Арыстанбек Мұхамедиұлының «қырғыз мигранттары жайлы айтқаны үшін кешірім сұрағанын» жазған болатынбыз.
Вице-министр Ғалым Ахмедияров «кейбір ақпарат құралдары министрдің жауабын бергенде оның сөзінің екі шағын ғана үзіндісін ұсынғанын», «анығында жазушы Шыңғыс Айтматовтың талантына бас иетін министр оның терең философиясына назар аудартқысы келгенін» айтады.
Дегенмен, қазақ министрінің сөзі Ресейде жүрген қырғыз мигрант қыз-келіншектерін наразы етті. Олар министр Мұхамедиұлының дәретхана жууды ар көрген пікірімен келіспейтін пікірлерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан.
Қазақ министрінің қырғыз мигранттары жайлы сөзінен соң, мамырдың 24-і күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бішкектегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Ербол Ахметовті шақырып алып, қазақстандық дипломатқа наразылық нотасын тапсырған.
Бүгінде қазақстандық ақпарат құралдары Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Қырғызстан нотасына жауап дайындап жатқанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов «нота мазмұнын жария етпейтінін, жауап дайын бола сала қырғыз тарабына жететінін» айтқан.