Бүгін Алматы қаласында баспасөз мәслихатын өткізген саясаткер, Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан соңғы уақытта жиі көрініс тауып отырған наразылық шараларының негізгі себебі тек жер мәселесі ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесіндегі жемқорлық пен әлеуметтік қиындықтар дейді. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.

Баспасөз мәслихатында журналистер қауымы саясаткерлерге қонақ үй мен комиссия отырыстарына қатысу үшін жұмсалатын жол шығынынан бастап, комиссия жұмысына қатысты бірқатар өзекті сұрақтарды жаудырды.
Жиын барысында Мұхтар Тайжан өзінің жер мәселесіне қатысты бастапқы ұстанымдарынан айнымағанын ашып айтты.
«Мен бұрынғы ұстанымдарымды өзгертпедім. Жерді шетелдіктерге жалға беруге, ел азаматтарына жеке меншікке сатуға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, 1 пайыз шетедік үлесі бар компанияларға да жер сатылмауы, жалға берілмеуі керек. Комиссия жұмысында ешкімге қысым жасалып немесе шектеу қойылған жоқ. Әр отырыс тікелей эфирден көрсетіліп отыр», - деген саясаткер шетелге жер беруден бөлек, ендігі уақытта жүз мыңдаған гектар жерді жалға алып, ол жерді дұрыс игермей отырған латифундистерге қарсы нормаларды енгізу, нақты шектеулер қою қажеттігін айтып отыр. Сондай-ақ, 2-3 жыл қатарынан жерге бір дән екпей отыратын диқандардың да жалға алған жерін мемлекетке қайтаратын жүйе жасау керектігін айтады. Сонымен қатар, комиссия мүшесінің айтуынша ауылды мекендердің айналасындағы жерлерді де кімге болса да жалға беруге болмайды. Ол жерлерді ауыл тұрғындары жайылым ретінде пайдалануы тиіс.
М. Тайжан комиссия отырыстарында жер реформасына наразы белсенділерді қудалау шараларына қатысты да мәселе көтеріп жүргенін, әлі де көтеретінін айтады.
«Бүгінде ұсталып, қамауда отырғандар, айыппұл салынғандар, негізсіз полицияға күшпен жеткізілгендер ешқандай тәртіпсіздік жасамады. Ешқандай арам ойлары жоқ. Олардың барлығы елдің патриоттары. Азаматтық ұстанымдарын білдіруге әрекеттенген азаматтарды олай жазалауға болмайды. Тіпті, бұл қуадалаулар миға сыймайтын жағдай.», - деген ол «Бейбіт шерулер, митингілер туралы» заңды да өзгерту мәселесінің туып отырғанын айтады.
«Жер реформасына қарсы көңіл-күй қазір қандай деңгейде? Мораторий мен комиссия жұмысына байланысты бәсеңдеді ме, жоқ әлде әлі де шиеленіскен күйі қалып отыр ма?» деген журналист сұрағына М. Тайжан ел ішіндегі наразылықтың негізгі себебі тек жер мәселесінде емес екенін алға тарта жауап берді.
«Қазір біздің экономикамыз өте күрделі жағдайда қалып отыр. Халықтың әл-ауқаты күрт төмендеп кетті. Кешегі митингілер тек жер мәселесінен емес, сондай әлеуметтік шиеленістерден туып отыр. Бүгінде елімізде 18 жасқа толған 9,6 миллион адам болса, олардың 7,3 миллионында түрлі несиелері бар екен. Ал, солардың ішінде 1,3 миллион адамның үш айдан бері төленбей келе жатқан төлемдері бар. Міне, осыдан-ақ әлеуметтік шиеленістің деңгейін көруге болады. Біздің экономикалық саясатымызды өзгертпесек, тиімді шаралар қолданбасақ, бұл жағдай одан әрі шиеленісе береді. Халық қазір әлеуметтік қиындықтармен қатар, басқару жүйесіндегі жемқорлықтан да әбден қажыды. Жемқорлық біздің мемлекетімізді құрдымға сүйреп барады. Бұл – үлкен қауіп», - дейді саясаткер.
Ауылшаруашылық саласын дамыту, шаруаларға қолдау көрсету мен инвестиция тартуда саясаткер шетел қаржысына емес, өзіміздің әлеуетімізге иек арту керектігін айтады.
«Мен экономист ретінде ауылшаруашылығын дамытуға шетелден инвестиция тартудан гөрі, қазір банктерге беріліп жатқан Ұлттық қордың ақшасын бағыттаған жөн деп санаймын. Ресми деректер бойынша, бүгінде Ұлттық қорда 60 миллиард доллар ақша бар екен. Сол қаражатың бір бөлігін шаруаларға қолдау ретінде жұмсасақ ұтылмас едік», - дейді ол.
Саясаткер сонымен қатар, жер комиссиясының жұмысы барысында негізгі жерді сату, жалға беру мәселелерінен бөлек, ауылдардағы инфраструктура, әлеуметтік қолдау, аграрлық салаға жаңа технологияларды енгізу сынды да бірқатар мәселелерді көтеруді жоспарлап отырғанын айтады.
Дархан Мұқантегі