Алматыда 1 мамырда Алғабас шағын ауданында қисайып қалған тұрғын үйден 200 адам эвакуацияланды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚР ІІМ ТЖ комитетіне сілтеме жасап.
«Оқиға «Алғабас» шағын ауданында тоғыз қабатты үйде орын алды. Топырақтың шөгіп, үйдің қисайғаны байқалады. 200 адам көшіріліп, қонақүйге, туыстарына орналастырылды. Үйде газбен жабдықтау тоқтатылды. Полицей қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Бүгін құрылыс мәселесі бойынша мамандардан арнайы комиссия құрылды, олар оқиға бойынша шешім қабылдайды», - деді ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Айта кетейік, ТЖ Алатау ауданындағы Алғабас ықшамауданында (Момышұлы және Ақын Сара көшелерінің қиылысы) болды. Ықшамауданның тұрғындары №1-136 үйдің апат жағдайында тұрғанын, ал тұрғындардың көшіріліп жатқанын айтады. Олардың айтуынша, толастап жауған жаңбырдан үйдің жертөлесіне су толып қалған.