Қазақстан Қашаған шикізат өндіру жұмыстарын биыл бастауға үмітті. Бұл туралы еліміздегі мұнай-газ саласының маманы Сергей Смирнов хабарлады.
«2014 жылға мұнай өндіру 83 млн. тонна көлемінде болады деген жоспар сақталып отыр. Үкімет Қашаған жұмысының басталуына айтарлықтай кедергілер болып жатқанына қарамастан, кен орнында шикізат өндіру биылдан қалмайды деп мәлімдеді», - деді Сергей Смирнов. Алдын хабарланғандай, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мұнай өндіру көлемінің болжамы 2014 жылы 83 миллион тонна деңгейінде сақталып тұрғанын жеткізген болатын. 2013 жылы еліміз 81,731 миллион тонна мұнай өндірген болатын. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға артық. Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 9 орында тұр. 20 жылдың ішінде мұнай өндірісі 3 есеге, ал газ шығару 5 есеге артқан. Ал, Қашаған - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орындарының бірі. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Соңғы зерттеу деректеріне сүйенсек, кен орнының мұнай қоры 4,8 миллиард баррельді құрайды. Қашағанда сондай-ақ, табиғи газдың ірі қоры бар. (бір триллион текше метр газ). Естеріңізге сала кетейік, Қашағандағы мұнай өндіру жұмысын бастау мерзімі өткен жылдың соңында бірнеше рет ауыстырылған болатын. 2013 жылдың қазан айында басталған жұмыс араға екі апта салып қайта тоқтап қалып еді.