Алматы қаласы «Алғабастағы» ықшам ауданындағы апатты үй сүрілетін болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Tengrinews.kz - ке сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін Алматы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов хабарлаған.
«Құрылыс кезінде құрылыс жағдайының ережесі бұзылған, топырағын нығайту жұмыстары қарастырылмаған, осыған байланысты ғимарат қисайды және топырақ отырып қалды. Комиссия құрылыс жағдайында ереже бұзылғандықтан мердігер компания баспананы қайта қалпына келтіруі керек немесе басқа жерден баспана беруі тиіс деген шешім шығарды», - деді Мәкежанов.
Естеріңізге салсақ, Алматыда жаңадан салынған үйдің тұрғындары түнде эвакуацияланған болатын. Төтенше жағдай Алатау ауданындағы Алғабас ықшамауданында (Момышұлы және Ақын Сара көшелерінің қиылысы) болды. Тұрғындардың айтуынша, толастап жауған жаңбырдан үйдің жертөлесіне су толып қалған. ҚР ІІМ ТЖК мәліметінше, үй астындағы жер отырып қалған және содан үй қисайған. Бұл үйде шамамен 200 адам тұрады. Түні бойы оқиға орнында қалалық жедел қызмет өкілдері кезекшілік етті.