Алматы мен оның айналасындағы аудан тұрғындары заң бойынша әрбір азаматқа берілуі тиіс 10 сотық жер мәселесін тағы көтеріп отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
Заң бойынша әрбір азаматқа берілуі тиіс тегін 10 жүздік жер алудан үмітті халық тағы жиналды. Бұл жолы тұрғындар Алматының Алатау ауданында бас қосып, жердің нақты қай жерден берілетінін сұрады. Ең қызығы, әкімдіктегілер жер алуға өтініштердің барлығын қабылдап, әр өтініш берушіге 10 күннің ішінде «жер жоқ» деген жауапты қайтарамыз деді.
Алматыда күн қайнап тұр. "Жер беріледі" дегенге еліккен халықтың температурасы да одан еш төмен емес. Сондықтан, оларды сабырға шақыру қиын.
Жұрт сасатын сыңай танытпады, керек болса полиция мен омонның итергеніне де төтеп беруге дайын. Керісінше костюм киіп көп арасынан көзге түскен шенділерден маза қашты. Сондықтан олар жиналған халықты тарқатуға кірісті.
НҰРЛАН СЫДЫҚОВ, Алматы қаласы ішкі істер саясаты басқармасының қызметкері:
- Сіздерге жағдай жасап, арнайы міне автобустар қойылып отыр. Осы автобустарға отырып қазір Жетісу ауданындағы , Құлагер ықшам ауданындағы Цонға барыңыздар. Онда ешқандай кезек жоқ. Сол жерге барып өтіштеріңізді қалдырыңыздар.
Әйтсе де әлеумет әкімдіктегілердің ғажап мейірбандығына аса құлақ аспады. Халыққа қызмет көрсету орталығын қоршауға алып, ішке басып кіруге талпынды. Бірақ бұл жолы жер комиссиясының мүшелері жағдайды егжей тегжейлі түсіндірмек болды.
ДӘУРЕН БАБАМҰРАТОВ,жер комиссиясының мүшесі:
- Құрметті халайық, қазір осы жерде босқа сандалып, өз уақыттарыңызды алып жатырсыздар. Алматы қаласының шеңберінде жер жоқ және Алматы қаласынан жер беруге сіздерден өтініштер қабылданбайды. Қателеспесем Алматы қаласынан басқа кез келген жерде, жерге өтініш қабылданады.
Алайда, белсенді Дәурен мырза қатты қателескен еді. Ешбір мемлекеттік органның азаматтар өтінішін қабылдамауға қақысы жоқ.
САРА ТАГАЕВА, қала тұрғыны:
- Жаңа айтып жатыр жер берілмейді деп, жер жоқ дейді Алматыда. Неге осы уақытқа дейін айтпаған? Халық неге мұнда сандалып жүр? Бұл ақымақтық қой. Неге онда өтінішті қабылдап жатыр?
Алматы қаласы бойынша жер алуға қазірдің өзінде 100 мыңнан астам адам өтініш білдіріпті. Ал республика бойынша милионнан асып жығылады бұл көрсеткіш. Халық жер кодексіндегі 50 баптың 2 тармағы бойынша әрбір азамат 10 жүздік жерге иелік ете алады дегенді басшылыққа алған. Ал, биліктегілер инфрақұрылымы дайын емес аймақтан бірде-бір жер берілмейтінін шегелеп айтып отыр.