Ақтөбедегі терактіде қаза тапқан офицердің отбасына Талғардан пәтер берілетін болды

/uploads/thumbnail/20170709022810065_small.jpg

Ақтөбе қаласындағы Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде болған атыста қаза тапқан сардар Даниэл Майлыбаев бүгін жер қойнына тапсырылды. Марқұмның денесі туған жері Алматы облысының Талғар ауданына әкелінді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Жерлеу рәсіміне Алматы облысының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен әскерилер, марқұмның туыстары қатысты.

Талғар ауданы басшыларының айтуынша, облыстық бюджеттен марқұмның отбасына 5 миллион теңге материалдық көмек пен Талғар қаласынан күзге таман пәтер беріледі.

Алматыдағы ҰҚК әскери институтының түлегі Д. Майлыбаев қызметке араласқанына биыл 20 жыл толған. Астана, Петропавл, Алматы, ақтөбе қалаларында қызмет еткен. Марқұмның анасы Гүлістан Аланбергенованың айтуынша, ол Ақтөбеге Алматыдан екі жыл бұрын ауысып барған көрінеді. Қайғылы оқиғадан бұрын марқұм жақын күндері қайтадан Алматы қаласына қызмет ауыстыратынын айтып жүрген көрінеді.

Марқұмның артында жұбайы мен төрт баласы қалды. Балаларының ең кішісі 8 айлық, үлкен қызы 13 жаста екен.

Қатысты Мақалалар