ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНДА АЛАШТЫҢ 25 АРЫСЫ АЙТҚАН ҚАНАТТЫ СӨЗДЕР КІТАП БОЛЫП ШЫҚТЫ

/uploads/thumbnail/20170709030215396_small.jpg

Алаш арыстары тағы бір жаңғырмақ. 23 маусым күні Астана қаласындағы Ұлттық кітапханада «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсаукесері өтеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

«Жаңа кітап Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 және Алашорда Үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай жарыққа шығып отыр. Сондай-ақ, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығын да қаперден шығарғанымыз жоқ. Жинаққа ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі 25 Алаш арыстарының ой-толғамдары мен қанатты сөздерін топтастырып беріп отырмыз. Осы ретте 25 Алаш арыстарын іріктеп, олардың қанатты сөздерін жариялауымыздың тегін еместігін айта кеткен жөн. Өйткені, биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, осыған орай оқырман қауымға 25 Алаш арысының қанатты сөздерін сый ретінде тарту етуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл бастаманы 2 жыл бұрын Шымкентте қызметте жүргенде қолға алған едім», - дейді жоба авторы Берік Уәли.

Жоба авторы Алаш арыстарының том-том еңбектерін ақтарып, інжу-маржан сөздерді іріктеген журналист Серік Жолдасбай мен тарихшы Еркін Ерланұлына, кітаптың жарық көруіне қолдау көрсеткен Бекен Қонысов пен Еркебұлан Құрманғалиевке алғысын білдіреді.

«Өкінішке қарай, өз қайраткерлеріміздің қанатты сөздерін қаперден шығарып алып жатамыз. Әйтпесе Әлихан Бөкейхан айтқан қанатты сөздер Ататүрік пен Джордж Вашингтоннан еш кем емес. Айталық, Вашингтон: «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлауымыз керек?» десе, Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді. Үндестік бар ма? Бар. Жалпы кітапты парақтап қарап шықсаңыз, «Апырай, ә» дегізетін қанатты сөздер өте көп» дейді Берік Уәли. Мұны кітапқа пікір жазған белгілі алаштанушы – ғалым Тұрсын Жұртбай да айтып отыр.

Міне, осындай құнды кітапты оқимын десеңіз, Алматы қаласындағы «Ел шежіресі» баспасына хабарласыңыз (Абай даңғылы 143, кабинеттер: 403, 413. тел; 394-42-04, 394-42-91).

Сондай-ақ, кітапты Шымкентте Бекен Қонысовтан, Астанада Серік Жолдасбайдан «Алаш айтқан асыл сөз» кітабын сатып алуыңызға болады. Ал, Астаналық ағайынды «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсаукесеріне шақырамыз. Тұсаукесер 23 күні сағат 11:00 –де  Астанадағы Ұлттық кітапханада өтеді. Егер оқырман тарапынан қызығушылық болып жатса, аталмыш кітаптың тұсаукесерін Алаштың астанасы атанған Семейден бастап басқа қалаларда да өткізуге мүмкіндік бар.

 

Қатысты Мақалалар