Алматылықтардың жылу компанияларына берешегі 2 млрд теңгеге жетті. 20 мың тұтынушы коммуналдық қызметтің ақысын төлемей жалтарып жүр. Қарызын төлеуден қашқандардан борышты өндіріп алу үшін, «Алматы жылу мекемесінің» өкілдері бүгін рейдтік тексеруге шықты, - деп хабарлайды Qamshy.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, бір ғана көп қабатты тұрғын үйдің қарызы 500 мың теңгені құраған. Қыс бойы тұтынған жылуы үшін төлемақыны бергісі келмегендер енді ыстық судан ажыратылды. Тәртіпке бағынбағандар сырт елдерге шығу құқығынан да айрылмақ.
-Берешегі барлармен күресудің бір ғана жолы - әлеуметтік нысандарды ыстық судан ажырату. Бірнеше күн ыстық сусыз отырған соң, өздері-ақ қарызын төлеуге ағылады. 11 күннің ішінде 539 пәтерден 20 млн теңге өндіріп алдық. Есікті ашпай, байбалам салғаннан түк шықпайды. Одан да тұтынған қызмет түрінің ақысын төлесін, - дейді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС директорының орынбасары Марина Хохлова