«Хабар» арнасында жүріп жатқан «Жұлдыздар айтысады» ток шоуы шетелдік жобалармен иық теңестіре алатын бірегей отандық жоба ретінде дәріптелуде.
Іс жүзінде, Орысша айтыс жасап, эстрадалық әндердің әуенін мақам қылып, айтысты шоуға айналдырған теле арналардың продюсерлері немесе КВН-шіктердің атаманы емес, қазіргі Қазақ айтыс өнерінің үздік өкілі Балғынбек Имашев болатын. Бұдан талай жыл бұрын, үкіметбасы Кәрім Мәсімов бастаған шенеуніктер тамашалаған айтыста «Eкі тілге бірдей жеттік едім» деген Балғынбек әріптесі Ринатты Орысша айтысуға шақырып, ресми тілде айтыс үлгісін көрсетіп, көпшілік көңілінен шыққан. Балғынбектің жаңалығы ол ғана емес, ежелгі мақамдармен бірге эстрадалық әндердің әуендерін шебер пайдалана білуінде. Жеке стиліне айланды деседе болады. Марқұм Ержан Серікбаевтің «Шымкент сырасы», «Таңғы қала», «Мейлі» әндерінің, тағы басқа да хит әндердің әуенімен төгілткен шумақтары ел аузында жүр.

Дайын асқа кім тік қасық болмасын?! Іле-шала Ресейліктердің «Наша Раша» жобасының өңін айландырып, «Наша Казаша» деп ұсынған Нұртас Адамбаев аузымен домбыра ойнап, орысша мандырайтын ақын образына еніп, Орыс тілді қауымды күлкіге кенелткен.
Алғашында концерт формасында өткен «Жұлдыздар айтысады» жобасы эфирде көрсетілгеннен-ақ сынның астында қалған еді. «Хабар» арнасының жоқтан тапқандай, фoрматын өзгертіп, қайта ұсынғанына жол болсын.
Ринат Зайытов бір кезде, айтыс ақындарының бір-біріне айтарларын алдын-ала жазып көрсетіп, өзара келісіп алып айтысатынын жайып салған еді. «Жұлдыздар айтысады» жобасы соның нақты көрінісі. Жазып бергенді жаттап алып, сахнада жаңа қыры ашылған адуынды ақын бейнесіне енген жұлдыздардың тірлігі айтыстан-гөрі әжуаға саяды. Қазақтың айтыс өнерінің жаны – суырып салмалық екенін ескерсек, жобаны ұсынушылардың әрекеті айтысты өсіру ме, әлде өшіру ме?
Есбол Үсенұлы