Бүгін Қызылорда қаласында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 6 600 азаматқа жер телімі берілді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
2013 жылы Қызылорда-Жезқазған теміржолы тас жолының бойынан жаңа шағын ауданға 980 гектар жер бөлінген болатын. Ал биыл осы жобаға 9,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданған. Қысқа дейін бұл қаржыға 75 шақырым жол төселіп, 353,1 шақырым су құбыры, 112 шақырым газ құбыры мен 152 шақырым электр желісі тартылмақ және подстанция салынады.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында 2004 жылдан бері ешқандай жер телімі берілмеген. Өйткені ҚР жер кодексіне сәйкес (44-бап, 5-3 тармақ) жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беру су және электр желілермен қамтамасыз етілген алаңдар дайын болған жағдайда табысталатындығы атап көрсетілген. Сондықтан пайдалануға беріліп жатқан жер телімдері заң талаптарына сай қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
«Бәйтерек» деп аталатын жаңа мөлтек ауданда 36 мыңға жуық халық тұратын болады. Бұл жерде 1 диагностикалық орталық, 260 төсектік 1 аурухана мен ауыцсыман 100 келушіге арналған балалар және әйелдерге кеңес беруемханасы, ауысымына 200 адам қабылдай алатын 1 емхана, 280 орындық 4 балабақша және 900 орындық 5 мектеп бой көтереді. Сондай-ақ жаңа мөлтек ауданда стадион, мешіт пен мәдениет үйі, демалыс саябақ құрылысын жүргізу жоспарланған.
Шараға облыс әкімі Қырымбек көшербаев қатысып, жер иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Астана күніне орай ойластырылған мерекелік шараға осы жаңа қонысқа 25 киіз үй тігілді. Қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Айта кетейік, Қызылордада жалпы 49 мыңнан астам тұрғын кезекте тұрған.