Ақмола облысында полицейлер өзін ұрлады деп жалған хабар берген жігітке қатысты қылмыстық іс қозғады. Ұсталған жігіт мұны жұмысқа бармау үшін айтқан екен, - деп хабарлайды Qamshy.kz өңірлік ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2 шілдеде Көкшетау қ. кезекшілік бөліміне 45 жастағы жергілікті тұрғын келіп, тәртіп сақшыларға оның ұялы телефонына баласы қоңырау шалып, белгісіз біреулер үй ауласынан ұрлап әкетіп, белгісіз жерде ұстап отырғанын айтқанын жеткізді»,- делінген хабарламада.
Іздеу шараларына полицияның кешенді күші жұмылдырылды. Біраз жұмыс атқарған соң «ұрланғанның» қайда болғаны анықталды.
Полицейлер анықтағандай, оны ешкім ұрламаған. Достарымен ішімдік ішкен жігіт жұмысқа бармас үшін анасына оны ұрлады деп өтірік айтқан. Алайда бұл ойынының соңы не боларын білмеген. Енді оған қатысты ҚР ҚК 419 бабы 3 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.