Астана орталығындағы "Ата-Кент" тұрғын үй кешенінің үлескері Ольга Цветкова үшінші қабаттағы өз пәтерінің балконында үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртемек болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ольга Цветкова екі жыл бұрын Көктал шағын ауданында жаңа салынып жатқан үйден пәтер алу үшін тоғыз миллион теңге құйған. Бірақ үй әлі салынбаған, ақшасын да қайтармаған.
Амалы қалмаған Ольга ертесімен балконға шығып алып, үстіне бензин құйған. Оттықты тұтатып тұрған әйелді құтқарушылар екі сағат бойы тоқтатуға тырысқан. Ольга оқиға орнына құрылыс компаниясының басшысы келмесе, өзін өртейтінін мәлімдеген.
Ольга уәде етілген үйі де, қаражаты да қайтпай қалуынан күйеуі оны баласымен тастап кеткенін және бүгінде түксіз қалғанын айтты.
Оқиға орнына «Ата кент» Тұрғын үй кооперативінің басшысы Қайрат Бодаухан әкімдік өкілдерімен бірге келіп, әйелмен кездесті.
Бодаухан Цветковаға жеті күннің ішінде құйған қаржысын қайтарып беретіні туралы қолхат жазып берген. Осыдан кейін әйел қарсылық шарасын тоқтатты.