Қазақстан Президентінің халықаралық ұйымның штаб-пәтерін келешекте Азияға көшіру туралы ұсынысы Азияның жаһандағы қарқынды дамып келе жатқан алып аймақ екендігімен байланысты болса керек. Қазіргі таңда Азияны жер шары тұрғындарының 60,5 пайызы мекендейді. Әлем халқының 40 пайызы Азиядағы алып мемлекеттер Қытай мен Үндістанға тиесілі. 54 мемлекетті сыйдырған Азия бүгінде халық санының өсу қарқыны жағынан Африкадан кейінгі макроаймақ. Азиядағы Қытай, Үндістан, Индонезия, Жапония, Бангладеш, Пәкістан, Филлипин тәрізді елдерде халық саны 100 миллионнан асады.
Сондай-ақ, Азия мемлекеттерінің экономикалық даму қарқыны жаһандық макроэкономиканың басты күшіне айналып отыр. Мәселен, әлемдік экономиканың қозғаушы күші ретінде көрнекті орынды иеленіп отырған Азиядағы алып мемлекет Қытай да қарқынды дамудың үздік көрсеткіштеріне қол жеткізді. 1975-2003 жылдар аралығында Қытайдың жалпы ішкі өнімі сегіз есеге өскен. Ғылыми зерттеу жұмыстарына инвестиция салудан Қытай 2012 жылдан бастап дамыған елдердің қатарына кірді. Қытайдың банк жүйесі де өте дамыған. Бұл мемлекеттің төрт банкі капитал мен активтер жөнінен әлемдегі алдыңғы қатардағы он банктің тізімінде тұр. Капиталдау тұрғысынан Қытайдың екі қаржы биржасы әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Бүгінде Қытайдың коррупциямен күрес жүйесі де ең мықты жүйе саналады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде экономикасы артта қалған елдердің қатарында болған Оңтүстік Корея болса отыз жылда әлемдік экономиканың жетекші елдерінің қатарына қосылды. 1962 жылдан 1995 жыл ішінде бұл елдегі жалпы ішкі өнім 100 есеге ұлғайған. Корея да Жапония сияқты еңбек этикасы жөнінен әлемдегі алғашқы орындағы ел. 2013 жылы Кореяның адам капиталына салған инвестициясы 0,89 – ға тең болып, Жапониядан асып түскен.
Соңғы елу жылда Шығыс Азия технологияларды дамыту жөнінен әлемдік макроаймаққа айналды. Азиядағы Қытай, Таиланд, Малайзия, Индонезия, Филиппин технологиялық даму үлгісімен танылған елдер. Азия елдері екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жылдам дамудың үздік үлгісін танытты. Мәселен, Жапония мемлекеті соғыстан кейінгі 25 жылда Батыс Еуропаның экономикасымен теңесіп үлгерді. Жапония 1970 жылдан бері робототехнологиядан дүние жүзінде көшбасшы саналады. Ұлттық экономиканың бірегей үлгісімен танылған бұл елде ғасырдан артық жасаған 100 мың компания бар. Күншығыс елінде жүздеген жылдық тарихы бар көне компанияларды «шинисэ» деп атайды. Бұл елде 3000-нан астам компания осындай мың жылдық тарихқа ие. Бұл көрсеткіш Германияда 800, Голландияда 200, АҚШ-та 14 екен.
Жапония БҰҰ-на 1956 жылдың 18 желтоқсанында мүше болды. 1960 жылдан бері Экономикалық кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын Жапония 1996 жылдан бері БҰҰ-ның қаржылай шығысының басым бөлігін көтеріп, бұл жөнінен АҚШ-тан кейінгі екінші орында келеді. 1996 жылы 16 пайыз болса, 2001 жылы 19,63, 2002 жылы 19,67, 2003 жылы 19,52 пайыздық бюджет шығыны Жапония тарапынан төленген. БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілікті нығайтудағы жұмысына белсене атсалысып келе жатқан Жапония дүниежүзілік қауымдастықта өз орны бар мемлекет. Азияның алпауыт елі Жапония БАҚ саны бойынша дүниежүзiнде 1-шi орын алады.
Бүгінде ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Жапония робот техникасы мен электроника тауарларын өндіруден ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Кеме жасау, автокөлік құрастырудан да Күншығыс елі бірінші орында. Өнеркәсіптік өндіріс бойынша 100 балдық көрсеткішке қол жеткізді. Бүгінде Жапония қоршаған ортаға зиянсыз экономиканы даму жолындағы үрдіс ретінде қабылдай отырып, адам және табиғат ресурстарын бағалау тұрғысынан да жетекші орында тұрған ел. Жапон инвестициясының нақты бір кәсіпорынның табысын көздейтін Батыс инвестициясынан айырмашылығы да осы макроэкономикалық мақсаттарға бағытталған технологияларға негізделуімен байланысты.
Азияның этникалық құрамы өте бай. Азия ежелгі өркениеттер ошағы, адамзат дамуының түп-тамыры осы аймақтан өркен жайған. 5000 жылдық тарихы бар Қытай өркениеті мен Үндістанның бай мәдениеті, Орта Азия халықтарының қазыналы тарихы Батыс ғалымдарының назарын ғасырлар бойы аударып келеді. Кім қанша зерттесе де Азияның тылсым да ғажайып руханияты, тереңнен бастау алатын тарихы, тұнған табиғаты басқа өңірдің өкілдерін тамсандыруын қоймайды. Тарихы тереңнен басталатын көне шаһарлар, бағзы заман ғұламаларының қолжазбалары, байырғы мәдени-архитектуралық ескерткіштердің көп бөлігі Азияда екені белгілі.
Азия елдері білім сапасы жағынан да алда тұр. Мәселен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жыл сайынғы зерттеуі бойынша мектептегі білім сапасы жөнінен 70 елдің ішінде алғашқы бес орынды Сингапур бастаған Азия мемлекеттері иеленеді екен. Әлемдік университетер рейтингі бойынша да азиялық ЖОО-ның сапа көрсеткіші жоғары деңгейде. Әлемдегі ЖОО-ның басым бөлігі де Азия мемлекеттерінде орналасқан. Бостон коллеждінің Халықаралық жоғары білім орталығының директоры, профессор Филип Г. Альтбах Азия жоғары білім берудің мықты секторына ие екендігін атап көрсеткен (International higher education 12-08-2015).
Жаһандық бейбітшілдік ұстанымы, қауіпсіздік қағидаттары Азиямен байланысты. Қазақстан Президенті БҰҰ-ның 70 сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара сенімді қалпына келтіруге, халықаралық құқықтың негізінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды.
Жетпіс жыл бойы әлемдік қоғамдастық әскери қақтығыстарды ақылға қонымды шешудің түйінін табуға тырысып келеді.
Бірақ қақтығыстар азаяр емес. Олар кейбір елдерде мемлекеттілікті күйретудің салдарынан шектен шыққан халықаралық терроризмге ұласуда.
Адамзат соғыстардың алдын алу және қақтығыстардың салдарын еңсерудің ескірген тәсілдерінен оларды мән-мағынасыз ететін жаңа даму стратегиясына өтуге тиіс. Ол үшін алыстағы болашаққа батыл көз салып, Біріккен Ұлттар Ұйымына 100 жыл толатын кездегі әлемнің қандай болатынын көре білуіміз керек» дей келе, алдағы отыз жыл ішінде адамзат өркениеті соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға күш-жігер таба алатынына сенім білдіруі адамзаттың болашаққа деген үмітін ұлғайтады.
Шарафат Жылқыбаева