Атақты миллиардердің іскерлік құпиясы

/uploads/thumbnail/20170709034826765_small.jpg

Әлемге танымал әр кәсіпкердің бизнестің биік шыңына жету жолында ұстанған қағидаттары болады. Дүниежүзіндегі ең қалталы кәсіпкерлердің тізімінде тұрған америкалық іскер азамат Джефф Хоффманның өмірлік ұстанымдары қандай? Бұл жөнінде ол бізге Қазақстанға келген бір сапарында әңгімелеп берген еді.

Ең маңыздысы ақша емес

Бес ірі компанияның президенті болып отырған Джефф Хоффман кәсіпкерлікті бастағанда қалтасында көк тиыны болмаған деседі. Үлкен қиындықтарды жеңе отырып, өзі армандаған биік мақсаттарға қол жеткізген көрнекті кәсіпкер «Адам үшін ең маңызды нәрсе ақша емес» дейді. Оның ойынша, адам санасында биік мақсат пен асқақ арман және оған жетуге бағытталған жоспарлар болуы керек. Сонда ғана кез-келген жан діттеген мақсатына жете алады.

Өзінің өмір жолы туралы әңгімелеген Джефф мырза адам тек ақша қуып, өз пайдасын ғана ойласа, ісі күндердің бір күнінде тоқырауға ұшырайтынын айтты. Бүгінде дүниежүзінің сексен елін аралап, бизнесін дөңгелетіп отырған белгілі кәсіпкер о баста жұмысты қалай бастаған еді? Шығыс аймақтағы колледжді бітіріп, университетке оқуға түскенмен, оқу ақысын төлеуге отбасының шамасы жетпейді. Бар болғаны он сегіз жаста болған ол алдына  «қайтсем де  жоғары білім алуым керек» деген мақсат қояды. Қарапайым инженер боп АҚШ компанияларының біріне жұмысқа кірген Джефф өз бастығының қылықтарына көңілі толмайды. «Менің жалақым өте жоғары болды. Бірақ басшының өркөкіректігі, мейірімсіз, өзімшілдігін күн сайын көре беру жалықтырды. Содан оқу ақымды төлеу үшін ғана емес, өзімнің адам ретіндегі бостандығыма және мақсаттарыма қол жеткізу үшін шағын компания құрып, жұмыс істей бастадым» деп еске алды жас кезін атақты кәсіпкер. Мен басқалар сияқты, яғни өзгелер жүрген жолмен жүргім келмеді. Өмірден өз соқпағымды табуға бекінген едім. Сол уақытта әлемнің елуден астам елін араласам, Голливуд жұлдыздарымен кездессем, кино түсірсем» деген армандарым болды. Бұл армандар менің өмір жолымды айқындаған мақсаттар еді. Иә, мен бұл армандарыма қолы жеткіздім».

Ұлық болсаң кішік бол

«Мен ірі компаниялардың президентімін деп шалқайып жатпаймын, қашанда қарапайым адам екенімді естен шығармай, басқа қызметкерлермен қатар еңбек етуден жалықпаймын». Джефф мырза компаниялардың басшысы болса да басқаларға жұмыс істетіп қойып, өзі нәтижесін пайдалануды жақсы көретін бастықтарды ұнатпайды екен. «Лидер дегеніміз кім? Лидерлікке басқаларға қызмет ете жүріп қол жеткізу керек. Бұны қалай түсінуге болады? Яғни, ұжымыңда әр маман сені басшы ретінде де, адам ретінде де сыйлау керек. Сыйлата білу үлкен еңбекті қажет етеді» дей келе АҚШ кәсіпкері өз басынан өткен оқиғаны баяндап берді. Бірде ұжымы оған АҚШ-тағы ең мықты деген веб дизайнердің атын атап, сол жігітті жұмысқа алсақ деген ұсыныс айтады. Басқалардың қолынан келмейтін күрделі шаруаларды ол жігіт бір өзі тындырып тастайды екен. Джефф келісімін беріп, іссапармен шет елге кетеді. Іссапардан оралған ол мекемесіне кіріп, жұмыс істеп отырған мамандарына «Сіздерге қандай көмек керек?» деп сұрапты. Сонда жаңадан орналасқан веб дизайнер оның компания президенті екенін білмей, «Кір жуатын орынға киімдерімді өткізіп қойған едім, алып келсеңіз» депті. Жұрт «Бұның не? Ол біздің бастық қой» дегенше болмай, Джеффф кір жуатын фирманың мекен жайын жазып алып, киімдерді алуға өзі барады. Артынан жүгіре жеткен офис менеджер «Сіз басшысыз ғой. Беделіңізге нұқсан емес пе? Жас жігіттің алдында құрдай жорғалағаныңыз не?» дейді. Сонда Джефф «Жооқ, сен олай деме. Бұл АҚШ-тағы ең мықты компьютер мамандарының бірі. Осы веб дизайнердің арқасында біздің компаниямыз  миллиондаған табысқа жетеді. Мықты маманды ұстап тұру үшін де амалдар керек» депті. Содан соң Джефф  әлгі жігітке киімдерін беріп тұрып, «Тағы қандай көмек керек?» деп сұрайды. Веб дизайнер «Мәшинемді жуа салсаңыз артық емес» депті. Компания президенті айтқанын орындапты. Қарапайым мысал болса да бұл оқиғадан тәлім алуға болады.  Егер Джефф «мен бастықпын» деп кеудесін керіп тұрса, веб дизайнер жеке басының ісін ойлап алаңдар еді. Ал бұл жұмыс сапасына айтарлықтай нұқсан келтірген болар еді.

Хоффман ұстанатын үш қағида

Басқалардың қолы жетпеген жетістікке жету үшін адам басқалардан артық жұмыс істеу керек деп есептейді Джефф Хоффман. Алғашқы компаниясын жиырма жасында құрған Джефф «Ол кезде кәсіпкерліктің не екенін де білмеуші едім. Мақсаттарымның тиянақты орындалуы армандай білуімнің арқасы» дейді. Яғни адам баласы болашағы туралы әдемі ойларды ешқашан тастамау керек, үнемі ізгі мақсаттар жетегінде болғаны жөн. Атақты кәсіпкер жасөспірім кезінде бөлмесінің қабырғасына үш қағиданы жазып қойыпты. Біріншісі — биік-биік арман болсын. Екіншісі — қажырлы еңбек ет. Үшіншісі — құнды дүние жаса. Бұл қағидалар Джеффтің бөлмесінде әлі күнге жазулы тұр. Кәсіпкер ешқашан ақшаның артынан қумағандығын айтады. «Егер құнды дүние жасасам, ақша әйтеуір күндердің бір күнінде өзі іздеп табады» дейді. Алғашқы компаниясын миллион долларға сатып, артынан бес түрлі компания құрған Джефф Хоффман АҚШ-тың ең атақты кәсіпкерлерінің  тізіміне енген. «Кезінде мені келеке қылып, күлген адамдар бүгінде маған «Джефф сен жолы болған адамсың» дейді».

Кәсіпкердің еңбекқорлығы сондай, әр жұма күні ұжымы көңіл көтеру кешіне кеткенде Джефф офисте қалып, жұмысын жалғастырады екен.  «Құр қиялмен ештеңе өнбейді. Адам асқақ арманына сай қажырлы еңбек етуі керек» деген қағида кәсіпкердің өмірлік ұстанымы. «Бұл көңіл көтермеу керек деген сөз емес. Егер сен тынбай еңбек етсең, қалған өмірің той сияқты көңілді өтеді» дейді кәсіпкер. Джефф Хоффманның мамандарды таңдауда өз ұстанымы бар екен. «Мен қасыма қашанда өзімнен де білімді, менен гөрі ақылдырақ адамдарды жинаймын. Сонымен қатар олардың жұмыс орнында өздерін жайлы сезінуі үшін бар жағдайды жасаймын. Бұл сөздің дәлелі, Джеффтің компанияларына жұмысқа кірген адам оны тастап кетпейді екен.

«Болашақты күтіп, шалқайып жатпай, келешекті бүгін жасау керек» дейді көрнекті кәсіпкер. Алғашқы компаниясын 25 жасында миллион долларға сатқан Джеффтің кейінгі құрған бір компаниясы «Прайслайн» деп аталады. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, «тақыр жерге» құрылған бұл компания бүгінде әлемнің 180 еліне қанат жайған. Компания табысы 60 миллиард долларға жеткен.

Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар