Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Достық ауылының он шақты үйі шекараны белгілеу кезінде Өзбекстан территориясында қалып қойған болатын. Салдарынан, аталған үй тұрғындарының елмен байланысы да қиындай түскен еді, - деп хабарлайды Qamshy.kz skifnews.kz -ке сілтеме жасап.
Шекарада қалған 10 отбасыны көшіру мақсатында Достық ауылына баратын Абай-Калхабад тас жолының екі бетінен 80 га жерді беру үшін Достық елдімекенінің оңтайландырылған жоспары жасалған.
Облыс әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев тұрғындардың мүлкін заңдастыруға көмектесуін және мемлекет тарапынан өтемақы алып, басқа жерге көшіру туралы өтініштерін жеткізді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары бұл аумаққа мемлекет есебінен газ, су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан бүгінге дейін ауыл тұрғындары көгілдір отынсыз және ауыз суды 3 шақырым қашықтықта орналасқан Ұшқын елді мекенінен тасымалдап ішіп келетінін айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруды және ауыл тұрғындарын басқа жерге қоныстандырғанша ауыз сумен қоса сығымдалған газбен қамтамасыз етілуі қажеттігін айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне шұғыл түрде аталған үйлер бойынша түгендеу жұмыстарын жүргізуді және мүлікті заңдастыру бойынша құжаттарын рәсімдеуге көмектесуді тапсырды.