Қазақ «тектіліктің нышаны», «текті елдің ұрпағы», «текті екен» деп жатады. Осы тектілік дегеніміз не? Ол ұрпақтан ұрпаққа берілетін қасиет пе? Онда неге кейбір атақты би, болыс, ақындардың бүгінгі шөбере-шөпшектері қазақ тілінде сөйлемейді? Тіпті сол ұрпақтың ішінде өз ұлтын менсінбейтіндері де бар. Солар қазақша ет, бауырсақты жеуге келгенде тартынбайды. Қазаққа қатысты іс тындыруға келгенде не ноқай, не надан болады да қалады.
Тектілік тәрбиемен сіңсе, қазақ мектебінде он жыл бойы ұстаздар қазақ болуды құлағына сіңірсе де түптің түбінде елін тастап, Еуропа, Америкаға біржолата кеткендер ше? Олардың арасында «Маған қазақ керек емес. Мен космополитпін. Қайда өмір сүрсем де өзім білемін. Қазаққа еңбек етуге міндетті емеспін» дейтіндері де бар ғой.
Тектілік о баста бойға сіңіп, адамның зиялыға тән әрекеттерінен білінеді десек, өзін интеллигенция санап, күн сайын мінбеден «ұлттық тіл, ұлт тарихы, ұлт болашағы» деп сөйлейтін көкелердің (сөз берсең, тоқтата алмайсың кейде) шынайы бет пердесін ашып қарасаң, небір сорақылықты көресің. Бұл әрине зиялының бәрі жалған деген сөз емес, әрине. Әнебір халықтық тұлғаға айналған ақынның өткен өмір жолында бес-алты әйелді тастап, қаншама баланы әкесіз өсіргендігін естігенде сол да зиялы ма, осыны текті адам дейтіндер қателеседі деп күйінесің. Ал мінбеден сөзін естіп, жазғандарын оқығанда адалдықты ту етіп, таза махабатты жырлаған, ұлты, тілі үшін күрескен нағыз патриот қой дейсің. Ал әне бір зиялы деген ағайдың еркек басымен барған жерінде үстелдегі тамақты салып алып кететінін көргенде тіптен ұялады екенсің. Сөзіне, сырт келбетіне қарасаң текті сияқты. Әлгіндей қылықтарын көргенде бетіңді басасың.
Әнебір атасы бай, шонжар болған, әкесі Кеңес кезінде беделді абыройлы қызметкер атанған, өзі дөкей боп отырған қазақ па текті? Көмек сұрағанға жүз теңге де бермейтін, есесіне шет елді, шет елді деймін-ау, дүниені жалпағынан кешіп жүргенді текті дейміз бе?
Біреулер ашынғанда «кілең кісі еместердің қоғамы...» деген айтқанын естисің. Кісі кісі болмай тұрғанда қалай текті болады?
Енді біреулер «Бұрын тектілер бар еді. Баяғының кісілері текті еді ғой» деп жатады. Сонда қазақта бұрын болған тектілік қайда кетті?
Жалпы текті адам бар ма ортамызда? Текті деп кімді айтамыз? Өзіңізді тектімін деп ойлайсыз ба?
Дана Қамшыбек