Бақыт Сәрсекбаевтың басынан бақ тайды

/uploads/thumbnail/20170708151822808_small.jpg

Бақыт Сәрсекбаев деген қазақтың алтын ұлы бар еді ғой. Қазір сол спортшымыз құнын жоғалтып алды. Спортшылардың соңынан бұрын аңыз еруші еді, қазір сөз еретін болды. Әрине, бұл жақсылық емес.  

Бақыт Сәрсекбаев 27 жасында Пекин Олимпиадасының чемпионы болды. Әрине, спорттық ғұмырындағы ең қомақты жүлдесі. Жасы да 30-ды алқымдаған, басына қонған бақты үркітіп алмайтын дүр жігіт деп есептеген едік. Олимпиада алтынын алмас бұрын екі баланың әкесі, үлкен шаңырақтың иесі деп білдік. Сөйтсек, бәрі де бекер екен. Олимпиадаға Алматы қаласының атынан қатысып, жүлдемен оралған соң Алматы қаласының әкімі үй сыйлады. Сондай-ақ, үлкен шаһардың намысын қорғап, қоламен оралған Әсет Мәмбетовке де үй берді. Бірақ, кейін Бақыт Сәрсекбаев сол берілген үйді даулап, қала әкімдігіне хат жазды. Ала қойды бөлек қырқып, Бақыт Сәрсекбаевты алалау болмаған еді. Егер үй оған берілмесе, Әсет Мәмбетовке де берілмеуші еді. Ерте ме кеш пе, батырлардың үйлерін заңдастырып беретіні белгілі еді. Олимпиададан кейін «Астана арландары» клубында өнер көрсетіп, бокстағы екпінін әлсіретіп алды. Кейіннен ҚР бокс федерациясында айтарлықтай қызметте жүріп, бір жылға жетпей шығып тынды. Кейін журналистерге берген сұхбатында «Мені ұмыттыңыздар. Мен қазір жұмыссыз жүрмін» деп тағы көз жасын төкті. ҚР бокс федерациясындағы қызметінен ешкім қуған жоқ еді, өзінің жылы орны мен лайықты қызметінен мінезінің кесірінен кетіп тынды. Өзіндей Бақтияр Артаев ауыл әкімі қызметінен бастап әртүрлі мемлекеттік жұмыстарды кеуде көтермей, қарапайымдылығымен басқарып келе жатыр. Ал, Бақыттың талабы мен менменшіл мінезі түбі өзін орға жығатынын сезген жоқ. Олимпиада алтынын алып келген соң 250 мың доллар сыйақы алды, басқа да кигізілген шапандар, сый-құрметтер шексіз еді (Алматы мен Астанада 4 элиталық пәтері бар, автокөліктері тағы бар). Жеке кәсіпкерлер мен жомарт қазақтардың да қаржысы мен сыйға тартқан көліктерін астына басты. Бірақ, батырдың бойында шүкіршіліктің орнына тойымсыздық үдей түсті. Өзінің нағашысы әрі жеке бапкері Карим Махмудовпен пәтер үшін соттасты. Сотта жеңіліп, депутат Қайырбек Сүлейменовтен көмек сұрағанмен, мәселе шешілмеді. Соттан жеңілген соң, бар ашуын әйелінен алды. Әйелінің жүктілігіне қарамастан, үш баласымен үйінен қуып шықты. Олимпиада чемпионы осылайша азғындыққа барып, көкек әке атанды. Осыдан бірер күн бұрын Шымкентте тағы да бүлік шығарғаны белгілі болды. Шымкенттік «Хили Пропертис» ЖШС-іі «ОҚО бокс федерациясы» ҚБ-нің президенті Асқар Зауытбекұлы Тұрысбековке боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың үстінен шағым түсіпті. «Хили Пропертис» ЖШС-гі мен «ОҚО бокс федерациясы» ҚБ-нің арасындағы келісімге сәйкес серіктестіктің «Canvas Hotel Shymkent» қонаүйінде федерацияның қонақтары, жаттықтырушылар, боксшылар тұрақтайды екен. Бақыт Сәрсекбаев жуық арада сол қонақ үйде болған екен, жәй болып қана қоймай, ішімдікке мас болып, қалтасындағы ақшасы қолды болып, қонақ-үйді басына көтерген. Қонақ үй қызметшілері Олимпиада чемпионының қоқан-лоқысына төзбегендіктен полиция шақырып, тіпті қонақ үй басшылығы спртшының іс-әрекетін шектен шығу деп бағалап, қызметшілерді қорлағаны үшін енді оны өз қонақ үйлеріне кіргізбейтінін мәлімдепті. Бұдан кейін өзге спортшылар қонақ үйде тосын мінез көрсететін болса олар федерациямен келісім шартты бұзамыз деп отыр. Осылайша бір адамның кесірінен басқа спортшылар жапа шегуі мүмкін. Бақыт Сәрсекбаев Қазақстандағы жалғыз Олимпиада чемпионы емес. Тіпті, Илья Ильиннің өзі екі дүркін Олимпиада чемпионы бола тұра мұндай бассыздыққа жол берген емес. Бақыт Сәрсекбаевтың осы бір әрекеттерін еркелік дегеннен гөрі шектен шығу, бассыздық деп ұғуға болатындай. Олимпиада чемпионы болу – алдымен елдің атын шығару және кейінгіге үлгі болу. Кейінгіге үлгі болу үшін жеңімпаз атану жеткіліксіз, өміріңмен үлгі болу және бар. Бүйте берсе, соңынан ерген жас балалар «кумирімен қоштасатыны» айтпаса да түсінікті. Әрине, бізге ең алдымен батырдың абыройы қажет еді, ол болса сонша еңбекпен батыр атанып, әп-сәтте пендеге айналды.

Ернар МЕЙІРБЕКҰЛЫ, Алматы қаласы

baq.kz

Қатысты Мақалалар