Бүгін Астана күні қарсаңында Өскеменде 140 орындық болашақ балабақшаның орнына салтанатты түрде капсула қойды. Жалпы сомасы 405 млн. теңгені құрайтын әлеуметтік жоба 2014 жылы Өскемен әкімдігі мен Қазақстандағы AES компаниялар тобы және «Орталық Азияның Еуразия қоры» қол қойған корпоративті әлеуметтік жауапкершілік өзара ынтымақтастық бойынша меморандум аясында жүзеге асуда.
Балабақшаның орнын Өскемен әкімдігі қала дамуының бас жоспарына сәйкес Машиностроители көшесінің бойынан бөлді. Шағын ауданның тұрғындары үшін аталған әлеуметтік нысанға деген сұраныс жоғары. Балабақша ғимаратының құрылысы аяқталған соң ол қалаға тегін сыйлық ретінде тапсырылады.
Шараға ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, Қазақстандағы AES корпорациясының вице-президенті Дүйсен Мерғалиев, «Орталық Азияның Еуразия қорының» атқарушы директоры Ринад Темірбеков, қалалық әкімдік өкілдері қатысты. Шараны ашқан Дүйсен Мерғалиев бұл ШҚО тұрғындарына сыйлық ретінде ұсынылған екінші балабақша болатынын айтты.
«Осыған дейін Семейге 160 орынға шақталған балабақшаны сыйлағанбыз. Биыл Қазақстандағы AES жұмысына 20 жыл. Ағымдағы жылы Өскемен ЖЭО №12 турбоагрегаты ғана қолданысқа енгізіліп қоймай, сонымен қатар осы маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асатыны қуантады».