Атажұртына қоныс аударып келген, Қазақ Еліне әлі танылып үлгірмеген, бірақ Қытай қазағына белгілі, Шыңжаң жазушылар одағы мен Іле қазақ автономиялы облысы жазушылар одағының мүшесі, ақын Сейіт Қамбасовпен сыр-сұхбатта болған едім. Қаперіңізде болса, бұл сұхбат республикалық «Үш қоңыр» (№02. 19-шы қаңтар, 2011 ж) газетінде жаряланды. Осы сыр-сұхбат кезінде ақын ағамыз менімен емен-жарқын әңгімелесіп, өзінің күрделі де, нәзік жан дүниесі жайында бір талай сырының ұшқынын шығарған еді. Мен сұхбатымыздың сипатына байланысты, ол кісінің өмір, өнер жолдарын көбірек сұрап ұғысып, ақындық ішкі әлемі мен мұнарлы мұңы, терең сырына үңіле алмай қалып едім... Кейін ол кісі «Үш қоңырдың» (№05, 9-шы ақпан, 2011 ж.) поэзия бетіне алты өлеңін жарялапты. Ақынның осы алты өлеңін өзімше зерделеп отырып, оның сұхбат кезінде шерткен сырларының тереңіне аз да болса бойлағандай, ақындық ішкі әлемін аңғарғандай болдым. Әрине, мен ақын да, сыншы да емеспін. Дейтұрғанмен, көп оқырманның бірі ретінде жүрегіме жол тартқан, рухани дүниеме әсер еткен ойымды ортаға салып, басқалармен ой бөліскім келді.
Елден естіп жүргенімдей, әрбір өлеңінде жүйелі, тамыры терең ой айтып, оны сезім бояуымен әрлеп жүретін ақынның осы алты өлеңі, оның ойшылдығы, сезімталдығы, суреткерлігі, етене қауышқан, әдемі кестеленген алты көркем әңгімеге секілді екен. Алдымен «Қарт теректің қасында» деген өлеңін талдап көрелік. Ақын, яғни лиркалық кейіпкер ауыл көшелерінің бірімен келе жатып, жол шетіндегі жарым-жарты қурап, арбиып тұрған қалың бұтақты қарт теректің қасына келіп кілт тоқтайды. Қорғаусыз, қараусыз, күтім көрмей, еңсесін ауыр мұң басып, арқасын желге төсеп, анда-санда бір сілкініп қойып тұрған қарт теректің тарам-тарам таралған тамырын шошқа түртіп, қабығын есек қажап, кеудесін құрттар кеулеп кіріп бара жатқанын көріп ақынның жаны қан жылап, зығырданы қайнайды. Қарт терек қанша сілкініп сергиін дегенмен, шамасы да, шарасы да азайып, жарық дүниені қия алмай, аянышты халде қоштасып тұрғанын суреттей келіп:
Құлап та кетпес ол бірден,
Кешірер алда қалай күн?
Тағдырластай онымен,
Жүрегім шошып қараймын, – деп, қарт ақын оқырманға қасыретті ой салып аяқтайды. Мейлі ақын өзін осы терекке теліп жазсын, мейлі басқа бір қарт адамдар өмірін көз алдына елестетіп жазсын, терекпен тағдырлас қарттардың өмірде бар екендігін жасыруға келмейтін ащы шындық. Ақын осы шындықты қарт теректің қазіргі тағдырына үңіле қарап тұрып, поэзия тілімен образды түрде көркем кестелеген. Адам жанын тереңнен тебірентетін мұндай ойлы өлеңді өмірге үңлігіш, суреткер ақын ғана жаза алады. Өз басым мұндай шынайы да, шырайлы өлеңді поэзия әлемінен сирек ұшыратып келемін...
Енді осы өлеңнің идеялық мазмұнын екінші бір қырынан толықтыратын келесі өлең – «Қарт досымның қайғысы» деген өлеңде ақын бір қарт досымен сырласып, мұңдасып өрбітеді. Досы өзінің өкінішке толы сырын былай бастайды:
Отбасын құру оңай ма?!
Жас кезімде,
Қыз шіркіннің көп қарап қас-көзіне.
Тізгін беріп қойыптым енді ойласам.
Көрсе қызар, тырлаусыз, мас сезімге.
Сосын ол сырын жалғастырып: өмірлік жар таңдауда тән сұлулығына ғана емес, бастысы, оның мінез-құлқы, арман-талғамына мән берген дұрыс екен. Жігіт шағымда қолыма қонғалы тұрған талай бақыт құстарыма ой көзімен, ақыл көзімен қарап, бағалай алмағаныма өкінемін! Оның бәрі уақыт өте аңғарыла бастады. Қазір шанағы тар, шайпау бір көк айыл қатынмен сүреңсіз, мәнсіз өмір сұріп келе жатырмын. Алған әйеліңнің өзіңмен жаны жараспаса, мінезі сәйкеспесе, отбасыңда күнде ұрыс-керіс, үйде береке болмай, құлағыңның түбінен ызың кетпей, жаның қарадай жабығады екен... Жастау кезімде, оның бәріне де шыдап, отбасылық келеңсіз жайттарга еркектік батылдықпен қарсы тұра алсам да, бірақ:
Қазір шамам келмейді табандауға,
Жетім шалдай мұң кешем дара ғана.
Ой жетсе де, бой жетпей қалады екен,
Қартайғанда қатын мен балаға, – деп қайғылы ойын қортындылайды досы. Отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар арасындағы мінездің, ой өренің, талғамның т.б. сияқтылардың сәйкеспей жатуы салдарынан туындап жататын қақтығысты, қайшылықты істер – шынында да отбаслық трагедия, бақытсыздық. Оның балаларға кері ықпалы тиіп жататыны да рас. Өлең екі адамның арасындағы әңгімеге байланысты жадағайлау жазыдғанымен, ақын айтпақ болған ойына, ашпақ болған шындығына ыстық сезімін, шұрайлы тілмен қиналыссыз жеткен. Меніңше, ақынның қарт досының басындағыдай өмір кешірмелері бар бір бөлім адамдар бұл өлеңді аса ыждағатпен оқып, ақын тауып айтыпты дейтініне көзім әбден жетеді. Ал жаңадан жанұйя құрғалы жүрген жастар жағы оқыса, мағаналы ғибарат пен дұрыс эстетикалық тәрбие алатынына да шүбәланбаймыз.
Ақын «Ең қиын» деген келесі өлеңінде тағы бір қоғамдық ащы шындықтың бетін ашып, оны адам өмірінің өз логикасымен әдіптеп, тігісін жатқыза көркем баяндайды. Ақын айтады: әрбір адам өмір сүру үшін әртүрлі тәсіл қолданып, әр бағыттан жол алып, ұқсамайтын өмір сапарын басады. Бұл сапарда ақылды-ақмақ, білімді-надан, жақсы-жаман және басқа секілді түрлі сипаттағы адамдар болғанымен, бірақ өзін «жаман» дейтін адам ешқашан болмайды. Біреу білгірсініп, біреу көсемсіп, біреу шешенсіп сөйлеп, бәрі шеттерінен парасатты, ақылды, данышпан, әулие адам болып көрінгісі келеді. Егер солардың біреуінің мінін айтып, айыбын бетіне басып, сен солайсың дей қалсаң ол сеннен сырт айнала қалады дей келіп:
Болып жүрміз сен қиын да, мен қиын,
(«Данышпан» деп атаған ғой ел биін).
Менше өзін түсінгендер данышпан,
Бірақ өзін түсінуі ең қиын, – Деген философиялық түйін түйіп аяқтайды. Сондай-ақ ақын, қоғамда жасап жатқан адамдар «сен қиын да, мен қиын» болып өзара қырқыса бермей, әркім өзін дұрыс танып, дұрыс түсініп, дұрыс тәрбиелеп, өзара кешірімшіл, бір-біріне мейірімді болып, берекелі де, мерекелі өмір өткізсе қандай тамаша болар еді-ау, әттең!.. деген астарлы ойын, періште көңілін білдіреді. Мұндай әдейі айтылатын ақыли өлеңдерді кеше ғана өмірден озған Қадыр Мырза-әлі ағамыздан оқып қалып жүруші едік, енді Сейіт ағамыздан оқып қалып жүрмін. Әрине, бұл кісілер бірін-бірі қайталамай, өз мазмұн, өз өрнектері бойынша өлеңдететіні де, сауатты оқырманға аңғарылып тұр.
Өткенде, С.Қамбасовпен сұхбаттасқанымда, ол кісі маған өз өмірінің аянышты тараптары мен туған халқының бағзаманнан бері тартып келе жатқан тауқыметті тағдырларын күрсіне, күңірене отырып бір қауым әңгімелеп берген-ді. Оны сұхбатымның көлеміне қарай ықшамдап қана жазған едім. Енді, міне, өлеңдерін оқып, ақынның жан жарақаттарын анағұрлым ұғынғандай болып отырмын. Ақын «Жорыуға да қорқамын түстерімді» деген тағы бір өлеңінде:
Келтіре алмай жүрмін бе, істің ретін,
Алды ма әлде асқынып ішкі дертім.
Соңғы жылдар әйтеуір болып алды,
Қорқынышты, үрейлі түс көретін, – деп бастап, кейде түсінде ит талап, қасқыр қамалап, кейде суға кетіп тұншығып, кейде жасынан жаны сүйіп жазып жүрген өлеңдері өртеніп, кейде жардан, құздан құлап мертігіп, денесі ауыр жарақаттанып шошып оянатын; кейде мекенінен айырылып, үйірінен адасып телім-телім болып тентіреп жүрген қандастарын көріп, жаралы жүрекпен қиналып оянатынын суреткерлікпен шебер баяндай келіп:
Оянғасын тістеніп тістерімлі,
Бойыма әрең жиямын күш-демімді.
Өз тағдырым еліммен бір болғасын,
Жоруға да қорқамын түстерімді, – деп, көрген түстерін жамандыққа жорығысы келмей аяқтайды. Өзінің тайқы маңдай тағдырына, туған халқының жержүзіне тарыдай шашылған тиянақсыз тағдырына көп алаңдап, көп қобалжып, қасыреттене ойлана беретін өміршең, қаншыл ақынның мұндай үрейлі түстерді жиі көруі әбден мүмкін ғой... Өлеңдерін оқып отырып мұндай ақынның өзін де, өлеңін де, сөзін де неге қастерлеп, қадырлемеске?! Енді ақынның келесі өлеңі – «Мен тұманмын» өлеңіне аз аялдап өтейін. С.Қамбасов бұл өлеңін ат басын атажұртқа алғаш бұра бастағанда жазған болу керек. Өлең былай басталады:
Қайда деме, қайда сенің тұрағың,
Қай жер тұрақ болса сонда тұрамын.
Шығыстағы бабам жортқан таулардың,
Шатқалында ұзақ шөккен тұманмын.
Осы бір шумақтың өзінде ашық та, астарлы талай-талай салмақты ойлар жатпай ма?! Мұнда кейбір кедергі, қиыншылықтарға қарамай, аңсаған атажұртына ат басын бұрып, аңқылдап келе жатқан ақ жүрек, ақ еділ ақынның бұрқанған бейнесі бар. Сондай-ақ оның қайда, қалай тірлік кешкені сынды образды өмір тарихы мен мұндалап жатыр. Осы шумақтан кейін, ақын өзін шөккен тұманнан, көшкен тұманға ауыстырады да, мені сол терең шатқалдан атажұрттың алтын желпуіші айдап шығып, Тұманбай ақындар жасап жатқан ортаға әкеліп тастады. Жеңіл қалқыған тұман болсам да, менің де нілім, нәрім бар. Менің нілім – менің жырым. Меннен бұрынырақ тұмандатып келген Жәркендер (Ж.Бөдешов) қазір қоңыр самалға айналып кеткен секілді. Мен де ендігі жырымды тарихи Отанымда жазып, тарихи Отанымда оқимын. Ол үшін алдымен Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмамаев, Мұқағали Мақатаевтердің қабыр басына барып, олардың аруағына сиынып, мұңымды шағып, өксігімді басып алайын дейді де:
Тұман-тұман
шатқалда да, асқарда,
Жердің белі қайыспайды ол басқанға.
Тұман көңілім жадыраса егерде,
Ақша бұлт боп қалықтар ем аспанда,
Ақ жаңбыр боп төгілер ем жас талға, – деп осы бір нәзік сезімді жырына арманы мен үмітін қосып тамамдайды. Көріп отырсыздар, ақын өзінің тұманданып өткен өмірі мен қазірде тұманданып тұрған көңіл күйіне байланысты, тұманға өзін ұқсатып жазып, жаратушыдан жаңа тілектер тілеп, атамекеніне ептеп орныға бастағаны, басқаны білмеймін, өзімнің жан дүниемді қатты тебірентті.
Қазір менің қолымда Сейіт ақынның Алматыда басылған «Суат» атты таңдамалы жыр жинағы бар. Ақынның жинаққа енген өлең, поэмаларын әлі толық оқып шықпасам да, көрнекті ақын-жазушы Серік Қапшықбайұлының жинақтың алдына жазған мақаласын зер сала оқып шыққаным бар. Ол кісінің мақаласының ішінен «Секеңнің оқырмандары оны бекерден бекер «табиғат суреткері», «махаббат жыршысы» деп, бекер ағынан ақтарылмаса керек...» дегенін кезіктірдім. Енді мен де ақынның осы тақырыпта жазған, алты өлеңнің соңғысы – «Бұлақ бойында» деген өлеңіне өзімше үңіліп, шамалы тоқталып өтейін. Бас-аяғы балғадай, төрт-ақ шумақтан тұратын бұл өлеңді, мен тұнып тұрған көркем табиғат құшағында маздап жанған жалынды махаббат жыры есептеймін. Өлеңде ақын белгі бір орманды өңір арасындағы мөлдір бұлақ бойынан әлде нені армандап ойлап, әлде кімді асыға күтіп отырған әдемі де, биязы ауыл аруын көреді. Оның сыр тұнған қара көздерін анау қарақатқа, оның күн қақтаған қоңырқай жұмыр мойнын мойыл ағашына, оның әппақ, толық майда қос балтырын анау қатар өскен ақ қайыңға ұқсатады да, оның арқасына жайылған құлаң шашын даланың баяу ескен қоңыр желі еркелете тербетіп тұр дей келіп:
Көрсең егер сымбатты оның түр-түсін,
Дегің келер бір шоқ көркем гүлмісің.
Көк майсаны отыр жеңіл жапырып,
Белден төмен дөңгелеген бір мүсін
Қозғалақтап бұлт-бұлт еткен сол мүсін,
Әйгілеп тұр алған жиі тынысын.
Күтіп алды отырыспен ол осы,
Қалықтап кеп қонған құстай құрбысын, – деп, ентіккен екі ғашықты саялы, салқын, керімсал табиғат аясында аялап қауыштырады. Осы шумақтарды қайталай оқып көріңізші!? Шынымды айтсам, алдыңғы шумақтың 3-4-ші жолдарындағы әйел затының белден төмен, балтырдан жоғары ұятты мүшелерін осылайша сыпайы да, сырлы, айшықты да, әдемі, нәзік те, жеңіл суреттеген өлең жолдарын өз басым басқа ақындардан (мүмкін баршығар) оқып көрмеппін. Мұны сергек ойлы, сезімтал ақынның шебер суреткерлігінің, талатты тапқырлығының шұрайлы бір көрінісі демей не дейміз?! Ақын осы өлеңнің соңын:
Туған дала тұнығында тербелген,
Қандай еркін қазақи ақ махаббат! – деп, ауыл жастарының ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан қазақи, шынайы, ақ махаббатын сүйсіне жырлап аяқтайды.
Мақаламның басында айтқанымдай, мен ақын-сыншы болмағаныммен, мені осы мақаланы жазуға құлшындырған С.Қамбасовтың осы алты өлеңі болғандығын, енді ол кісінің қолымдағы жинағын жүйелі түрде оқып шығуға қызығушылық танытып қалғанымды жасыра алмаймын. Жалпы Сейіт ақынның өлеңдері оқылатына, сыншылар тарапынан лайықты бағасын да алатынына өз басым сенемін.
Әлімжан ӘШІМҰЛЫ