Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында Айдын Егеубаев деген азамат Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында қытайлық компанияға 87 мың гектар жер берілгенін, ол келісім Бердібек Сапарбаев ШҚО-да әкім болып тұрғанда жүзеге асқанын мәлімдеген болатын. Қазір Ақтөбе облысының әкімі болып отырған Б. Сапарбаев аталған мәлімдемеге наразылық білдіріп, өзінің шетелдік компанияға жер беруге қатысы жоқтығын дәлелдеу мақсатында Айдын Егеубаевтің үстінен сотқа арыз да түсірген еді. Осы даулы мәселеге қатысты заңгер, «Алаш жолы» қозғалысының белсендісі Мақсат Ілиясұлы редакциямызға мақала жолдапты. Қос тараптың да ұстанымына бейтараптылық танытып, сайт бетінде пікір білдіруге мүмкіндік беретінімізді ескерте отырып, оқырман назарына Мақсат Ілиясұлының мақаласын ұсынамыз.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев туралы бұрындары сыртынан мемлекетшіл, ірі лауазым иелері ішіндегі бір жібі түзуі деп ойлайтынмын. Бірақ, кейде өкінішке қарай «адал деген қазаннан шошқаның басы шығып» жатады емес пе?
Әлі есімізде, Бердібек Машбекұлы Шығыс Қазақстан облысын басқарып тұрғанда 2013 жылы 06 қыркүйекте Астанада брифинг өткізіп, онда «Пайдаланылмай жатқан жерлерді неге қытайларға бермеске? Онда біздің адамдар жұмыс істейді, қосымша қаржы табамыз», – деп елді шу еткізгені бар. Ол туралы біраз газеттер, (оның ішінде «Түркістан» газеті де бар http://archive.turkystan.kz/kz/articles/view/30060) сайттар жазып, реніш білдірген соң Бердібек мырза «Түркістан» газетінің оқырмандарына арнайы хат жазып, (http://archive.turkystan.kz/kz/articles/view/31199) «менің айтқан сөзімді бұрмалапты» деп ақталғаны бар еді.
Сол ақталу хатында Бердібек Сапарбаев былай дейді: «Рас, мен қытай инвестициясын пайдалану керек дедім. Оның мысалы Шығыс Қазақстанда бар. Мәселен, Үржар ауданында «Бәтуа» деген ЖШС жұмыс істейді. Пайдаланып отырған жері 80 шаршы шақырымды алады. Құрылтайшысы – 100 пайыз өзіміздің азаматтар. Дихандары – 100 пайыз қазақтар. «Үдемелі индустриялық инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп отырған шаруашылық. Осы шаруашылық суармалы жермен бірге шөлейт жердің өзін игеріп жатыр. 3 мыңнан астам гектар жерге дәнді дақыл екті, оның 2300 гектарына биыл соя шығарды, 700 гектар жердің өнімін тамшылап суғару әдісімен өндіріп отыр. Ал осы шаруашылықтың егістіктегі техникасы (30-дан асып жығылады) түгел қытайдікі. Неге? Өйткені қытай техникасы өзгелердікінен әлдеқайда арзан. Ол – бір. Екінші, осыншама жерді игеру үшін инвестиция керек. Оны қайдан алады? Банкілерден. Өзіміздікі болсын, шетелдікі болсын. Бұлар Қытай банкілерінен де алған (өйткені оның өз жеңілдіктері бар). Сөйтіп, 3 000 га жерді игеріп, пайда тауып отыр. Ненің арқасында? Қытай инвестициясы мен техникасының арқасында. Қазір Қытай экономикасы дәуірлеп тұр, жылдан жылға күшейіп келеді, олардың банкісі аз пайызбен несие беріп жатса, онысы біздің шаруашылықтардың дамуына септігін тигізіп отырса, біз неге одан қашуымыз керек? Мен қытай инвестициясын тиімді пайдаланып, игерілмей жатқан жерімізді игерейік деп осы тұрғыда айтқанмын. Істің көзін тауып отырған осындай шаруашылықтарды біз қолдауымыз керек, олардың инвестиция алуына жәрдем жасауымыз қажет».
Мұны неге еске түсіріп отыр дейсіз ғой? Жер реформасы жөніндегі үкіметтік комиссияның бірінші жиналысында «Алаш жолы» қозғалысының белді мүшесі, қоғам белсендісі Айдын Егеубаев ШҚО, Үржар ауданында 87 мың гектар жерге ие болып отырған шаруашылықтарда қытайлықтардың үлесі бар екенін және ол жерлердің дәл Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тұрған кезде берілгені туралы мәлімдеген еді.
Одан бері бірнеше айдың жүзі болып, ел ол шулы мәлімдеме туралы ұмыта да бастағандай еді. Алайда, өткен аптада Бердібек Сапарбаев «Алаш жолы» қозғалысының мүшесі Айдын Егеубаевты сотқа бергенін мәлімдеді және онда жоғарыда аталған 87 мың гектар жердің кімдерге тиеселі екені туралы Үржар ауданы әкімінен арнайы анықтама хат алғанын атап өтті. Ол анықтамада даулы 87 мың гектар жердің шамамен 30 мыңы «Дәремет» ЖШС (директоры С. Хван), 8,7 мыңы «Ырғын» ЖШС (директоры А. Ізімғалиев), 48,9 мыңы «Манфағат» ЖШС (директоры Н. Тасмұратов) берілген екен.
Өкінішке қарай Үржар ауданы әкімінің хатымен таныса алмадық. Сондықтан енді біздегі құжаттармен таныс болыңыздар.
Жалпы ШҚО жер мәселесіндегі түйінді жағдайлар бірнеше детективтік кітапқа арқау боларлық. Сондықтан бұл жолы тек жоғарыда аталған «Дәремет» ЖШС туралы сөз қозғайық.
Шынында да Үржар аудандық әкімдігінің 27.10.2010ж. №524 қаулысымен «Дәремет» ЖШС (БИН 101040002782) 2188 га. жерді 49 жылға жалға алады. Одан кейін 02.12.2010 ж. аудан әкімінің №568 қаулысымен 7250 га, аудан әкімінің 24.01.2011 жылғы № 29 қаулысымен жалпы көлемі 20384 га ауылшаруашылық жерін 49 жылға жалға алады. Сонда барлығы 29822га. жерге ие болады.
Алайда, «Дәремет» ЖШС 11.02.2011ж. жерді уақытша пайдалану туралы келісім шарт негізінде барлық 29822 га. жерді «Бәтуа» ЖШС өткізіп жібереді. Енді «Бәтуа» ЖШС қайдан шықты дейсіз ғой?
ҚР Әділет министрлігінің мәліметі бойынша «Бәтуа» ЖШС (БИН 101040013351) құрылтайшылары «Дәремет» ЖШС (үлесі 55%) және «Уэйз Груп» ЖШС (БИН 100440003009) (үлесі 45%) болып 21.10.2010 ж. құрылған. Ең қызығы «Дәремет» пен «Бәтуа» ЖШС бір күнде құрылған.
Ал «Уэйз Груп» ЖШС (директоры Хоа Бинь) жалғыз құрылтайшысы Қытайдың «Kazakhstan Development limited» компаниясы. «Kazakhstan Development limited» компаниясының жалғыз құрылтайшысы Джанг Вейдонг (Zhang Weidong) 26.01.1965 ж. т. Гонконг азаматы. G360199725.
Кейбір ақпараттарға қарағанда қазіргі күні ШҚО, Үржар ауданында «Бәтуа» ЖШС Қытай елінің 13 азаматы жұмыс істеп жатыр. Олар:
1. Wu Yuanbin ( Ву Юанбин)24.10.1981 ж.т PE 0186722
2. Bai Libo (Бай Либо) 14.03.1979 ж.т РЕ 0449276
3. Zhao Fujin (Чжао Фуцзюй) 16.12.1972 ж.т РЕ 0189688
4. Li Ping ( Ли Пинг) 21.09.1964 ж.т РЕ 0449259
5. Yi Jia (Ию Джиа) 20.06.1983 ж.т РЕ 0186717
6. Han Lei ( Хан Лей) 18.03.1981 ж.т РЕ 0712814
7. Zhang Guoming (Джанг Гоуминг) 13.11.1976 ж.т РЕ 0712814
8. Wei Wei (Вэй Вэй) 07.08.1983 ж.т РЕ 0186723
9. Sun Dawei ( Сунн Давэй) 13.04.1988 ж.т РЕ 0449272
10. Wei Bin (Вэй Бин) 18.08.1969 ж.т РЕ 0186719
11. Li Rui (Ли Руй) 17.04.1979 ж.т РЕ 0451256
12. Pan Hongling (Пан Хонглинг) 30.09.1974 ж.т РЕ 0712826
13. Liu Xinhong (Лю Усинхонг) 19.12.1968 ж.т РЕ 0186716.
Олай болса Бердібек Сапарбаевтың «Үржар ауданында «Бәтуа» деген ЖШС жұмыс істейді. Пайдаланып отырған жері 80 шаршы шақырымды алады. Құрылтайшысы – 100 пайыз өзіміздің азаматтар. Дихандары – 100 пайыз қазақтар» деген сөзі өтірік болып шығады.
Екінші жағынан менің «ҚР «Жер кодексі» бойынша шетелдіктер Қазақстанның ауылшаруашылық жерлеріне ие бола алады» деген сөзімнің бір дәлелі осы. Себебі, ШҚО Үржар ауданы әкімінің 2013 ж. № 14 қаулысы бойынша 5,3 га. жер «Бәтуа» ЖШС жеке меншігіне де берілген.
Бұдан кейін Бердібек Машбекұлының «Мен ШҚО әкім болып тұрған кезімде 1 гектар жер де шетелдіктерге сатылған емес» деген сөзіне қалай сенеміз?


Ол аз десеңіз ШҚО қазіргі кезде қытайдың жеке немесе заңды тұлғаларының қатысы бар үш компания ауылшаруашылық саласында жұмыс істейді. Оның бірі Бесқарағай ауданындағы 14,757 мың га. жерге ие болып отырған «Лун Син» (ТОО LONG XIN) компаниясы болса, Ұлан ауданында 145 га. және Зыряновск аудандарын 6,4 га. жері бар тағы екі компания жұмыс істеуде.


Жақында әлеуметтік желіде егер Бердібек Сапарбаев Айдын Егеубаевты сотқа берсе мен Айдынның қорғаушысы болатынымды ескерткен едім. Енді сот барысында Бердібек Машбекұлы атаған «Дәремет» ЖШС, «Ырғын» ЖШС, «Манфағат» ЖШС басқа тағы бірнеше серіктестіктердің бір-бірімен байланысы, олардың жерді қалай алғаны және кімдер арқылы ие болғаны туралы сөз болмақ.

"Бәтуа" ЖШС 2011 жылы жұмыс істеген 70 жастағы Вэй мырза. Қазір серіктестікте оның баласы жұмыс істеуде дейді ақпарат көздері
Алдын ала ескертіп қояйын, тірісі бар, өмірден озғаны бар көптеген атынан ат үркетін, атағы ай білеген өте жоғары лауазымды адамдардың аты аталуы әбден мүмкін. Сондықтан, қызықтың көкесі алда екенін айтқым келеді.
Оның ішінде Қытайдан Қазақстан ауыл шаруашылығына құйылуы тиіс $1,5 млрд. қайда кеткені, қанша млрд. теңге субсидия мен мемлекеттік Жол картасы бағдарламасы арқылы бөлінген бірнеше млрд. теңгенің қалай «игерілгені» туралы да сөз болмақ.
Әкім мырза өз талап-арызын Алматы қаласының сотына жібергенін мәлімдепті. Ал ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 29-бабы бойынша талап-арыз жауапкердің тұрғылықты жеріне байланысты беріледі. Ал Айдын Егубаев Астанада тұрады, Астанада тіркелген. Әкім мырза мұны білмеді ма екен, әлде Алматыда таныс судьясы бар ма, ол жағын да біле алмадық...
«Алаш жолы» қозғалысы жер мәселесіне байланысты осындай заңсыздықтарды әшкерелеуге шындап кірісіп жатыр. Бұдан әрі де түрлі ақпараттарды жарияламақпыз. Егер Сіздерде де нақты, дәлелдерімен жерге байланысты заңсыздықтар мен әділетсіздіктер болса хат жазып, хабарласыңыздар.
Мақсат Ілиясұлы
«Алаш жолы» қоғамдық қозғалысының белсендісі