Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы 2016 жылы Алматы қаласының 1000-жылдығын мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдаған болатын. Алматы және Жетісу өңірінің Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Алматының мыңжылдық тарихы жайлы сөз қозғағанда бұл аумақты ежелгі адамның ежелгі замандарда-ақ мекендегеніні белгілі. Осы орайда ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласының Әкімдігімен бірлесіп Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі » атты көрме ашылмақ. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Бұл туралы музейдің баспасөз хатшылығы хабарлайды.
Көрменің мақсаты – Алматының ежелден, сонау қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғ. кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму, өркендеу жолын көрсету, яғни өткенді және бүгінгіні саралап, көрерменнің болашақты бағамдауына ықпал ету. Тарихи-археологиялық зерттеулер мәліметтері Жетісудың табиғат жағдайы – экологиялық ерекшелігіне сай өңірде қола дәуірінде ақ отырықшы-көшпелі шаруашылықтың қалыптасқанын аңғартады.
Б.з.д. II мыңжылдықта Алматы аумағын андрондық тайпалар мекендегені белгілі. Жетісу жерінде қола дәуірінің қорым, қоныс, жартас суреттері сынды көптеген ескерткіштері анықталды. Алматы аумағынан табылған көмбелер мен ашылған бірнеше қоныс байырғы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жайлы мәлімет берді. Арнайы әдебиетте, «Каменск» және «Түркісіб» көмбесі деп айтылып жүрген артефактілер аса құнды дереккөзі. Бұл артефактілердің кейбірі б.з.д. XIV-XII ғғ. және кейінгі б.з.д. X-VIII ғғ. мерзімделеді.
Көрме экспозициясында ерте темір ғасыры – сақ кезеңінің Жалаулы, Қарғалы көмбесінен табылған алтын бұйымдар коллекциясы, Жетісу сақтарының этномәдени және киелі орталығының бірі – әйгілі Бесшатыр обасының және обалардың біріндегі қабірдің (б.з.д. VIIIғ.) реконструкциясы көрсетіледі.
Экспозицияның «Орта ғасырлардағы археологиялық ескерткіштер. VI-XIV ғғ.» кешені бөлімінде ортағасырлық Шеңгелді қалашығынан табылған материалдар негізінде жасалған тұрғын-жай реконструкциясы, 1978 жылы анықталған ұста шеберханасының қирандысы, сондай-ақ ҚР МОМ коллекциясындағы қыш құбыр, қыш ыдыс фрагменттері, дән үгітілетін текше тас, сап, металдан жасалған түрлі еңбек құралдары, т.б. негізінде жасалған ұста шеберханасы, су құбырының реконструкциясы, т.б. ұсынылмақ.