Жуырда "Жас Қанат" ән байқауы өтеді

/uploads/thumbnail/20170708151853329_small.jpg

Астанада 11-13 сәуір аралығында ХХІІІ «Жас қанат» жастар ән байқауы өтеді. Биыл өнер додасына қатысуға 100-ден астам өтінім түсіп, оның 14 қатысушысы ғана іріктеу кезеңінің барлығынан сүрінбей өтті.

Осы байқаудың алдында «Жас қанатта» бақ сынауға келгендер өз ойларымен және үміттерімен бөлісті.

Рухия Байкенова, 15 жаста, Талдықорған:  - Мен «Жас Қанатты» менің болашаққа деген кілтім деп білемін. Осы байқаудан көп нәрсені үйренемін деген ойдамын. Алғаш рет «Жас Қанатты» теледидардан көрген болатынмын, кейін іріктеу турынан өткен кезімде қатты қуанғаным есімде. Бұл мен үшін өмірлік маңызы бар үлкен қадам. Жеңіске жеткім келеді, бірақ жеңілсем жасымаймын. Ең бастысы - өзімнің талантымды көрсету.

Меруерт Тойбекова, 28 жаста,Қарағанды: - Осы байқауға үмітім зор. Алғаш рет «Жас қанатқа» 13 жыл бұрын облыстық деңгейде қатысқан болатынмын. Эстрадалық өркендеуіме бұл сайыс көмектеседі деген ойдамын. Әрине, сайыс алдында өте қатты қобалжып тұрмын, бірақ ойымдағы жоспарларым іске асады деген сенімдемін. Себебі, дәл осы байқау арқылы эстраданың Гүлнұр Оразымбетова, Медеу Арынбаев, Мәдина Садуақасова сынды өнер майталмандарының жұлдызы жанған. Болашақта Қазақстанды халықаралық фестивальдарда таныстырамын деген ойдамын. Сонымен қатар өзімнің жеке шығармашылығымды дамытамын.

Мәди Мүсәпіров, «Хан Тенгри» тобы, 23 жаста,Талдықорған: - Айтарлықтай қорқып,қобалжып тұрғаным жоқ. Әрине, жүлделі орын аламыз деген ойдамын. Қарсыластарыма сәттілік тілеймін.

Ілдәр Омаров, 23 жаста, Астана: - Байқау алдында сәл қобалжып тұрмын. Бірақ алдыңғы қатарды болатыныма сенімдімін, себебі бар ынтамды салып, дайындалып жүрмін. Осы байқау арқылы өзімді көрсеткім келеді, талантымды байқап қалады деп сенемін.

ҚазАқпарат

Қатысты Мақалалар