Бір айдан соң "Жеңіс күні" мерекесі. Қазақтың «Ұлы отаны» қайсы? Қазақтың қанын суша ағызған Сталинның ауызынан шыққан бұл сөзді Алаш баласы неге сонша Құдай сөзіндей көреді? Жиһан соғысы болғанын, ол соғыста құрамында Қазақстан бар Кеңес одағының жеңіске жеткенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ тәуелсіз елдің ұрпағының өз «Ұлы отаны» бар. Ол - Қазақстан. Әлде есімізді екеу, түсімізді төртеу қылған құлдықтың қамытын шешкіміз келмей ме? Естеріңізде болса, ІІ дүниежүзілік соғыстың 60 жылдығы қарсаңында Ресей «Тәуелсiз мемлекеттер достастығы үшiн барлығымыз бiр кiсiдей мерекенi атап өтейiк!» дегенде, Балтық елдері не деді? «Ұлы отандарыңның» жеңісін тойлай беріңдер, «біздің Ұлы отан басқа» деді де қолын бірақ сілтеген. Өлген-тірілгеніне қармай, «Отан, отан» деп жүрген сол баяғы біздің ел! Тәуелсіз Қазақстанның көк туының астында «Ұлы отан соғысы» деп ұрандауға тиіспіз бе? Сан ғасырлық тәуелсіздік күресі «Ұлы отан соғысынан» кем бе? Ұлт батыры Кенесарының басын ұстап отырған сол «Ұлы отан» емес пе? Иә, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан қарттарымыз бар. Оларға пәтер берсін, көлікте тегін жүргізсін... Көненің көзіне қандай сый жасасада ешкімнің қарсылығы жоқ. Ол үшін «Ұлы отан» деп ұрпақты адастырудың қажеті қанша?
Айтыңызшы, Сіздің «Ұлы Отаныңыз» қайсы?