Түркия астанасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның екіжақты кездесуі басталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылау жоспарланған, сондай-ақ түркі тілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесінің қызметі талқыланады.
Біздің Мемлекет басшысын өз резиденциясында Режеп Тайып Ердоған қарсы алды. Дәстүр бойынша екі елдің Әнұраны орындалды, сондай-ақ құрметті қонақты қарсы алу рәсіміне құрметті қарауыл ротасы қатысты.
Содан кейін Мемлекет басшыларының екіжақты кездесуі басталды, одан соң кеңейтілген құрамда келіссөздер өтеді. Түркияға қазақстандық делегация ішінде ҚР Премьер-Минстрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚТЖ басшысы Асқар Мамин және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Атап өтсек, бүгін біздің Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары басталды. Нұрсұлтан Назарбаев осы елде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін Түркияға келген алғашқы Президент болды.