Осы жылдың бесінші ақпанында «Біздің Сириямен 911 шақырымға созылған шекарамыз бар. Ресейде бар ма? Иранда бар ма? Олардың ол жерде не жұмысы бар?» деген Ердоған мырза бұл жолы «Ресейдің қатысуынсыз Сирия мәселесін шешу мүмкін емес. Тек қана Ресеймен жұмыс істей отырып Сириядағы дағдарысты шешуге болады» деген мәлімдеме жасады.
Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, Ресей лидері Владимир Путинмен Санкт-Петербургта ұйымдастырылғалы отырған кездесулер нәтижесінде екі ел арасындағы байланыстың жаңа беті ашылады деген болатын.
Ресейлік «ИТАР-ТАСС» агенттігі басшысының орынбасары Михаил Гусманға берген сұқбатында, «Бұл тарихта қалатындай бір кездесу, жаңа бір бастау десе болады. Бауырым Владимирмен болатын кездесу арқылы екі ел арасындағы байланыстың жаңа деңгейіне жетеміз деп сенемін. Екі елдің бірлесе отырып атқарар жұмысы көп» деген ойын білдірді. Жарияланған репортажда Сирия мәселесін шешудегі Ресейдің қатысуы маңызды екендігінің астын сызып айтқан Ердоған «Ресейдің қатысуынсыз Сирия мәселесін шешу мүмкін емес. Тек қана Ресеймен жұмыс істей отырып Сириядағы дағдарысты шешуге болады» деді.
Ал, 5 ақпан күні Ердоған, «Ресей Сирия мәселесін шешумен қолы босамай жатыр. Сириямен шекарасы бар ма еді?» деді.
Ресейдің, Түркия елін Сирияға қарсы әскери күш біріктіріп отыр деген айыптауын еске түсіруіне жауап ретінде Ердоған былай деген еді: «Ресейдің бұл мәселеге осындай жолмен жақындауын күлкімен қабылдаймын. Алдымен, Ресей қазіргі таңға дейін Сирия шекарасында өлтірген адамдары үшін жауап берсін. Режиммен бірлескен жұмысы нәтижесінде қаза тапқандар саны 400 мыңға жетті. Қазіргі таңда Ресей, Сирия мәселесін шешумен қолы босамай жатыр. Б. Аасадқа шағын бір мемлекет құруға тырысып жүргендей сыңай танытады. Себебі Асадтың Сириядағы күші таусылды десе болады. ДАИШ терор ұйымы, басқа да терорлық ұйымдар Сирияны бөлісіп алған жағдайы бар. Ал Түркияға қазіргі таңда қауіп төніп тұр. Біздің Сириямен 911 шақырымға созылған шекарамыз бар. Ресейде бар ма? Иранда бар ма? Олардың ол жерде не жұмысы бар? Олар болса: «Бізді Асад шақырды» дейді. Шақырылған әр жерге баруға болмайды. Себебі ол жерде үкіметке террор қаупін төндіріп тұрған Асад бар. Олар өте залым, қанішерлер. Оларды қолдайтындар да бұл қылмысқа ортақ болады.»
Ағылшынның Financial Times газеті, Ердоғанның 15 шілде оқиғасынан кейінгі алғашқы сапары Ресейге жоспарланғанына назар аударып, Анкара-Мәскеу байланысы Батысты мазаламай қоймайды деп хабарлады. Түркия Ресейдің сириялық күрдтерге беріп отырған қолдаудың азаятындығын күтеді делінген. Ағылшын газетіне сұқбат берген Европа дипломаты болса, Ердоғанға Европаның қажеттігін айтып, «Ердоған Путинге сенім білдіре алмайтындығын біледі. Соңғы 3 ғасырдың ішінде қанша түрік-орыс қақтығысы болды? Олардың қаншасын Түркия жеңді?» деп сұрақ тастайды.