Жапонияда көшеде шынашағы кесілген кісі көрсе оның якудза тобынан екендігін бірден біледі. Қылмыстық топ мүшесінің өзінің шынашағын шауып тастауы ар жолындағы самурайдың ұстанымымен байланысты екен. Мафиялық топтың адамы екендігін денесіндегі татуировка таңбасына қарап та біледі. Осындай ерекшеліктері болмаса жапон мафиясының Америка, Италия, Сингапур, Оңтүстік Кореядағы қылмыстық кландардан өзгешелігі жоқ. Қайсы топ болсын, кішісі үлкеніне бағынатын, мафиялық қағидаларды берік ұстанатын жүйе екені көрінеді. Басқа елдердің мафиялық топтары ел көзінен таса болса, Жапонияда керісінше көз алдыда. Якудза мүшелері қоғамнан жасырынбайды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, якудзаның жылдық табысы 1 трлн. иен болады екен. Кірістің тең жартысы наркобизнестен түседі.
1951 жылы «Нашаға тыйым салу» жөніндегі заң қабылданды. Филопон өндіретін жүздеген химиялық лабораториялар жабылды. Соған қарамастан 1960 жылдары мафия героин саудасын күшейтті. 1964 жылы Токио олимпиадасы қарсаңында Үкімет нашаға қатысты қатаң шаралар қабылдады. Нашаның сауда торы жойылды. Табыс көзінен айрылғысы келмеген якудза Оңтүстік Кореямен байланысты нығайтады. Елде нашақорлар саны өседі. 1985 жылы Жапония Үкіметі Оңтүстік Корея тарапымен нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жетілдіреді. Бұл кезде елде героин, кокаин, марихуанасыз күн көре алмайтындардың саны өсіп кеткен еді. «Бұл жөнінен Жапония 30 жыл бұрынғы Американы көз алдыға әкеледі» дейді мамандар. Жыл сайын жапон полициясы 25 мың наша сатушы мен тұтынушыны құрықтайды екен.
Якудзаның мүмкіндігі нашамен шектелмесе керек. Ол порнография, адам саудасы, автомобиль саудасымен айналысады. Ресей мамандары Қиыр Шығысқа ескі жапон автомобильдерін тасу ісіне де якудза қатысты деп есептейді. Жапония терроризм қаупінен ада емес. «АУМ Шинрикйо» террористік сектасының әрекеттері алаңдаушылық туғызуда. Тарихтағы террорлық әрекеттердің бірі ретінде 1995 жылдың 20 наурызында Токио метросында орын алған оқиғаны айтуға болады. Улану нәтижесінде 13 кісі мерт болып, 6000-нан астам адам жараланған. Полиция бұл сектаның 200-ден астам мүшесін құрықтады. Сот 2004 жылы секта жетекшісі Шйоко Асахараны дарға асу түріндегі ең ауыр жазаға кесті. Бұл жаза осы ұйымның 12 мүшесіне қатысты да қабылданды. Үш мүшесіне халықаралық іздеу жарияланып, 5 миллион иен көлеміндегі сыйақы тағайындалды.
Жапон полициясында 2330 қылмыстық топқа бөлінген 90 мың қылмыскер тіркеулі. Ойын бизнесі, қару-жарақ саудасы, наркобизнес және порнография мафияның қозғаушы күшіне айналған.
Шарафат Жылқыбаева