Қазақстанның Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүгін білім және ғылым қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінің жұмысына қатысты ойын осылай білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, БҒМ жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастады. Біз түрік тарапымен байланыста жұмыс істейміз. Алайда бұл оқу үдерісіне қатысы жоқ. Бұл біздің қазақстандық мектептер және олар қатаң тәртіпте еліміздің стандарттарымен қызмет етуде. Біз бұл лицейлерді бірнеше мәрте тексерген едік. Оларға қатысты ешқандай наразылық жоқ. Бұл тұрғыда лицейлер бұрынғысынша жұмыстарын жалғастырады», -деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 15 шілде күні Ыстамбұлда әскери бүлік орын алып, бұл көтерілісті «Түрік Қарулы күштеріне еніп алған Фетxуллаxшыл лаңкестік ұйымы ұйымдастырды» деп жарияланды.
Осыған орай, Қазақстанда қоғам арасында KATEV қорымен құрылған Қазақ-Түрік лицейлерінің тағдыры тақырыбы қызу талқыға түсе бастады.
Елбасы Н. Назарбаев Түркияға жасаған сапары барысында да бұл мектептердің Қазақстанның мемлекеттік оқу орындары екенін, оған ешқандай шағым жоқ екенін айтқан болатын.