АЛМАТЫДА КҮЛІКБАЕВ САЛҒАН ОЙРАНҒА КҮДЕБАЕВТІ КІНӘЛАУШЫЛАР КІМДЕР?

/uploads/thumbnail/20170709055412366_small.jpg

«Алматы полицейлерінің атынан» деп жолданған анонимді хаттың үзінділерін жақында «Радиоточка» сайты жариялады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Редакция хат авторлары (автор жалғыз болуы да мүмкін) Алматыда 18 шілде күні болған қырғынға байланысты Алматы қаласы ІІД бастығы генерал-майор Серік Күдебаевті жауапсыз әрі біліксіз, Руслан Күлікбаевқа қатысты дәлелдерді бұрмалады деп айыптағанын жазады.

«Біздің әріптестеріміздің қылмыскер алғашқы қылмысын жасаған – әйелді өлтіргеннен кейін ІІД-нің барлық жеке құрамы ақпараттандырылмағанынан, тиісті бағыттамалар (ориентировка) жолданбағандықтан, соның салдарынан қылмыскер қалада емін-еркін жүріп, оны уақытында ұстау шаралары қолданылмағандықтан қаза болғанын қанша қиын болса да мойындаймыз. ІІД мен Алмалы АІІБ кезекші бөлімі жеке құрамға АІІБ-ге шабуыл жасалғаны туралы хабарламаған, ал, Алмалы АІІБ басшылығы қорқақтық танытып қана қоймай, өздерінің қылмыстық әрекетсіздігін жасыру үшін оқиғаның барлық фактілері мен уақыт тізбегін бұрмалады», - делінген хатта.

18 шілде күні Алматыда болған қанды қырғынға қатысты ресми мәлімет тарағанда, онда қанды қылмыс жасау үшін бар болғаны 24 минут уақыт жұмсалғаны айтылған болатын. Елдің күмәнін туғызған да осы уақыт факторы еді. Ал, аудандық полиция басқармасының өзінде болған атыстың нақты қанша уақытқа созылғаны туралы ешбір жерде ресми ақпарат тарамады. Хат авторлары да көптің көңіліндегі күдікті дөп басыпты.

«Негізі Р. Күлікбаев біздің министр есебінде айтылған уақыттан әлдеқайда ерте шабуыл жасаған. Алдымен ғимаратқа кіреберісте полиция ардагері К. Сатымқұловты, сосын күзет бекетіне кіріп, онда тұрған полиция қызметкері М. Рахматуллаевты атып өлтіріп, қаруын тартып алған және тағылымдамадан өтіп жүрген полицейді жаралаған, содан кейін барып, жайбарақат АІІБ ғимаратына кірген», - депті хат авторлары.

«Радиоточка» қылмыстың осы сәтінде болған картинаны толық қалпына келтіру үшін сыртқы бейнебақылау камераларының видеожазбаларымен танысу мүмкіндігі болмай отырғанын жазады.

Хат авторлары Алматының бас полицейін сонымен қатар, Р. Күлікбаевтің қолынан қаза болған полицейлердің жаназасына бармады, жарақат алған әріптестері жатқан ауруханаларға бас сұқпады деп айыптайды.

«Біздің генерал тіпті қаза болған әріптестерді жерлеу рәсіміне баруға, Спорт сарайында өткен азаматтық жаназаға қатысуға, марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтуға, жараланғандардың көңілін сұрап, ауруханаға баруға уақыт таппады. Министр Қ. Қасымовтың жарақаттанғандарға бармай, қаза болған әріптестердің туыстары мен жақындарына көңіл айтпай, демалысқа асыққаны өкінішті. Бұл және ІІМ-нің барлық жеке құрамы қатердің «сары» деңгейі жағдайында күшейтілген режимде қызмет өтеп жатқан сәтте болып отыр», - деген хат жазушылар.

Сайт журналистері анонимді хат жазушыларды анықтауға әрекет етіп көрген. Алайда, Азат Тарақов деген хат жолдаушы редакция сауалдарын жауапсыз қалдырған. Анонимді хатқа қатысты пікірін білу үшін Алматы қаласы ІІД басшысын іздегенде, оның шынымен де қызметтік демалысқа кеткені, орнына бірінші орынбасары полковник Қанат Таймерденовтің қалғаны белгілі болған. Қ. Таймерденов өз басшысына қатысты хатқа қандай да бір пікір білдіруден бас тартып, ІІМ-ге хабарласуға кеңес бергенн. Ал, ІІМ-нің өкілі Алмас Садубаев екі күн өткен соң редакцияға ҚР-ның «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның 5-бабына сәйкес, аталған хаттың қарастыруға жатпайтынын хабарлаған.

Осылайша, шулы іске қатысты көптеген күдік туғызатын айыптауларға толы хаттың авторын анықтау мүмкін болмаған. Мұндай хаттың БАҚ-қа таралуында да мән жатыр. Заңға сәйкес, анонимді хабарламалар ешбір мемлекеттік органда ресми түрде қаралмайды, зерттеліп, тексерілмейді. Мұндай хаттардан қандай да бір нәтиже күту де орынсыз. Ал, күштік құрылым қызметкерлерінің басшылығына қатысты қандай да бір ресми шағым жасауы тәжірибеде өте сирек кездеседі. Сондықтан, бұл хат шынымен ұжымдағы шалағайлықтан шаршаған полицейлердің жанайқайы ма, әлде, шенді-шекпенділер арасындағы қандай да бір ішкі қақтығыстардың ұшқыны ма, ол жағын дөп басып айту қиын.

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар