Оңтүстік Қазақстан облысында «Береке» бағдарламасымен жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде бір мың шағын мал бордақылау алаңын қаржыландыру жоспарланды, деп хабарлады «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметінен.
«Сиыр етін өндіру үшін АШМ, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде 5-20 ІҚМ басын бордақылайтын шағын мал бордақылау алаңдарын қаржыландыруды жоспарлады. Мал сою бекеттері бордақылаумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардан құрылған ауылшаруашылық кооперативтердің негізінде ұйымдастырылады.
2016 жылы бұл шараларды жүзеге асыруға «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының қаржысы бағытталады. Жыл басынан Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жылпы көлемі 9,2 млрд. теңгеге 3,7 мың жобаны қаржыландырды. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 2,4 млрд. теңгеге 913 қарыз алушы қаржыландырылған. Шағын несие ретінде берілген қаражаттың 70% мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды», - делінген хабарламада.
ЖҚЖК 2020 қатысушыларын аталған бағытта қаржыландыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры тарапынан «Береке» бағдарламасы әзірленді.
Несиенің мақсатты бағытталуы - ірі қара, ұсақ мүйізді мал, жылқы, басқа да ауылшаруашылық мал мен құсты бордақылау мен ауылшаруашылық өнім алу үшін сатып алу, сондай-ақ, мал азық сатып алу болып табылады. Қарыздың максималды сомасы - 3 миллион теңгеге дейін, қарызды мерзімнен бұрын өтеген қатысушылар үшін - 5 миллион теңгеге дейін, қарыздың мерзімі - 4 жылға дейін. 500 мың теңгеге дейін қарыздар бойынша сыйақы үстемесі - жылдық 4,8%, 500 мың теңгеден асатын қарыздар бойынша - жылдық 6%. Жылдық тиімді сыйақы үстемесі - сәйкесінше, 5% және 6,7%.
Республика бойынша 2016 жылы 55 мыңға жуық мал басына арналған 7 мыңнан астам шағын мал бордақылау алаңы қаржыландырылады деп күтілуде. Бұл мақсатта 10,9 млрд. теңге бағыттау жоспарланған. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында - 7,9 мың мал басына арналған 1000 отбасылық шағын алаң 3 млрд. теңгеге.
Пікір қалдыру