Жалғасы. Басы мына сілтемеде.
- Орақбай ақын біздің аталас туысымыз болады. Уәш ініме тапсырдым, тағы да жинастырып бастырыңдар дедім.
Әне міне дегенше Белбасар колхозының «Майтас» жайлауында отырған МТФ-ға келдік. Таңертеңгі сауымды бітіріп сүт таситын мәшиненің цистернасына флягпен қотарып жатыр екен хатшы сауыншылармен амандасып «ақ мол болсын» айтып қал жағдайларын сұрастырды. Бағыс ақ халатты абзал жандарды ақ шелектерін білегіне іліп, хатшыны орталарында алып тұрғанда оқыстан, байқатпай суретке түсіріп, кейінде бірнеше сурет түсіріп аты жөндерін, көрсеткіштерін жазып алды. Көп кешікпей «Шатырқұлға» аудан басшысы экспедицияның бастығының қайда екенін білу үшін 7-8 вогонетканың алғашқысының жанына келіп тоқтады. Вогоннан шыққан палуан денелі, қараторы күнге күйіп піскен тарғыл асқабақтай басына қысқа қиылған, тікірейген шаш қойыпты (шаштаразышылар «ёжик» деп атайды) онысы өзіне жарасып тұр. Үлкен мүйізді көзілдіріктің арғы жағынан қара кірпіктері жуанданып найзадай қадалып, аласы мол қара көзі ойлылықты, сабырлылықты сездіріп тұр. Үстіндегі сары жұқа брезент киімдеріне қарағанда жұмыстан түскі тамаққа келіп, шығып бара жатқан беті сияқты. Мәшинаның есігін ашып түсе бастаған кісіге, танымасада алдына келіп сәлем берді. Хатшы:
- Қашан келіп қоныстанып жатырсыңдар?
- Оншақты күн болып қалды - деп жауап берді көзілдірікті жігіт.
- Экспедициянын бастығы қайда?
- Анау жеке тұрған вагон, конторымыз. Қазір ғана есігінен кіргенін байқап қалдым.
- Онда, сонда барайық - деп мәшинасына бұрылды.
- Обед кезі ғой, вогонға кіріп шәй ішіңіздер - деді көзілдірікті жігіт.
- Рақымет, тағы бір реті келер - деп мәшинаға отырды хатшы.
Экспедиция конторының алдына келіп, мәшинадан түскен хатшы:
- Сен жаңағы жігіттің аты жөнін білші, сендермен қатар шығар - деп ішке кіріп кетті де біз барып келгенде 10-15 минутта шықты. Отырып жайғасқан соң Бағыс тапсырмасының жауабын берді.
- Аты жөні Төлепберген Бекназаров, Шу қаласында туып өскен екен - деп айтқан Бағысқа басын изеді де қойды. Сол күзде Т. Бекназаровты нұсқаушы жігіттеріне шақыртып ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп қабылдады. Шақыртып алған жігіт партия қатарында болмағаны хатшыны ойландырған жоқ. Өзі, тағы екі нұсқаушы мінездемеге қол қойып келесі бюрода кандидаттыққа қабылданды. Жыл өткен соң мүшелікке қабылданып ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі В. В. Калашниковтың орнына меңгерушілікке өсті. Ол кездегі жастар ұйымшыл «ұйымдастырғыш» келетін. Аудандық комитеттің іргесіндегі аурухананың амбулаториясы болған төбесі қамыспен жабылған, іші дәрі исінен мүңкіген Бағыстың үйінде жұмыстан соң кандидаттығын жуған еді, енді мүшелігін рестораннан алынған индуктің тұтастай пісірілген етімен «ақмағанбеттетіп» жуды. Ол кезде партия қатарында болмасаң қол жетімді жұмыс табу қиын болатын. Хатшының адам танығыштығынан Төлепберген 12 жыл жұмысын мінсіз атқарды.
Бұл жыл Бағысқа да зор қуаныштар әкелді. Аудандық комитеттің қызметкерлеріне салынған сегіз пәтерлік үйден екі бөлмелі үй беріліп, дәрі мүңкіген үйден құтқарды. Келіншегі Данайдың жұмысын өсіріп СЭС—тің бастығына тағайындады. От жағып, күл шығарып су тасудан қолын босатты. Данайдың тырнағын, ернін бояп күтінуі, көпке созылмады. Төрт ай отырғаннан кейін, үш бөлмелі жер үйге ауыстырып, жинаған көмір сексеуілін Бағысқа қалдыртты. Бұл көшіп қонудың сырын Бағыс кейін түсінді. Хатшының жеке жүргізушісі Кәмелжан қайтыс болғаннан кейін орыс жүргіушісін алған. Аудандық комитеттің іргесіндегі гаражға үйі алыс болғандықтан, үйді айырбастату қадамына барған. Жер үйге көшуге Данай қарсы болғанмен Бағыс қуана келіскен. «Үш бөлмелі үйді жылытуға менің шамам келмейді» деп ренжігенмен көшіп барды. Үш бөлмелі үйді жылытуға контрамарка жағады екен оны Бағыс өз мойнына алды. Бар байлығы Құрмаш нағашысы совхоздан әперген екі үлкен киіз. Бірін залға, екіншісін тамақ ішетін бөлмеге төсеп, айлықтарын дүние мүлік аламыз деп жинастырып жүрген, енді асықпаса болмайтын болды.
Көршісі Хан Ен Дек деген кәрис (орысша есімі Владимир Степанвич) «Казсельхозтехника» бірлестігінің бастығы, жасы зейнетке тақап қалған үлкен кісі екен. Кешке қарай терезенің алдынан өтетін асфальт үстінде кездесіп қалып:
- С новосельием, сосед! - деп Шала-пұла білетін қазақшасы бар екен амандасып болғаннан кейін:
- Ертең прораб келіп көше жағыңды бекітіп, ағаштан дарбаза соғып береді. Бұл менің жаңа қонысыңа жасаған сыйлығым - деді бастық. Кімнің сыйлығы екенін, Бағыс іштей сезіп тұрды.
- Рақымет, аға - деді Бағыс үйге кіріңіз деуге ауызы бармай. Отыратын дені сау орындығы жоқ болғанына іші қазандай қайнап «басымызды құрап үй болып алған соң дәм татарсыз» деп айтқысы келді де үндемей қош айтысып шығарып салды. Келесі жылы контрамарканы алдыртып, ақшасын төлеп үш бөлмелі үйді жылытатын қазандық орнатып, батерея қондырттырды.
Аудкомның бірінші хатшысы Шу өзенінің шығыс бетіндегі шаруашылықтың директорларын, бас мамандарын Тарылған тауының жайлауында жиналыс өткізуді белгілеген екен, сол бетте жиналысты бастап кетті. Егін орағына, қой ұрықтандыру науқанына дайындықты бас мамандар баяндап, директорлар қоштап есеп берді. Далақайнар, Шоқпар совхоздары бір миллион пұттан асырып астық беретінін айтты. Қой ұрықтандыруға 25-30 қошқардан дайындап жем шөппен қамтамасыз етіп ұрықтандыру пунктерін толық жөндеуден өткізгендеріне сендірді. Бәрі баяндап болғаннан кейін хатшы өзі сөйлеп:
- 1967 жыл ерекше жыл. Алдағы 7 ноябрде Октябрь революциясына 50 жыл толады. Соған біздің ауданның қосар үлесі жылдағыдан қомақты болу керек. Қазір ауа райы да жақсы. Мүмкіндікті қолдан жіберіп алмау үшін, комбайындарды сапқа тұрғызып қойыңдар. Қызылша жинау техникаларында уқыт бар деп арқаны кеңге салмай, дайындап бірінщі ноябрге дейін жиын-терінді бітіріп мерекеге дайындалуымыз керек. Одақ бойынша үлкен мейрам болғалы тұр. Барлық техиканы коммиссия шығарып тексертемін. Қостанайдан 150 әскери машина алатын болдық, оған адамдар жіберілді. Астықтарыңның тасымалдауына қарай бөліп береміз. «Коммунизм» совхозында Дәуітов Әбдрахман деген шопанның алдында өте күйлі 450-ден астам қошқар бар, директорымен келісіп қошқар алуларыңа болады. Бүгінгі бас қосудың мәнісі жылды табысты аяқтап 7 ноябрге коммунистік партиямызға рапорт беретіндеріңізді ұмытпаңыздар. Ауданның табысына, жеткен жетістіктеріне қосқан зор үлестеріңізбен барлығыңыз ортақсыздар. Қызылша алқаптарыңызды аралап 350-400 центнерден кем түспейтініне көзім жетті. Совхоз, колхоз еңбеккерлерін бір кісідей жұмылдыра білсеңіздер үдеден шығамыз - деп сөзін аяқтады.
Бірінші хатшының сөзінен Бағыс та ерекше шабыт алып ақындар айтысына қатысатындардың басын клубта қосып тақырыптарды талқылап бағыт бағдар берді. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев қайтыс болғаннан кейін тоқтап қалғаны бегілі. Ескі сүрлеуе қайта түсуге алпыстан асқан қарттарға оңай түскен жоқ. Қамтитын жетістіктерді дәйектеп жұп-жұп жасап бөліп кімнің кіммен айтысатынын белгілегеннен кейін сыннан өткізуге Асқар Адамбековті, Дәтәй Арқабаеваны, Бекен Байсақаловты (редактор) қатыстырып аяқ алыстарын байқау үшін айтыс өткізді.
- А. Адамбеков «Құдай», «Алланы» көп қосады екен деген пікірді айтып «обработко» жасап партияның саясатын айтқызу керек деді.
- Б. Байсақалов шалдардан бұдан артық не күтесің ақындардың бәрі Жамбыл болып туған жоқ, осы айтқандарының өзі үлкен жетістік. Әрқайсысы қарсыласының совхозындағы көрген білген кемшіліктерін айтып жатыр. Мен құлағыммен естіп, көзім көрген Шашубай, Нұрпейіс, Нартайлар да солай жасаған. Бірақ олар төселген ақындар - деп ел көріп, жер көріп айтысқа түсіп жүрсе ауызынан от шашып, тілімен орақ оратындар осылар деп көкейіндегісін айтып, көтере сөйлеп баға берді.
Егін орағы басталып Бағыс Шоқпар совхозына өкілдіке жіберілді. Қашаннан Бағыс мал қыстатуға «Коммунизм», қызылша жинау кезінде «Алға» совхоздарына тұрақты бекітілген өкіл еді. Әр жұма сайын ауылға барып «радио хабарын өткізіп келеді. Бұнысын байқап қалған хатшы «сені орынбасары бар жұмысқа ауыстырмаса болмайды екен» деп ой түйді. Әбүйір болғанда «Шоқпар» совхозы (директоры Химан Ящев) өткен жылғы межеден асырып 1 200 000 пұт (бір миллион екі жүз мың) астық тапсырды. «Далақайнар» тың совхозы (директоры Сары Хасенов) 1 500 000 пұт астық өткізіп ауданды үлкен көрсеткішке жеткізді.
6 - ноябрь күні жұмыстан соң ескі клубта (жаңа клуб салынып жатыр) салтанатты жиналыс болып бірінші хатшы баяндама жасады. Ауданның орталығы көркейіп жаңа құрлыстар, жеке үй салушылардың көбейгенін, бүгінгі талапқа сай жаңа 500 орындық клуб салынып жатқанын, 100 кісілік қонақ үй құрлысы басталғанын сауда орталықтары көбейіп, жаңа универмагтың пайда болатынын айтты. Бұның барлығы аудан экономикасының өскенін көрсетеді. 50 жылдық мереке құрметіне төрт Социалистік Еңбек Ері - Бас шопандар Жүсіпова Мәртәй, Оспанбеков Жарас, Дәуітов Абдрахман Заманбек Досжанов болса, 72 еңбеккер Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, 12О адам медальдармен марапатталды. Осылардың еңбектерімен мол табысқа жетіп отырмыз - деді Жапар Түебеков өзінің бяндамасында.
Бағыстың газетке жазған «Табыстар тасқыны» деген очеркінде Аудандық Есептеу Басқармасының бастығы Боран Бегалиевтің көрсеткішіне сүйенеді. Республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевтің «Қой санын 50 миллионға жеткізейік» деген ұранына сәйкес аудандағы 463 мың қойдың 282 мыңы аналық бас, яғни саулық. 1967 жылға 440 мың қозы алынды. Қант қызылшасын тапсыру – 114%ға, Астық -232%ға, Ет -111%ға, Сүт -107%ға, Жүн -122%ға, Жұмыртқа -119%ға орындалды.
7 - ноябрь күні кешкісін аудандық халық театрының концерті алдында ақынлар айтысы өткізілетінін хабарлап сахнаға кілем, көрпеше төселініп жастықтар қойылды. Ақындарды халыққа таныстыруға біртіндеп шақырып Балтабай ақын Далақайнар совхозынан, оның қарсыласы Сұлтан ақын Алға совхозынан, Әшірәлі ақын Жамбыл колхозынан, оның қарсыласы Сауран ақын Ақтөбе колхозынан, Рахия ақын Абай атындағы совхоздан, оның қарсыласы Есқали ақын Новотройцкі совхозынан, Калинин атындағы колхоздан Төребек, Жданов колхозы атынан Орынбай ақын деп хабарлады - жүргізуші Бағыс.
- Қазақ сөзге тоқтайтын халық. «20 минут айтысасыңдар» деп уақыт белгілегеміз жоқ. Төреші, тыңдаушы халықтың өзі, солардың ризашылығы, қол шапалақтауы - деп бірінші кезекті Балтабай мен Сұлтанға берді.
Сөз бастаған Балтабай ақын ауылының тың совхозы болып құрылып көркейіп өсіп келе жатқанын тілге тиек етіп, мереке құрметіне 1,5 миллион пұт астық бергенін ұтымды факт етіп пайдаланып ұзағынан көсілді. Қарымта жауабында Сұлтан ақын Алға совхозының жылдық жопарды асыра орындап ет, сүт, жүн, төл алудан аудан көрсеткішінің көш басында екенін, қызылшаның тәтті түбірінің гектарынан 450 центнерден айналғанын, Далақайнардың даласындай даламыз болса біз екі миллион пұттан берер едік деп кемсіте жырлап ақынның қытығына тиді. Шыдамсыздана кезегін алған Балтабай ақын домбырасының басын ойната қағып, бебеулете кәрі тарлан жасарып кеткендей құлшынып:
Сұлтан інім тыңдашы,
Барды бардай жырлашы.
Алғадағы малшыңнан,
Жарастай батыр шықты ма?
Жігіттің алғыр сұңқары.
Әр саулықтан жүз елу,
Қозыдан алып ерледі.
Сүт бұлағын ағызған,
Сауыншың бар ма, Майрдай.
Сиырлары өрісте,
Суда жүзген жайындай.
Біз ерледік, ерледік,
Еңбектеніп тер төгіп.
Сөйле ақыным, Кенбаев,
Неге отырсың бөгеліп. - деп тоқтағанада тыңдаушысының ұзақ қолшапалақтауына ие болды.
Сұлтан ақын өз уәжін айтып, ақтала сөйлегенмен елдің толастамай тұрған қолшапалақтуы, мысын басып тастады ма, аяқ астынан термелей жөнеліп:
Сіз жеңдіңіз Балтеке,
Буы басып байлықтың.
Дауласуға ары қарай,
Сөзіңізден қаймықтым.
Ескі ақынның көзісіз,
Даналардың сөзісіз,
Алысқа шабар тарландай,
Төселген ақын екенсіз, - деп орнынан тұрып, төс қағыстырып қайта отырды.
Көпшілік Абай атындағы совхоздың ақыны Рахия Қыздарбекова мен Белбасар колхозының ақыны Есқали Қожақапановтың айтысын тамашалауға кірісті. Сөз бастаған Есқали ақын Рахияны бұрыннан білетіндігін білдіріп сын тезіне алмай мақтауын келтіріп сәлемдесіп, жеткен жетістігін айтып тоқтады. Кезегін алған Рахия ақын:
Мақтауға мені келгендей,
Жырдан төктің маржанды.
Мақтап, мақтап құтылар,
Қайдан таптың арзанды? - деп өлең нөсерін төккенде қайда тығыларын білмей қолындағы домбырасын ақын Рахияның алдына тастап тұрып кетті. Қайтып сахнаға кірмеді.
Ақтөбелік Сауран мен Жамбылдық Әшірәлі, Ждановтық Төребек, Калининдік Орынбайлар айтысып болды. «Жеңген ақындардың айтысын ертең тыңдаймыз» деген Бағыстың сөзіне халық құлақ аспады. «Әнді күнде тыңдап жүрміз, айтысты жалғастыр» деп қол шапалақтап тұрып алды. Мұндайды күтпеген бірінші хатшы өзі мұрындық болып ұйымдастыртқан соң Бағысқа «жалғастыр» деген белгі берді.
Халықтың ықласына бөленген, «үздік ақын» деп танылған төрт ақын Балтабай мен Сауран, Рахия мен Орынбай төрге қайта жайғасты. Бірінші кезек Рахия мен Орынбайға беріліп Рахияның жеңісімен аяқталды. Екінші кезекті Балтабай ақын айқын басымдықпен жеңді. Рахия ақынның күткені де осы еді домбырасын қолға алып іле шала;
Жеңісің құтты болсын ақын Балта,
Жүйріктер озбай қоймас шындап шапса.
Жамбылдың көзін көрген төкпе ақынсың,
Өлеңің таң қалмаймын судай ақса.
Ағалық кезегіңді ал төк жырыңды,
Атадан қалған салт қой көп бұрынғы.
Сөзіңнен бас жарылмай тас жарылып,
Жас келсе де таймапты көздің нұры.
деген Рахияның сөзіне ризшылықпен жауап беріп, совхозының биылғы жылғы толағай табыстарын, көсіле термелеп орденді ардагерлерін мақтанышпен жырлағанын мұқият тыңдап, сөзін жұптап отырған Рахия ақынның масадай шаққан сөздеріне тыңдаушының шапалағының дуылы қосылып, өзі өткір тілді одан сайын қайрай түсіп, «әйт шу» деген атқа дем дегендей шабыттандырды. Ет пісетін уақыт айтысқан ақын табаны қызған жүйрітігін білдіріп Абайдай дананың атын иеленген совхоз әрқашан биіктен көрінетінңн жырлады. «Кемшілігін айтуға аралап көрмедім» дейсің. 10 күн аралап көр, клубқа емес тоғыз жолдың торабындағы хан базардың қақ ортасында «Қоянды жәрмеңкесінде» кездескендей айтысуға дайынмын деп тоқтады Рахия ақын.
Ақындар айтысы аяқталып сахнаға ауданның бірінші хатшысы шығып:
- Құрметті, халайық соғыс кезінде Жамбыл бастаған атақты ақындардың айтысын еске түсірдік. Жабылып қалған қазанның бетін аштық. Енді айтыс жалғаса береді. Менің айтпағым алдарыңызда айтысқан ақындарға сыйақы тағайындау. Бас жүлде-500 сом. Бірінші-400 сом. екінші орын-300 сом. Қалғандарына 200 сомнан. Осыған келісесіздер ме? Ұзақ ду қолшапалақтау көпке созылды.
- Келіссеңіздер, совхоздарының басшыларына партия, кәсіподағына тапсырма беріледі. Сол күні айтыс мерекесіне қатысқан Шу ауданындағы туысына қонақ болып келіп жатқан, «Правда» газетінің тілшісі, Тельман Жанұзақов «Рахия-акын, импровизатор» деген шағын репортажын жариялады.
Бағыс аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне келіспей ДОСААФ төрағалығына, жүргізушілер дайындайтын мектебі бар мекемеге ауысты. Бірден іске кірісіп, ескі шарбақтың бір қабырғасын пайдаланып, оқушылардың күшімен, екінші қабырғасын тұрғызып ұзындығы тоқсан метрлік Тир (мылтық ататын орын) жасап іске қосты. Оқушылардың қызығушылығы артып пневматикалық мылтықпен, ТОЗ-12, ТОЗ-9, әскери карабинмен атып үйренуге мүмкіншілік алды. Аудан бойынша сенбілік өткізілген күні Ж. Түебеков мекемелерді аралап Бағыс жұмыс істейтін жүргізушілер мектебінің кластарын, Тирді көргенде Бағыс:
- Карабинмен «ондықты» көздеп көресіз бе - деді.
- Не карабиндерің де бар ма? Соғыста жүргенде автомат пен гранатадан басқа қару ұстап көрмеппін. Әкел, көрейік - деді. Бағыс есепшісінің атын атап:
- Валя - деп дауыстап қойманың кілтін сұратып оншақты оқ, екі карабин (қасында еріп жүрген кісісін ұмытпай) алдырды.
Тирдің арғы жағына оқ өтпейтін етіп арасында ауа қалдырып қос қабырға жасалынған. Бергі беті ағаштың сыртқы қалың қабығынан (горбыль) мишень жапсыратын беті тегіс тақтай қағылған. Хатшы бес-алты оқ шығарып «қол боста көз үйретіп, қол жаттықтыруға болады екен» деп рақыметін айтып кетті.
Мерекелі жылда аудан үлкен табысқа жетіп, Бағыс та кішкентай да болса «Төраға» деген атағы бар мекеме алып ошақ басын, үй жағдайын қора қопсысын реттеп алды. Үш жылдың ішінде үйден, үй айырбастап беделінің өскеніне достарының арасында көреалмаушылық, қызғаншақтық пайда болды. Домалақ арыздар көбейді. Кімнің жазып жүргенін іші білсе де, сыртқа шығарып байбалам салмады.
Облыстың бірінші хатшысы Бименде Сәдуақсов келіп шаруашылықтың қысқа дайындығын көрмекке малдың көп қыстйтын жеріне бір күнін, құмның «Тайсойғанына», екінші күнін «Теріскейді» араламақ болыпты. Соған «жолға дайындалсын» деп жүргізушісін жіберіп 12 калибрлі қосауыз мылтығына патронды көбірек дайындауды тапсырыпты, Карабин алып шығуды үлкен кісіден ыңғайсызданып, Бағыс өзінің «Барыс» мылтығын алып шығуды ұйғарды. Әкесі ұстап жүрген кезде, өгіздің терісін сукномен астарлап, ішіне патрон салатын қалтасымен, домбыраның қорабындай етіп сәндеп, оюлап жасаған. Сыртынан қараса ешкім мылтық деп ойламайды Хатшының ескертуі бойынша «Бағыс журналист» ретінде еріп жүретіндіктен фотоаппарат, қағаз қаламдарын ұмытпай портфеліне салып қойды. Б. Сәдуақасов хатшыны қасына отырғызып түс мезгілінде Қорағаты өзенінің көпірінен өтіп (ел ауызында 21 разъез) «Штабқа» тоқтап Абай атындағы совхоздың директоры күтіп алды. Ошан деген үйі таза, өзі зейнеткер «жекешенің» жылқысын бағатын бақуатты, жомарт шалдың үйіне түстікке кіргізді.
Алты совхоздың құмдағы қыстауларын аралап, шоапандардың қыстар үйлерін, екі маядан жиналып, сырты қоршалған шөптерін көріп, «Қырықбақыр», «Тайсойған» өз шөбі өз шабындықтарынан дайындалатын қыстауларға кетті. Бағысты «Дарқанқұдық» көлінде қалдырып «кешкісін осынла түнейтіндіктерін» ескертті. Бұл Қосқұдық орман шаруашылығының штабы. Өткен жылы Балтық бойындағы үш елдің оншақты ақын жазушыларын, Алматыдан жазушылар одағының хатшысы Жұбан Молдағалиев, Жамбыл облыстық атқару комитетінің орынбасары (атақты препрансшы, сол ойыннан күйген) Сәлімгерей Тоқтамысов бастап келгенде күтіп алған болатын. Арнайы жабдықталған, кең залы бар төрт бөлмелі қонақүйде алдын ала ескертілгендіктен Ю.А. Глазовтың өзі де бар екен. «Деликатес» жасарсыңдар деген хатшының емеурінімен, кешкі салқынмен жайылымға шыққан өрісінен жеті сегіз қырғауылға, үш төрт үйрек қосып шашылық, үйректен Юрии Анатолиевич әкелген көксокпен сорпа жасатып дайынлаттырды. Үзап кетіп кеш келген қонақтар ризашылықпен тамақтанып таңертең ерте тұрды.
- Бағыс - деді Ж.Түебеков жуынып шайынып болған соң - «Теріскейге» ауданға соқпай баратын жол бар ма?
- Көктеректің тұсынан, Шу өзенінің көпірінен өтіп, Далақайнардың Жиделісіндегі, Ақтөбенің Тасбұлақтағы малдарын аралап өтуге де болады. Тура жол қырғыздар жайлап отырған Хантаудың етегіндегі Ер Жәнібек төбеснің үстімен жылдамырақ барасыздар - деді Бағыс.
- Онда сол жолмен жүрейік, алға түсіп шаңдатпай озыңқырап отырыңдар - деп тамақ ішетін залға кірді. Суыған қырғауылдың еті тұз сіңіп, түндегіден де тәтті болған ба, сүйсініп жеп, сүт қатқан қызыл күрең шәй жолдың алыстығынан ба, молынан ішілді.
Машинаға жол алыс па, Көктеректен өткен соң таудың қиыршық тасты құмдақ жолы жібектей есіліп сала берді. Қырғыздарға 25 жылға жалға берілген жайылымдық жерге келгенде, қой бағып жүрген шопанды тоқтатып.
- Қырғыздың қай жерінен келдіңдер - деп сұрады облыстың бірінші хатшысы Бименде Сәдуақасов.
- Соклук айылыан - деді жас шопан.
- Қашан көшіп бітесіңер?
- Көліктің келуіне қарай, бір отар қойға жиырма мәшина керек екен, жеті отар қой қалды. Бірінші хатшы әрі қарай сөзін тыңдамай жүргізушісіне «Кеттік» деді.
Теріскей штабының алды толған мәшине. Шу өзнінің күн шығыс бетіндегі ауданның тоғыз шаруашылығының директоры, парторогы түгел жиналған. барлығы қызыл бұрышқа жайғасқан соң басшылар кіріп жиналыстарын бастап кетті.
- Сөзін биылғы қыстың мемлекеттік ауа райын болжаушылары - деп бастаған облыстың бірінші хатшысы - суықтың ерте түсетінінен хабардар етті. Есепші шалдарымыз да, оны теріске шығармайды 1955-56 жылдың қысы қайталануы мүмкін дегенді айтады. Барлық ауданның мәліметтерінде жем шөп жоспары орындалған, қыстау басына жеткізілген. Соны тағы да бір қарап көздеріңді жеткізіңдер. Қораларын жылылатып, шопандарды азық түлікпен, шәй қанттарымен қамтамасыз етіп, ағаш көмірлері жеткілікті болсын. Парторг жолдастар бұл сендердің міндеттерің. - деп Бименде Сәдуақасов басқа аудандардағы жағдайларды да салыстырмалы түрде атап өтті. Сөз кезегін алған аудан басшысы Жапар Түебеков шаруашылық басшыларының атынан сөйлеп тиянақты жұмыс істеуге шақырып қысқа дайындықты күн тәртібінде ұстап отыруды баса айтты. Осы келістеріңмен барлық отарларыңды, табындарыңды аралап тиісті тапсырмаларыңды беріңдер - деді хатшы өзінің облыстық басшысының сөзін қуаттап.
Жиналыс тарқап басшылар өз шопандарына шәйға асығып кетіп жатты. Қызыл бұрыш меңгерушісі дүкенші болып істейтін әкесінің үйіне қозы сойдыртып тамақ астыртып, екі хатшыны шәйға шақырды. Дастархан үстінде әртүрлі әңгіме айтып отырған Төлеген дүкенші Балқашқа қараған Көкшоқыдан текесімен жеті арқар көргенін айтып құлақты елең еткізді. Көктемнің басында екі ұрғашысымен үшеу қалыпты. Әлде бөлек жайылып жүр ме, көрінбейді арқар да жылқы тәріздес жануар ғой ұрғашы тушасын қыстатып, көктем шыға мүйіздеп-мүйіздеп бөліп жібереді. Тірі арқарды зоопарктен басқа жерден көрмеген Бағыстың көзі жайнап шыға келді. Үлкен кісілердің алдында әдеп сақтап, өздері сұрамаса сөйлеуге ауыз бармайды. Жақсы әңгімені тыңдаудың өзі ғанибет дегенді місе тұтып, естімеген жер аттарын, шөп түрлерін, ұмытылған мақал мәтелдерді байқатпай қағаза түсіріп отырғанына мәз. Тамақ желініп болып қол шайып сыртқа шыққанда «Көкшоқыға» қарай жодарыңыз түсе ме» деп өз хатшысына жәймен күбір ете қалды. Селқос ғана «көрерміз» деп қалды. Соның өзі дәтке қуат болып «Толяннің» мәшинесіне отырып «Барыс» бесатарын дайындап оптикасын қондырып, арнайы дыбыс бәсеңдеткішін басына кигізіп қойды.
Алда екі хатшы жаңа Уазикте. Шу аудандық хатшысының бес орындық ГАЗ-69-тінде Бағыс. Ж. Түебеков «Теріскей» жолын жақсы білгендіктен зымырап келеді. Әзіргі бағытымыз Шоқпар совхозының «Отызүй» фермасы. Соғыстан бұрын өз алдына колхоз болған. Одан әрі, солтүстік қапталында «Көкшоқы» жартасты тауы, шабындығы мол, етегі тегіс. Төрт отар қойдың шопандарына сәлемдесіп хал жағдайларын біліп, директорлары Химан Ящевтің келіп кеткенін естіп тілдескенше Бағыс та шопандармен сөйлесіп үлгерді. Арқар жағдайын сұрағанда «Алдыңғы күні жайылып жатқан қойды қайыруға, атпен барғанда жақын жерден үрікпеді, малға да, адамға да үйреніп кеткен ғой, деймін» деді.
- Атпадыңыздар ма деген Бағысқа;
- Алдыңғы жылы біреуін атамыз деп мылтықтан айырылып, екі қой беріп құтылғанбыз № деп секемдендіріп қойды.
Мәшине Көкшоқыға етегін айнала бергенде үш туша бір текені көріп хатшылар тоқтаған жерге, қатарласа келіп мәшинеден Бағыс та, Толян да түсті.
- Көрдің бе - деді Ж.Түебеков. Бағыс «атасыздар ма?» деп еді.
- Оқ жетпейді, жаралап қайтеміз - деген хатшы Түебековке
- Жаңағы шопандар Көкшоқының биігінде екі теке сүзісіп, жартастан секіріп жүр деген еді арғы бетін айнласыздар ма? Жолдың үсті ғой - деді Бағыс.
- Карабин алып шықпасаң қалай атасың? - деді Хатшы.
- Өз мылтығымды алып шыққанмын - деді Бағыс, хатшы «сеніп тұр ма, сенбей тұр ма?» дегендей бетіне қарап.
Таудың солтүстігіне бұрылып екіжүз метрдей өткенде биіктегі жартаста екі текенің сүзісіп алдыңғы аяқтарын жоғары көтеріп бар салмағымен қос мүйіздер сарт-сұрт ете қалғанын көріп тұрғанда тұла бойың шымыр ете қалады. Хатшылар еріксіз тоқтап қызықтағанда қастарына барған Бағықа «биноклің жоқ па?» деген өз хатшысына «оптика бар» деп жауап берді.
- Әкел - деді хатшы. Мән бермей байқамай айтып қалды ма деп қайта сұрауға батылы бармай жүгіріп барып мылтықтан шығарып алып келді. өзі қарамай Бименде хатшыға берді «мыналардікі сүзісу емес, ойын ғой» деп өзіне қайтып берді. Оптиканы қолына алған Жапар Түебеков «мынаның малтығы бар ма?» деді. «Әкелейін бе?» деген Бағысқа
- Бірге неге әкелмедің - деді Хатшы. Оптиканы қайта орнына қондырып бес оқ салған оқшантайын шығарып алып мылтықты қолына ұстатты. Оптикасымен кезек-кезек қарап ұзаққа созылған текелердің сүзісін әңгімелеп жүруге бет бұрған хатшыға
- Биеке, сіз атыңыыз - деді Жапар.
- Атқың келіп тұр ма? Мен көп жыл болды мылтық ұстамағаныма, тигізе алмай қалсам ұят болар. Мылтықтың иесі атсын - деді Бименде Садуақасов. Ж. Түебековтің кәнігі аңшы екенін білетін Бағыс мылтықтың оқшантайын салып, басына басына дыбыс бәсеңдеткішін кигізіп, қолына берді.
- Биеке, тіпті жақыннан көрсетіп тұр. Қалт жібермейсіз деген Жапарға.
- Онда өзің ат, деген ұлықсатын алған Жапар төмен түскен екі текенің үлкенін таңдап, құлақ шекеден көздеп шүріппені басып қалды.
- Жақа, мылтықтың дауысы шықпайтын жақсы мылтық екен. Бірде Бауыржан (Момышұлы) жанды қоймай аң атуға алып барды. Мылтығы карабин екен құлағымды тас керең ете жаздады.
- Бағыс екі жүргізушімен барып текені бауыздап қарнын терісімен қосып ұзнынан тіліп қан жынын ағызып, сумен жуып тілінген жерін брезентпен орап, Жақаңның мәшинасының артқы қорабына салып, есігі жабылмаған соң сыммен орап байлап қойды. Бұл кезде күн үлкен бесіннен ауып қалған ауылға жеткенше қас қарайып, күн батады.
Бағыстың үйіне жеткенде Толян бұрылып текені түсіріп. Заттарын алып болған соң «ертең түсте алып кет» деді. Бәрін жіліктеп сойып, мойын ет, құйымшақ етін, ішкі дүниесін бөлектеп алды. Екі елі майы бар қабырғадан сегіз-сегізден оналты қазы шығарып, «бір қолды Толянға» деп еншіледі. Хатшылардың сыбағасын тұздап, үлкен дорбаға салып, хатшының үйіне түскі тамаққа келгенше Толян жеткізіп берді.
Күзгі таң қырауланғанмен күн көтеріле шөп басы дымқылданып малға жайлы боп тұрса да Арқадан ескен суық жел қар суырғандай бетті қызартып, өңменіңнен өтіп тұр. Қазан айының ортасында түскен қар мұздақтанып, жамалып қалыңдай берді. Нағыз қыс желтоқсанмен бірге келіп, аяз қырық градусқа бірақ көтеріліп сақылдап тұрып алды. Аудкомда күнде жиналыс бұрын зоотехник, ветврач, кәсіподақ дегендер аудком жиналысына қатыспаушы еді, енді бас көтеруге мұршалары жоқ. Әрқайсысы күнара үш отар қойдың жем шөбінің мәліметін жазбаша аудкомда құрылған, күндіз түні кезекшілікте отыратын, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бекназаров Төлепберген басқаратын штаб мүшелеріне тапсырылады. Барлық мекемелердің әлдемді жігіттері соғыс кезіндегі ұранмен «все на фронте» дегендей «мал қыстатуға кеткен». Желтоқсан айының аяғында аудкомның кеңейтілген бюрсы өткізіліп 60-70 адам қатысты. Бюро мүшелерінде үн жоқ, тек бір кісінің ауызына қарап «Хатшы қандай шұғыл тапсырма берер екен» дегендей үнсіз тыныштықта құлақтары түрік отыр.
- Қағаздарынан басын көтерген хатшы, жағдайдың қандай екенін көріп отырсыңдар, мал шығыны басталды, жем шөптің жетіспеушіліктен емес, құнтсыздықтан, бақылаудың жоқтығынан - деп бастаған сөзін әрі қарай жалғастырып Калинин, Жданов, Жамбыл атындағы колхоздарынан өлген тоқтылардың өлімі біріне бірі ұқсас, жүндері пундаменттің тасына жабысып, өкпесіне суық тиіп, тұра алмай қатып калған. Ендігі біздің жұмысымыз қорада түнгі кезекшілікті ұйымдастыру. Ауданаралық базадан нығыздалған шөп 60 мәшинеге тиеулі. Осы отырғандардың барлығы «Теріскей» штабына барады. Бара алмайтындар сылтау айтпай жұмыстарын тапсырсын. Ол жақта штаб бастығы Болат Абдразақов күтіп алады. Бұл жақтан орынбасары болып тағайындалған Бағыс Жамбин басқарып барады. Бүгін жиналып, үш күндік азықтарыңды дайындап, ертең таңертең сағат 11-де аудком алдынан шығарып саламын. Бас дәрігер Сакен Ақмолдаевқа екі дәрігер, медсестра білікті фелдьшер-тәуіп Құлжанбековты мол дәрі дәрмекпен ала бару тапсырылған. «Қандай сұрақтарың бар» деп бір сағаттай түрегеліп тұрған хатшы орынына отырды. «Қанша уақыт боламыз» деген күңкілдеген сұрақтар мұрын астынан айтылып еміс-еміс естіліп қалды. «Қайсысы тұрып айтар екен» деп басын көтермеген күйі біраз отырып басын көтерген хатшы:
- Қыс қаншаға созылатынын хабарлаған жоқ, 1-1,5 ай, боласыңдар, ауыстратын киімдеріңді ала шығыңдар. Соғыстың кезіндегі арпалыс басымызға туып тұр деген сөзді естіген өкілдер біріне бірі қарап таңданған кейіп білдірсе де үндемеді. Сөзін жаластырған хатшы - жер арасы шалғай, барып келуі 500 шақырымға таяу. Мына күннің суығында әрлі берлі шапқылау қиынға түседі - деп жағдайды түсіндірген хатшы барғанда атқаратын қызметтерін шегелеп, әр отардың басында бір адам өкіл-ол партияның көзі болатынын айтты.
Бағыс Жамбин хатшының тапсырмасын үш күн бұрын алып төстікте тұрған төрт дөңгелегі бірдей жұмыс істейтін әскери үш ГАЗ-63-дің біреуін жүргізушісіне тексертіп майлатып, қаратып үстіне 200 литрлік бочка салдыртып, киізбен оратып байлатып тастады. Керуенде екі машина бензовоз бар, жүргізушілеріне талон арқылы тарататынын қатты ескерткен. Түктелген шөп те, кімге берілгенін тізімдеп отыру да, жүргізушінің жауапкершіліне жазылған. «Қыс қатты емес, талаптың қатты болуын» хатшының өзі тапсырған. Ауылшарушылық бақармасының бас зоотехнигі Сабыртай Жексеновке штаб басшыларының ұлықсатынсыз «билікті асыра пайдаланба» деп ескертіпті. Осылайша Бағыстың туған бажасы уақытша болса да жасы кіші, басқа салада жүрген бажасына тәуелді болып қалды. Сабыртай бажасын «директорлардың директоры» деп қылжақтайтын болды.
Аудком алдына жиналғандарды автобусқа, жеңіл машиналарға мінгізіп Шу көпірінің алдындағы керуенге жеткізіп түгелдеп мінгізіп, тізімін штаб бастығына беруге Бағысқа беріп сәт сапар тілеп шығарып салды. Үш адамнан отырғызылып бір күн бұрын жіберілген екі С-100 тракторы «Еспе» бекетінен бұрылып «Бұрқылдақ» қыстауына жол салуға жұмыстанып жатқан жерде жүріс тоқтады. Қардың қалыңдығы бір метрден асады, суырынды қар жал-жал болып тығыздалып трактордың итеруіне көнбей алдынан қалқалап жүргізбейді. Чкалов атындағы колхоздың қыстауына түнгі онбірде жеткен керуеншілер Қасымбек шопанның үйіне баса көктеп кіргендей болды. Әйелі екі қабат, айы күні жетіп ырсылдап әрең демалып отыр. Қоржын бас үйдің екі бөлмесіне бөліне отырған «құдайы қонақтардың» ортасында бір әйел – ол Ленин атындағы колхоздың кәссірі, қасында колхоздың төрағасы Е. Жұмағұлов, жеңіл мәшине жүруден қалған соң шопандарына айлықтарын тараттырып, хал жағдайдарын біліп, мал мамандарының жұмысын тексеріп қайтпақ болып кәссірін ала шыққан.
Жалғасы мына сілтемеде.
Садық Смағұлов
Пікір қалдыру