Естен кетпес елестер (Хикаяттан үзінді. Жалғасы​)

/uploads/thumbnail/20170709055646728_small.jpg

Жалғасы. Басы мына сілтемеде. 
Қасымбек шопан бөлек салақ еттерінен үш кіләграмдай ет жинап, шараға салғанын көрген кәссір келіншек қазан ошаққа жақындап от жағып, су қайнатқаша етті маидалап турап, бәріне жетсін дегендей сүйекті ұсақтап шағып тоң май қосып бір қазан суға салды. Еті піскен кезде  «бары осы» деп бір тостақ кепкен кеспені қосты. Дастархан жайылып жігіттер ала шыққан нандарымен ортақтасты. Бір-бір кеседен ішкен ыстық сорпа маңдайларынан тер шығарып, суықтан құрысып тырысып келген денелерін жіпсітіп, қабақтарын ашқандай болды. Үйдің іші де адам буымен жылынып есікті ашқанда кірген аяздың ызғары тынысты кеңейеткендей лап ете қалады. Түнімен Қасымбектің қойын кезекпен күзетіп, күндіз нашар қойлардың ауызына тостақпен жем ұстап өздеріне ермек жұмыс тапты. Қораның алдындағы үрінді қарды ойып, ауланы кеңейтіп күннің көзі көтерілгенде бір мезгіл үйінді қардың іргесіне шөп шашып жатқызбай айдамалап жегізеді.

Арқаның бораны бір соқса жеті күн соғады деуші еді Теріскей, Шоқпардың ақ түтек бораны ышқына, ысқыра үдей соққанына бүгін онбірінші күн. Жігіттердің біріне бірі иық тіресіп жатыстары жайсыз болған соң намазға тұрғандай ерте тұрып, қораға барып іргеде жатқан қойларды тұрғызу әдеттеріне айналған сықылды. Таңертеңгі оразаларын қара шәймен ашып отырғанда колхоз төрағасы Ешенқұл  Қасымбек шопанды шақырып алып:

    - Мына жігттердің жатқанына он күн болды. Бәрі бір-бір үцдің мырзасы, бір қойыңа екі қой берейін тіске басатын бірдеңе сой?

    - Басеке, малды жігіттеріңіз күнде аралап жүр, бар болса сойсын. Қарсылығым жоқ. Қалжаға деп отырған бір қойым бар, соям десеңіздер сойыңыздар. Қалжасызда өсер. Нан жоқ. Келініңізді маймен, құртпен, сумен көректендіріп отырмын.

    - Киізбен қалқалап «шымылдық» тұтып қойған дәлізде әйелдің шыңғырған қатты дауысы шықты. Қасында отырған кәссір келіншектің «толғақ» деген дауысын естіген фельдшер Құлжанбек, оташы дәрігер Сәкен асығыс-үсігіс жетті. Құлжанбектің «толғақ» қабылдап жүргені бірііші рет емес. Шу ауданыың құмды жайлаған жүздеген шопан балаларының «кіндік атасы» екенін ел біледі, есейген ержеткен балалары «кіндік папа» деп мақтан тұтып сыйласып тұрады. Көп ұзамай «киіз шымылдықтың» арғы жағынан «мен келдім» дегендей «іңгәлаған» ащы дауыс шықты. Қасымбек қораның түкпірінде екі қабат қамыс күркені Бағыс екеуі барып аударып тастап нән қошқарды алып келді. Қонақтардың ең жасы үлкені Ешенқұлдан бата сұрап:

    - Ешеке, «әмин» деңіз - деді Қасымбек.

    - «Бұйыртып жегізсіннен» әріге бармаған, алпысты алқымдап қалған ескі коммунист бетін де сипамады. Аяздың ызғарына қарамай  үйдің батыс жақ ықтасынын тазалап жіберіп қошқарды алып үрып төрт аяғын байлап қытайдан көшіп келгендігін білдіріп дауыстап бата жасады.

    - Жігіттер  - деді қасында тұрғандарға қарап - бір қызым бар. Құдайдан ұл сұрап, Шудың базарынан ең үлкен қазақы қошқарды сатып алып байлағаныма екі ай болды. Құдай тілекті беріп ұл туды. Қалжасы сіздерге бұйырды. Бағыс, екі жігіт ертіп барып жаңағы күркенің астында қытайдан әкелген тайқазан бар. Соны алдырт. Ақ түйенің қарыны жарылатын күн ғой бүгін. Күн ерте, жарық барда шілдехана жасайық.

Тайқазан ошаққа орнатылып жиырма летір су құйылып қошқардың еті түгел салынды. Ел басқарып жүрген адам ғой деп Бағысты жеке шығарып «жарты қап ұн, бес бөтелке арақ табамын» деді. «60-70 адамға оны көрсетпей -ақ қой, ендігі билікті маған бер» деді Бағыс. Үлкен шараға етті салдырып№

    - Нәрестенің шілдеханасында етті арғыншалап жейсіңдер. Төрт-бес кісіден табақ тартатын, жайғасып отыратын орын жоқ екенін көріп отырсыздар. Қамыр орнына жұқалап тілінген құйрық, бас әрине Ешекеңнің сыбағасы тостағы да, пышағы да бөлек. Тыққан жүз грамдарың болса әкеліп ауыз тиулеріңе болады - деп шараны алдына қойғызып етті сүйектен ажырата, майлы етпен білемдеп кескен құйрықты үлестіріп отырды.

Нәрестенің кіндігін кескеннен кейін Құлжекең, Сәкен, Қасымбек, Бағыс төртеуі бір сәт ақылдасып сәбидің атын қоюға шүйіркелесті. Боранды, аязды күні туды деп дауласып кеп Бағыс ұсынған «Кеңшілік» есіміне тоқтады. Өсер ортасы, болашағы кең болсын. Дастарханы, үй жайы, пейілі мен ниеті кең болсын деп «кең» сөзіне жалғанатын жақсылықтың барлығын тізбелеп қасындағыларды көндіріп, шілдехана мәзірі кезінде елге жариялады. Қызу қолдау тапқан КЕҢШІЛІК есіміне тоқтап, тостақ сұртып алып бес сом салып, төрге қарай Ешекеңе оздырып жіберді. Оншақты кісіні жағалаған тостақты үлкен табаққа ауыстырып алпыс адам мырзалық танытып жиналған ақшаны Қасымбек келіншегінің етегіне «ұл тапқан сенсің» деп бір-ақ қотарды.

Ертеңіне, Кеңшіліктің  іңгәлаған дауысын естігендей боран да басылып, аяз да сынып күн тұманданып ашылған болды. Бағыстың әкесінің айтқаны есіне түсіп «күн тұманданса аяз сынып, боран басылады» дегені тәуекелге итеріп барлық жүргізушіерді мәшиналарын қыздырып жолға дайындауды тапсырды. Өзі екі С-100 тракторын бақылауына алып жол бастады. Қазақ арасында өскен, алты неміс жігіті бүгін он күнгі үзілістен соң түнгі тамақтың тоғынан ба, күндегіден ширақ қимылдап тракторды жылдам оталдырды. Маторы қызған соң қарды алға қарай түймештеп итергеннен ештеңе өнбейтінін көрген Бағыс трактористерді жерге түсіріп ақылдасып қарды тура итермей бүрыштама етіп итеруді ұсынды. Енді екі трактор қатар тұрып итермей жолдың екі жағына итерсе қар да жеңіл, тракторға да көп күш түспейтініне көз жетті. Іс өнімсізду болса да қимыл бар. «Бұрқылдақтың» сайынан бір шақырымдай алыстағанда төбелерінен вертелот көрінді. «Бізді іздеушілер» деп ойлаған Бағыстың тілдесуге дәрмені жоқ еді. Төбелерінен үшінші айналып ұшқанда, бір түк шөп тастады. Ол түкпен хат тастағанын сезген Бағыс барып алды. Бірінші хатшы Түебековтің қолымен жазылған қағаз. «Бағыс! Тікұшақ болмай қатнассыз қалдық. Амансыңдар ма? «Күйеліде» сендерге қарай шығатын 20-30 мәшина тұр. Жол салатын трактор жоқ. Трактор «Еспеден» бері шығып келеді.Түебеков». Қағазды бірінен бірі алып бәрі оқыды. Қардың жұқалтаң жеріне келгенде жүрістері өнгендей болады. Барлық керуеншілрге «кешкі суыққа қалғыларың келмесе күрек алып тракторға көмектесіңдер» деген хабар тартты. Ауылшаруашылық басқармасының Бас зоотехнигі Сабыртай Жексеновтің өзі бастап тратордың алдына шықты. «Көп түкірсе көл болады» дегендей трактордың алдынан тура жарты метір терең арықты ұзынынан қазып жұмысты жеңілдетті. Трактоистер де көңілденіп  тракторларын ойқастата жаңа күш алғандай болды. Таңертеңгі сағат 11-00 де шыққан керуен кешкі 17-00 де сегіз шақырымдық «Күйеліге» әрең жетті. Жол күтіп тұрған, өлген қойлардың сүйегін тиеген керуеншілер мәшиналарын оталдырып екі мәшина қатар симайтын жолға ентелей бастады. Соңғы келген бензовоздың ізімен керуеншілер «Еспеден» шыққан, сүйір күректі қар итергішке қараңғы түспей жетуге ауылға қарай асықты.

«Күйеліге» қонбай жүріп кетуге, таңертеңгі жемсіз ішкен қара шәй жігіттерді бұралтып-ақ тастағандықтан бой жылытып түнеп шығуға қалды. Үй иесі сексеннен асқан Темірболат кәрияны Бағыс редакцияда,  Орақбай ақынның өлеңдерін іздестіріп жүргенде кездестірген. Әйелі шүлдірлеп жылдам сөйлегендіктен, сөзі түсінксіздеу, елуден асқан татар әйелі өзін «Тукал» деп таныстырды. Түсінбей қалған Бағысқа «Иә, иә Тукалмын» деді шапшаңдата сөйлеген  әйел.

    - Жоқ. Мен сіздің атыңызды сұрап тұрмын - деп қайталады Бағыс.

    - Сиз татар Тукаиды білесіз бе? Мен карындасимин. Бағыстың «білемін» деген сөзін айтқызбай киіп кетіп, Ол Тукаи. Мен Тукал қазақша тоқал, екінші әйелімін деп түсіндірді. Сөз осымен тоқтап «мына жігіттерге не тамақ береміз деген Бағысқа «шаром покати ничего нет» деді орысшалаған Тукал. Арғы жақтан Темірболат кәрияның дауысы шығып «Әй, бірдеңе тауып бер» деді. Шоланнан әкеліп бір шәй кесе қатырылған тоң май көрсетті. «Барымен базар, әкел» деп қолынан алған Бағыс қазанды Тукалға жуғызып «пияз бар ма?» деп еді құдай жарылқап кесілген үш бөлек пияз табылды. Сумен шайып жуып қазанға турап, майға қуырып тұз салып, суды молынан құйғызып  қайнатып, бір-бір кеседен шәй орнына жігіттерге ішкізді. Абай атамыздың  «Аш қарын жұбана ма, майлы жемейіне»  қазақтың «ет етке, сорпа беткесін» қосып жігіттердің көңілін тапқан болды.

Арқаның қиялай соққан ақ бораны Теріскейдің қарын суырып бет қаратпай үдеп тұрған таңертеңгілікте С-100 жол бастап жел айдаған қарда жүрістері жеңілдеп бірінің артынан бірі «зулап» келеді. Онсегіз шақырым жолды 18 минутта жүріп өткендей болып «Штабқа» жетті. Штаб бастығы керуенді жалғыз өзі күтіп алып барлық жігіттермен құшақтасып амандасып, төрт бөлмелі қонақ үйге кіргізді. Мал сойдырып, тамаққа тапсырыс беріп «шұғыл» жиналысын бастап кетті

- Жағдай өте ауыр - деп сөзін бастап, бір күрсініп алды да бұрынғы «Отыз үй», «Гүлденсін» колхоздарының қыстауын қыстап отырған жеті шаруашылықтың малынан жиырма машина өлік жібердік. Сойғызып көріп, ұлтабарларының бос екенін байқадым. Өткендегі 15-16 күн үздіксіз соққан бораннан сыртқа шыға алмай бірінің жүнін бірі жұлып жеп, аштан өлген болу керек. Жолдас бас зоотехник Жексенов Сабыртай мал сенікі, осы екі колхоздың қыстауындағы малдың жауапкершілгін өз мойныңа алып, келген жем шөптен керегінше жеткізіп береміз. Өкіл азаматтарды пайдалан. Қазір тамақтанып болған соң, аттаныңдар.

10 мәшинаның алдына түскен С-100-ға Сабыртай үш адамның бірі болып отырып «Отыз үйге» бет бұрып, жол жақсы болса қалтарыстағы «Гүлденсін» қыстауарына соға кетпек. Жер жағдайын жақсы білетіндіктен сай саланы бекітіп тастаған үресіндерден қырат-қыраттардағы тақырлармен «Гүлденсіннің» айналасындағы қыстауларға соғып партияның өкілдерін таныстырып, жем шөбін тастап кетіп отырды. Қапқа салынған жемді қасқалдақтың қанындай қылып дәлізге сақтап нашарлаған қойларға жалатып отыруды тапсырды. Өкіл «Бұрқылдақта» жатқанда бұл мектептен Бағыстың басшылығымен өткен. Күн батпай жем шөпті, өкілдерді таратып қоналқыға келген «Отызүйдің» орталығында үйді үйге бөлініп 15 күннен бері бел шешіп жатқандары осы болды. Таңертеңгі шәйдан соң, босаған мәшиналарды трактормен қосып рақыметін айтып Штабқа қайтарды.

Штаб бастығы Болат Абдразақов топографиялық картаны жайып тастап қай жерде, қай шаруашылықтың отары орналасқанын, шопандардың аты жөнімен Бағысты таныстырды. Отар әскери базасынан  көмекке келген екі танкі Көкшоқыда  қалғанын айтып, «шынжыр табандары жерге тимей, бауырына мұз қатып қардың үстінде ілулі тұр» соны шығару керек. Екі тракторды да сол жаққа айдаймыз. Бензовоздар моторының суын ағызып осында тұрса, келгендер бензинді талонмен алады. Бағыс міндетін түсініп, тапсырмасын алып болған соң қонақ үйде жатқан екі солдат-танкисті алып қос трактормен Көкшоқыға кетті. Омбы қар танкінің табанын екі қарыс бойы жерге жеткізбей көтеріп тұрғанын көріп, трактористер мұнша салмақты көтеріп тұруға қардың қаншалықты тапталғанына таң қалды. Астынан моторын қыздыратын орын болмағандықтан, алдын тазалап жуандығы баланың сирағындай танкінің тросын төрт адам сүйретіп, алдынан барып ілгішіне ілді. Трактористер ақылдаса келіп жұлқып тартпай жәймен тарту үшіп қос трактордың күшімен «мұз таудың» үстінен көп әурешілікпен жерге түсірді. Оттықпен солярка құйған бакті жылытып, моторды қыздырып екі сағат дегенде танкі оталдырылды. Екі танкіні де құрсаудан босатып Штабқа әкеліп майларын құйып, тамақтандырып, Отарға шығарып салды.

      Жем шөбін таратып болған машиналарды бос қайтармай терісі сыпырылған қойлардың сүйегін қайтару үшін Штаб бастығы бірінші хатшымен рация арқылы сөйлесті. «4-5 күн шыдаңдар» деген тапсырма алған Болат «Қырғызстанның Қарабалтадағы Ет комбинатымен келісе алмай жатқанын» түсіндірді.

    - Уақытты пайдаланып «өліктерді» жинатып алайық. Мынау аязда «өліктің» еті сасымайды. Машинаң жақсы сен «Отызүй», «Гүлденсін» жақты аралап Штабтың «ветврачы» сол жақта жүрген шығар «кімнен қанша өлгеніне қол қойғызып» растатып алсын. Өткенде 63 мың бас жібердік, енді қанша болар екен, азаятын шығар. Бақылау күшейді, жем шөп баршылық болды - деп жақсы үмітпен сөзін бітірді.

Ақпан айы ақилана, ұйытқи соққан боранмен басталды. Бірдекілі жылқылардың бөксесін желдің өтіне беріп құлап түскенін көріп адам жаны сыздайды. Түнде бәсеңдегендей болып ертең сағы сынар десең қайтадан сақылдап шыға келеді. Қыстың соңғы айы ғой ышқынып-ышқынып басылар десең күннен күнге үдеп келеді. Рацияның да үні өшіп ауданнан хабар алмғандарына да он күннен асты. Бұйығып жата бергеннен жалыққан Бағыс «Қарамола» қыстауындағы  екі отар саулыққа барып қайтуды жөн көргенін Болатқа ескертіп, жүргізушісімен екеуі кіші бесінде шығып кетті. Жолдан ұзап бағыт бағдарын жоғалтпай төбе-төбемен жүріп қыстаудың төбесі көрінгенде «қалай жылдам келіп қалдық» деп ойланғанша есік алдына да жетті. Машинаның гүрілін азынай соққан желден еміс-еміс естісе де «мына боранда не мәшине» деп далаға Қайырбек шопан Бағысты танып «ау, қайдан адасып жүрсіңдер» деп қарсы алып үйге кіргізді. Бағыс адасып келдік деуге ұялып «қалдарыңызды білейік» деп келдік, «өкіліңіз қайда?» деді.

     - Өкіліңіз, құдай бере салған малсақ жігіт екен, қорадан шықпайды. Қойларды тостақпен жемдеп, бір бума шөппен күйіс қайтартып кешке дейін ермек етеді.

    - Барайық, амандасайын - деп Қайырбекпен қораға кірсе Қуат Сүйімқұлов екен (Аудандық кинофикацияның директоры) құшақтасып амандасып қал сұрасты. Қуат:

    - Бізден бұрын, алғашқы боранда 32 бас өлген екен, кеше 7 бас алып кетті. Өлтірмеуге тырысып, Қайрекең екеуміз қолдан көректендіріп жатырмыз. Шөптің құнары жоқ, сояу қамыс. Жемге үйреніп алды қолымызды жалап, киімді тістелеп жем «сұрайды.»

Жағдайды көргеннен кейін қайтпақ болған Бағысқа қас қарайып, күн батардағы «мына боранда қайда барасыңдар» деп қондыруға қалдырды. Ертеңіне күн ашық болғанмен аязы сақылдап тұрғанда мәшинаны ыстық су құйып оталдырып, іргелес отырған екі шақырым жердегі «Қарамола» қыстауына түске қарай жетті. Аманшылықты, жем шөптің қалдығын біліп Комхоздың бастығы Шәріпханмен шәй ауыз тиіп, көрші шопанмен тілдесіп,  екі отарға бес қаптан он қап жем алуға шанамен келіп қайтуларына келісіп  жел ашып тастаған тастақ жолмен Штабқа келді. Өткенде үш тонна жемді, түсіртіп алғаны пайдаға асып, жемдері таусылған саулықтарға іш тастамас үшін қосымша бергізіп отырғанын мамандығы ветврач, аудандық атқару комиетінің бірінші орынбасары, бүгінгі Штаб бастығы да қолдады. Болат Абдразақовқа (қазақшаны түсінсе де, жауап беруге қиналады) шаруашылықты жақсы түсінетін журналист Бағысты  орынбасар етіп тағайындаудың сыры осында болса керек. Жеке шаруасымен келген шопандарды да «разберитесь с Багысом» деп отырады. Қысқа ақпан айы да жылдам бітуге айналды. Боран мен аяздың сағы сынар емес. Бес түнеп қайтқан мәшиналармен 38 мың қойдың өліктері жіберілген соң «енді өлік» «қабылдамаймыз», жем шөптерің наурыздың аяғына дейін жетеді деген талап қойылды.

    Бағыс аудан орталығымен рациямен сөйлескен Болаттан естіген жаңалықтан соң «Отызүй» жақты аралап қайтпаққа С-100 тракторына толық май құйғызып бір троктористпен жолға шықты. Жолда үресін қар жоқ болғанмен «Арқа қысы сенімсіз» дегендей табиғат аяқ астынан құбылып шыға келеді. Бас зоотехник Сабыртайды тауып, қал жағдайды білісіп отырғанда «он күн болды «Гүлденсін» жаққа бара алғаным жоқ» деп сол жаққа баруды ұсынды. Алты отар қойдың қыстауын аралап ауданның өкілдерімен сөйлесіп, жем шөбін көріп, мал басының амандығын біліп, көңілге тоқ санап жігіттерге «көбіне шыдадық, суығына шыдадық. Түебеков өзі келіп вертелотпен алып кетуге аз қалды» деп Бағыс жұбату айтып көңілдерін басты.

«Отызүйге» қайтқан Бағыс бажасымен бірге қонып Теріскейдегі шаруашылықтың бет алысын ақылдасып, қыс аяғы әлі созылатынын сөз етті. Қар еріп жер көк мұздаққа айналса, саулықтарға төлдер алдында үстеме көрек керектігін ақылдасты. Бізден гөрі билікке жақын болып тұрсың, Басқарма бастығы Ғани досыңнан, бірінші хатшы Түебековтен  тағы 60-70 тонна шөп, 20-30 тонна құрама жем сұрау керектігін айтты. Аудандағы 462 мың бас қой малының 300 мыңы осы Теріскейде қыстатылып отырғанын еске салды. Бас зоотехник Сабыртайдан мал шаруашылығының қыр сырын ұққан Бағыс, төсекте жатқанда көпке дейін көз ілмей «жазу сызумен бас қатырғанша» сырттай зоотехникалық мамандыққа оқуға да түскісі келіп дөңбекшіп жатып ұйықтап кетті. Таңертең түндегі ойдан ада, Бас зоотехникпен көрген білген мәліметтерді Болатқа жеткізіп, ол кезегінде рациямен кешкі байланысқа шыққанда «бірінші хатшыға тікелей өзің айтып жеткіз» сенің қарап жүрмегеніңді білсін деп ақыл берді.   

 Кешкісін рацияға шығып амандасқан Ж.Түебековке «Бағыс все доложать» деді де рация трубкасын берді. Сыпайы сәлемдескен Бағыс үш күнде 43 отарды түгел аралап шыққанын айтып, ауа райының мал жанға қолайсыздығынан, әлі де болса жем шөптің керек екендігіне сендірді. Жайылым ашылмай ескірген қардың беті мұздақтанып ойылып кетсе қойдың жіліншік терсін қиып жіберетін.

    - Бағыс сен өзің дайын директор болыпсың ғой - деп күлгенде іле жауап қатқан Бағыс:

    - «Қорқақты қуа берсе, батыр болады» дегендей аудандық Ветврач Құсайыновқа, Бас зоотехник Жексеновке бастық жасап қойсаңыз маман болып шықпасқа амал қалды ма, аға - деп бірінші рет еркелей сөйледі.

    = Үйрене бер, зияны тимейді. Сен ертең кешкі рацияға кел. Ұзап кетпе - деп ескертті де трубканы қойды.

     - Ұзақ, жақсы сөйестіңдер ғой, деді Болат жиналған төсекте қисайып  жатқан күйі.

    - Мен сұраған заттардың жауабын ертең береді-ау деймін, «рациядан алысқа кетпе» деді ғой - деп селқос жауап берді.

    Ертеңіне Штаб бастығы Болат та қызығушылық танытып рациядан Ж. Түебековтің дауысын екеулеп тыңдап мәз болысты.

          - Алға қызылша совхозы, Тасөткел мал бордақылау совхозы  6 тоннадан 12 тонна жем, 10 тоннадан 20 тонна шөп береді, Болат өзі келіп алып кетсін дегенін естіп «Молодец, Багыс. Сен сұрадың, мен ауылға баратын болдым» деп балаша қуанып кетті. ГАЗ-69-імен ауданға кеткен Болат екі қонып, барар жолдың ауыртпалығын тартып, бері шығарда рациямен тідесіп, «Бұрқылдақтың» сайынан трактор күтіп алсын» деп хабарлады.

      Келген жем шөпті қасқалдақтың қанындай етіп қалған қойдың санына қарай тізімдеп бөліп, сол күні  жақын жердегі саулық отарларға жеткізіліп берілді. Күн құрғатпай барлық отарларға жеткізілді. Шопандар қуана қарсы алып, малдан тасалап шөпті қораның төбесіне шығарып, жемді де ықтияттап алды. Дер кезінде келген көмекті «ферма меңгерушілері» Сабыртай Жексенов пен Ыбраш Құсайынов  ерекше бақылауға алып  шопандар жұмысын жақсартты. Өлім жітім тез арада қысқарып малдың қимылдары ширады.

Табиғат мінезі қызық 17 наурыз күні таңертең түнімен соққан боран сап тиылып, аяқ астынан жайма шуақ күн көтеріліп, қардың беті жіпсіп, жылтырап шыға келді. Бұл тосын құбылысты қарт шопандар әр саққа жүгіртіп сәуегейлік жасап, «күн ішін тартып өлер адында бір ышқына соғып аяздатайын» деп тұр десе, екіншісі «құдайдың мейірімі түсейін десе қолында ғой» 1953 жылы да күн бірден жылынып кеткен. «Не десеңдер о деңдер көктем өз есесін алады» несіне уайымдайсыңдар, шөп, жем үнемдесек 10-15 күнге жетеді, арғы жағы көктем. Қарды ашып көріңдерші, асты көкпеңбек, енді қорқатын ештеңе жоқ деп жалаң бас шал басын бір сипап қойды.

Аспанды жайлаған ала бұлт бірте-бірте сейіліп 19 наурыз күні таң атпағандай, күн шықпағандай айнала қара түнек, аспандағы қара бұлт жылжымайды, сіресіп тұр. Жерде қар жатса да, баяу жылы жел соғады. Көктем лебі. Күн ашылмаған, қораның есігін ашқанда қойлар далаға ұмтылды. Көктем исін сезді. Жем жалап, шөпке қарамады. Тұмсықтарын жоғары көтеріп, кең тыныс алғаны көрініп тұр. Қойларды күндегі әдеттерінше қораның ішін төрт бес айналдырып есіктерін бекітіп тастады. Түн ортасы ауа нөсерлеп құйған жаңбырдың терезені ұрған сартылы елді еріксіз оятты. Аяғына кебіс кисе де, табалдырықтан аттай бере тобығынан су кешкен шопан қораның есігінен  ағып жатқан суды көріп, есі шыққаннан жүгіре басып қойларды орнынан тұрғызып сыртқа шығара бастады. Күн көтеріле Штабтың іргесіндегі «Жыландысайдан» тасыған судың күркірі Абай атамыздың «Ауылдың жаны терең терең сай, тасыған өзен гүрілдей» деген өлеңін еске түсіреді. Тасыған өзенге сайдың арғы жағынан да, бергі жағынан да адамдар қаптай бастаса, көбі жалаң аяқ, жалаң кеуделі балалар, жылы жаңбырды қызық көріп көйлектерін де шешіп алған. Дүкенші Төлеген де елмен бірге сайға жақындағанда қаптаған жыланды көріп «өлтіріңдер қазір үйге, қораға кіріп паналап малды шағады, сиырдың емшегін емеді» деп жерден тереңдетіп шұңқыр қаздырып, ұзындығы екі шақырым жерден 70-80 жыланды өлтіртіп, өзі бас боп көмдірді. Үш күн толассыз тасыған «Жыландысай» мен «Бұрқылдақ» сайының лай суы шығындатпай, шуылдатпай басылды. Күн мен түн теңелген 22 наурызда күн шәйдай ашылып  мал көк қуалай бастады.

     25 наурыз күні Штаб бастығы Болат шақыртқан автобуспен Аудком жіберген өкілдер және Бағыс өз мәшинасымен партия тапсырмасын орындап ауылға қайтты.  Бір күн демалып, жұмысқа шыққан Бағысқа «Мәшинаны мақсатсыз пайдаланғаны үшін жұмыстан босатылуы Аудкомнан сұралсын» деген хаттың столының үстінде жатқанын көрді. Оған мән бере қоймаған Бағыс өзінің орнында қалдырған оқу ісінің меңгерушісі Д. Дьяченкомен сөйлескенде «Жұмыстан шығарылсын деген бүйрық жоқ. Өткенде келіп Тирді көріп мақтап кеткен. Сен өзіңше кеткен жоқсың, партия жұмсады» деді. Үшінші күні бірінші хатшы Бағысты шақыртып:

    - Жұмысың қалай? Кірістің бе? - деді. Бағыс хаттың келгенін айтпай үнсіз отырғанда жұмсын өздеріне тапсырып, Аудандық «Кинофикация» мекемесін қабылда - деп облыстық ДОСААФ бастығының хатын алдына қойды.

     - Бастықпен әлі сөйлескен жоқпын - деп еді Бағыс.

     - Сөйлеспей-ақ қой - деп кесіп тастады бірінші хатшы.

Жаңа жұмысқа есепшісі мен жүргізушісін  ала кетпек болып келіскен Бағыс облыстық бастықтың шақыртуымен Жамбылға барып қайтты. Жақсы қарсы алған бастық үш ай бұрын жазылған «сынып, жарамсыз болған карабиннің» актісінің бұрышына «бекітемін» деп қол қойылған қағазды берді. Бағыс  неде болса үндемей құтылуға бел буып, «ауданға келгеніңізде жуармыз» дегендей уәде берген болды. Бастық «тек милицияның «бастықсымағына» қол қойғыз деді. Құр қол келгеніне өкінген Бағыс поезбен ауылға қайтты. Актіні алып ОБХС-те істейтін досы А.Жетігеновке барды. Ол бұрыштаманы көріп, үн түнсіз қол қойып берген Актіні есепшісі Валентина Богдановаға әкеп беріп, бұрыштамадағы ай күнімен құжаттан өткізіп жібертті. Әліптің артын бағып «бұл қалай болар екен» леп уаймдаған Бағыс карабинді алып кету үшін жұмыстан кеш қайтып, әйел балашағасына көрсетпей тығып тастады.  

        Облыстық бастықты бір жеті күткен Бағыс өзі телефон соғып «Бірінші хатшы басқа жұмысқа ауыстырып жатыр» деп хабарлағанда бастықтың дауысы қатқылдау шығып:

    - Жұмысыды істей беремін - деп айтпадың ба?

    - Сіздің хатыңызға байланысты ауыстырып отыр - деді Бағыс.

    - Жарайды, хатшымен өзім сөйлесемін - деп трубканы қоя салды.

    Бағыс жұмысты Д. Дьяченкоға тапсырып, Облкинофикацияға барып бастығына жолықты. Бұйрығын алып өзі бірге келген бастық, ұжыммен таныстырып, жаңа жұмыстың қыр сырын түсіндіріп жатқанда бұрыннан таныс жігіттер бастықтарын сыйлап, дастархан ұйымдастырып шәй берді. Дастархан басында сөз сөлеген Қ. Барлықожаев:

    - Өздерің бұрыннан таныс екенсідер. Қ Сүйімқұлов та жақсы таниды екен. Енді ол Облпрокатқа бастық болып ауысайын деп жатыр. Жақсы қарым қатнаста болыңдар. Жұмыстарыңа табыс тілеймін - деп аяқтады сөзін Облыстан келген Қайырқожа бастық.

     Айдың аяғында ОблДОСААФ-тың бастығы Зекеңнің келгенін Валентина хабарлап, барып амандасып жақсы сөйлесіп кешке үйіне қонаққа шақырды. Зекең «бара алмайын, асығыспын» деген соң «сыбағаңызды тірідей берейін бе, сойып салып берейін бе?» деп еді «сойғаның дұрыс қой» деді.

     - Онда үйден шәй ішіңіз. Сіз шәй ішкенше дайын болады. Сойып, тазалап шүберекке орап бұрынғы бастығы Зағыпар ағасын Жамбыл қаласына шығарып салды. Карабин жайлы сөз болмағанына көңілі жайланған Бағыс кешкі жұмыс аяғында бірінші хатшыға кіріп сәлем берді. Жұмысты өткізіп, жаңа жұмысты қабылдағанын айтты.

    - Жақа - деді Бағыс сөзді қалай бастарын білмей күмілжіп.

    - Не, бірдеңе айтқың келіп отыр ма?

    - Жамбылдан келген бастығым бір карабин «сыйлап» еді, соны сізге сыйлағым келеді. Тек бір «НО-сы» бар. Ол - өз атыңызға аударып алуыңыз керек.

    - Сенде тұра берсін. Сөйлесіп, келісіп болғаннан кейін саған айтамын деді хатшы, қайта беруіне ұлықсат беріп.

1970 жылы Жапар Түебеков  Облыстық атқару комитетіне Сәлімгерей Тоқтамысовтің зейнетке шығуына байланысты, бірінші орынбасар болып ауысты. 1971 жылы Тасөткел су қоймасының ашылуына сәйкес Ауданаралық аң, балық қорғау инспекциясын ашып, (Мерке, Қордай, Мойынқұм) орталығы Шу ауданы, Новотроицкі селосы болып белгіленді. Ауданға келгенде жүргізушісіне қонақүйге шақыртып алып дастархан басына серванттан ашылмаған бес жұлдызды коньяк алып «сазарып отыратын, бүрынғы бірінші хатшы емес», рюмкаларын ыңғайлағанша буфеттен нан, индуктің еті, салат, сүт қатқан шәй, тәттілерімен әкелінді.

    - Мен 12 жыл хатшы болдым. 10 жылында  сенімен «сырлас» болдым деуге де болады. Екі шалдан (Қаден Қабышев, Әбимолла Көшенов) басқа адам ара қатнасымызды білмеді. Тісіңе берік екеніңді түсіндім. Ақкөңілділігің сыр шашпайды екен. Жаңадан ашылатын Аудандық аң, балық қорғау инспекциясының бастықтығына ұсындым, келесі жылы зейнетке шығып облыстық инспекцияның бастығы боламын. Бірге демалайық, келісесің бе? - деді Жапар Түебеков.

    - Менде қарсылық жоқ - деді Бағыс аңшылыққа құмарлығын жасыра алмай.

    - Онда кел, 10 грамнан ауыз тиейік - деді Жақаң.

    - Сізбен 10 грамм ауыз тию деген, ұят емес пе - деп қысылған болды Бағыс.

    - Сенің қалай ішетініңді білемін, мас болып құламайсың, артық сөз айтпай тұйықтала бастайсың. Ішкізіп сөйлетеміз дегендер де болған көрінеді.

Жаңа жылдан бастап «орда бұзар отызынан, қамал алар 42 жасына» дейін 12 жыл Жақаңмен дәмдес тұздастығымен, қалжыңы да жарасып, сырлары да жымдасып, көз қарасынан ұғысып кетті. «Дарханқұдыққа» барып жүріп орманшы Тайқожаның аққудай сұлу, қыз біткеннің періштесі көз тимесін деп «Қарақыз» аталып кеткен қызына көңілі түскенін Бағысқа жұмбақтап жеткізді. Ол қыздың басы бос емес екендігін, «Ю.А.Глазовтің көп шығынмен иемденіп жүргенін» айтып бетін қайтара алмаған соң жалғыз тастап шәй құйғызып бергізіп жүрді». Тіл табысып бірін бірі көрмесе түра алмайтын жағдайға жетті. Алыстан «ат арытып» келіп тұруды жиілетті. Жамбыл қаласынан екі бөлмелі үй әперіп, көшіріп алған соң Бағыстың құлағы тынышталған-ды. Ю.А. Глазовтың өзін өзі картешпен атып өлтіруіне «Қарақыздың күйігі» себеп болды ма, дегенді алға тартатын жақын жолдастары Г. Харламов, В. Моргунов, Бағыс өздерінің аттарына жазып кеткен тілдей қағазда «Мені Қаскелеңге апарып, шешемнің қасына қойыңдар» деп жазғаннан басқа сөз жоқ.

        Келесі жылдан бастап  төрт ауданның тау тасын, орман тоғайын аралап  екі Республиканың аң құмар шенеуніктерімен танысып, Бағыстың абройы асып, беделі бекіді.  Жақаңмен «Тайсойғаның» құмынан, дүлей сексеуілдің ішінен, Теріскейдің Көкшоқысынан, Тарылған тауының тармақтарынан айсыз қараңғы түнде адаспай жол табатын сапарласы болды. Ел қызығатында, қызғанатында су жаңа УАЗ-ға мінгізіп айды аспанға бір-ақ шығарды. Бағыстың өзі: «Балалық бал дәуреніме тең келмесе де Жақаңның арқасында әке аманаты орындалып, кісілікке жеттім. Жігіттігімде, серілігімде Қаракесек-Мәди айтқандай «ақ алмастың жүзіндей қайралып» шықты. Бағыс 12 жылда төрт бірінші хатшымен таныс біліс болып, соңғы келген Н. Шымшықов:

     - Бағыс «үлкен аттақырдан жем жеген адамсың, бір интернат бір директорды бағады» жоғарғы жақтан осындай ұсыныс болды - деп шақырып алып ескертті.

      - Нұреке! Мен мұғалім емеспін, журналистпін газетке жәй қызметкер болып барайын, бұрынғы қызмет жасаған жерім - деп еді

      - Сен партияның солдатысың, жүмсаған жерге барасың, басқа сөзді қой деді.  Істің насырға шапқанын білген Бағыс Жақаңа звондап мән жайды түсіндірді.

      - Естідім - деді Жақаң. Олардың қызығып жүргені, сенің УАЗ-ң. Ертең адам жіберем, актімен өткіз. Жаяу емессің, керек кезінде аңға шығып тұрасың, кездесу үзілмейді - деп бітірді сөзін.    

Сөйтіп, ойламаған жерден мектеп-интераттың директоры болып шыға келді.   Жарты жылға жетпей домалақ арыз көбейіп, мазасызданған хатшы Бағысты шақырып алып «хат жазып беріп», КазПИ-дің ректорына жіберді. Төртінші курсқа тарих факультетіне сырттай оқуға қабылдатты. 18 жыл мектеп-интернаттың директоры болған кезінде өзінің 40 жылғы досы Ауысқанның «интернаттың көжесіне таласқан» арызымен арпалысып «қызыққа» батып жүрді. Тоқсаныншы жылдың тоқырауына ұшырап интернат таратылды, колхоз-совхоз жойылып, байлығы жемқорлардың жемтігінде, өндіріс өшіріліп, шіләпі кигендердің өңешінде кетті. Ел есеңгіреп бала шаға асырау қамымен қалаға қашты. Елдің азған тозғанын жөндейміз деген жанкештілер әрқайсысы әртүрлі жолмен шықты. Теміртаудан «темір Алмасы» биліктің ішіне кіріп іріткісі келсе, Алматының «қара Алмасы күшпен қорқытып билікті алақанда ұстағысы келіп көсілді, Семейден шыққан «рыжый Алмас» өркениетті жолмен Ойынхана, Ақылы базарлар, жеңіл мәшине жөндейтін шеберханалар ашу арқылы ақша қорын жасап, банктермен жұмыс жасауды көздеді.

(Жалғасы бар)                                              

Садық  Смағұлов    


 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар