– Бізде әдеби сындар жазылып жатыр. Сын мүлде жоқ деп айта алмаймыз. Сын жоқ деп бұрыннан айтылып келеді, өте жаттанды әңгіме. Бірақ әдеби сындар үнемі сәтті бола бермейді. Айталық, Мағжанның ақындығы туралы Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Ташкентте жасаған баяндамасы Мағжанды ақтау тұрғысындағы баяндама болатын. Себебі, 1924-25 жылдары Мағжан қуғынға ұшырады. Сәбит Мұқановтар ақынның басына қара қап кигізіп, рухани, әдеби сот жүргізді. Ақын өлеңдерін жоққа шығарып, Совет үкіметіне қарсы, ұлтшыл, кертартпа ақын ретінде жұртқа жайды. Сол кезде Жүсекең ара түсіп, Ташкентте қазақ жастарына Мағжанның ақындығы туралы баяндама жасады. Қазір сол баяндаманы сыни мақала деп қабылдауға болады. Мақалада ақын өлеңдерін талдап, «Мағжан несімен ақын, ақындық ерекшелігі қандай?» деген мәселелерді көтере отырып, Жүсіпбек Аймауытов ақын поэзиясының бүкіл эстетикалық қырын ашып шығады. Бұл мақаланың құндылығы Жүсіпбектің Мағжанды үлкен романтик, жаңашыл, Еуропа деңгейіне көтерілген ірі ақын ретінде талдап, көрсетіп бергендігінде. «Мағжан керемет, жақсы» деген бір ауыз сөз жоқ онда. Таза, кәсіби деңгейде жазылған сыни мақала. Менің ойымша, қазақтың кәсіби сыны Жүсіпбек Аймауытовтың осы мақаласынан басталды. Тағы бір айта кететін жайт, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» деген кітабы бар, 1926 жылы шыққан. Ахаңның бұдан да ертерек жарияланған Абай туралы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласы бар. Бұл кісінің кітабын яки мақаласын болсын кәсіби сын дегеннен гөрі, филологиялық еңбек деген орынды шығар. Неге? Себебі, Ахмет Байтұрсынов филологияға тән барлық жүйені «Әдебиет танытқышта» жасап берді. Тағы бір шоқтығы биік әдеби сын Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» деген кітабында шыққан Абай туралы, Қасым туралы жазылған эсселері. Тәкен Әлімқұловтың сол көлемді эсселерінде Абай мен Қасымның ақындық әлемі ғажап ашылып, талданады. Сосын, Асқар Сүлейменов жап-жас кезінде (1961 жылы болса керек) әдейі әдеби процеске қозғау салу үшін, бір жағынан аға буынның кейбір кемшілігін айтып, Толстой, Әуезовтерді талдай отырып «Тіл туралы бірер сөз» деген мақала жазған. Үлкен әдеби мәселе көтерген. Ол да әдеби сыннан гөрі, әдеби философияға жақын. Жүсіпбек Аймауытовтың, Тәкен Әлімқұловтың біз атап отырған мақалалары әдеби теориялық, әдеби философиялық толғаныстарға толы. Ол мақалалардың бәрі тікелей бір шығармаға айтылған әдеби сын емес, тұтас қазақтың жүз жылдық әдеби үрдісін қорытындылаған, талдаған еңбектер деп ойлаймын. Осындай әдеби-философиялық ой-толғамдарды Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек», «Тыныштық метафорасы» деген секілді еңбектерінен ұшыратамыз. Үлкен әдеби-философиялық, эстетикалық дүниені сарапқа салатын еңбектер аса көп те, жоқ та емес. Әдеби сын тек ғана бір шығармаға айтылмайды, әдеби дәуірлерді де қамтиды. Жоғарыда атап өткен бес мақаланы (Жүсіпбектің Мағжан туралы мақаласын, Тәкен Әлімқұловтың Абай, Қасым туралы мақаласын, Асқар Сүлейменовтың тіл туралы мақаласын, Тұрсынжан Шапайдың екі мақаласын) әдеби дәуірлерге пікір айтқан еңбектер деп есептеймін. Ал, ондай деңгейге, өреге аса талғамды, сезімтал, жүректі сыншылар ғана бара алады. Дайындықпен келеді. Орыстың әдеби сынындағы мәңгілік мұра – Белинскийдің тіл туралы бес мақаласы, Михаил Бахтин философиялық толғаныстары, Томас Элиоттың еңбектері, Хосе Ортега и-Гассеттің әдеби, мәдени ізденістері, Йохан Хейзинганың әлемдік ауқымды шыққан дүниелері – тұтас әдеби жаңалықтардың ашылуына түрткі болды. Бізде өнерді талдаған, сараптаған сыннан гөрі, әдебиет тарихының зерттеулері, онан қалса талғамсыз жазылған дүниелер басым. Қазір таза әдеби пікірталас, үлкен әдеби толғаныстар, көркем шығарманы талдайтын сыншылар жоқтың қасы. Қарап отырсаңыз, әдеби құбылыс болып жатады. Мәселен, Мұқағали өте үлкен құбылыс. Ал, Мұқаң несімен мықты, несімен жұрттың жүрегінен орын тепті дегенге келсек, әлі ашылмаған құпия көп. Оның сырын оқырман да, әдеби орта да білмейді. Мүмкін бір-екі сыншы білген шығар, олар да жазған жоқ. Мүмкін, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Төлеген Тоқбергенов білген шығар... Мысалы, Әбіш Кекілбаевтың 1972 жылы шыққан әдеби сын-мақалалары бар, тұтас кітап. Сонда Әбекең Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Төлеген Айбергенов, Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев туралы жазады. Сол дәуірдегі әдеби құбылысты түгел жазды. Бірақ Әбіш Кекілбаевтың сол мақалалары сипаттама тұрғысында қалып қойды. Ол жерде жаңағы айтып отырған Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұловтікі сияқты талдау жоқ. Ол жерде дым жоқ еді деген сөз емес, өз деңгейінде пайым-түсінікпен жазылған мақалалар. Бірақ, Әбіш Кекілбаев эпикалық жазушы, сыншы емес екен. Тәкен Әлімқұлов айтқандай жанрын тапқан жазушы болды... Негізі сынды есерсоқ біреу болмаса, барлық адам қабылдайды. Дұрыс айтылған сын ешкімнің шабына шоқ тастамайды. Орнымен кекетпей, мұқатпай айтқан сынды, неге қабылдамасқа. Мәселенің бәрі адамның өресі жеткен жеріне байланысты. Көңіл жықпастықпен біреудің шығармашылығы туралы сыншылар жазса жазатын шығар. Оған тоқтап қалайын деп тұрған әдеби процесс жоқ. Ертеректе Айгүл Ісмақова «Қазақ әдебиеті» газетіне «Мерейтойлық емес мақала» деген мақала жазған болатын. Ол мақала жайдан-жай жазылмаса керек. Өйткені, мерейтойлық мақалалар көп жазылатын болған соң, соны сынады. Шынымен де қазір біреудің мерейтойы болса «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Түркістан», «Алаш айнасы», «Алматы ақшамы» газеттеріне мерейтой иесі туралы керемет пафоспен жазылған мақалалар шығады. Оған дейін де, одан кейін де ондай мақаланы көре алмайсың. Мүмкін, бұл да керек шығар. Жалпы, адамзаттық қоғамда тек талғамды адамдарға ғана билік беретін, солар ғана елдің, өнердің тағдырын шешетін жағдай болмайды. Болуы да мүмкін емес. Өзіміз елжіреп еске алатын Алаш орда заманында ондай нәрсе болмады. Алаш орда заманында Советтік бағыттағы сыншылар мен шынайы ұлт жанашырлары арасындағы айтыс-тартыстар әдеби, көркемдік талдауларға құрылған жоқ. Таптық көзқарастар негізінде өрбіді. Мағжан, Мұхтарлардың олармен сөз таластыратын уақыты да болған жоқ. Қуғында жүрді. Бірақ Мағжанның, Мұхтардың, Міржақыптың, Ахметтің өздері ғана пікір алмастырып, кеңес құратын, тасқа басылмаған талғамды орталары болды. Ондай орта бүгін де бар. Газетке жазылмайды, басқосуларға бармайды. Өзімен-өзі. Ондай мәдениетті жалпы халықтық деңгейге шығару, адамзат үшін мүмкін болмай келеді... Қорытып айтқанда, әдебиет зерттеушілеріміз болсын, ақын-жазушыларымыз болсын олардың жасаған еңбектері әдеби процеске жауап беріп, заман сұранысын қанағаттандырса, ұрпақтан ұрпаққа жетіп жатады. Мысалы, қазір Жүсіпбек Аймауытовты Алаш болғаны үшін оқып жатқан жоқпыз. Мағжанды да солай. Әйтпесе, Алаш құрамында Мағжаннан басқа ақын, Жүсіпбектен басқа жазушы жоқ дейсің бе? Көркемдігі, беретін эстетикалық ләззаты, рухани сұранысымызды қанағаттандыратын ерекшелігі үшін көз майыңды тауысасың...
Дайындаған Ырысбек ДӘБЕЙ.
сурет "Азаттық радиосының" сайтынан алынды
Пікір қалдыру