«Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ» дейді Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде.Ол енді бір мақаласында «Сөз – қару, бұны бұзуға жұмсасақ, бұзады. Түзетуге жұмсасақ, түзейді» деп жазады. Бұқаралық ақпарат құралының тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамдық көзқарасты, идеологияны қалыптастырушы құрал, бүгінгі ақпараттық майдандағы негізгі қару екенін одан артық айта да алмаспыз.
2013 жылдың 31 желтоқсанындағы ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 2 783 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның ішінде толықтай мемлекеттік тілде ақпарат тарататын БАҚ саны – 555 (20%) болса, таза орыс тілділер саны – 938 (34%), орыс және қазақ тіліндегісі – 941 (34%), басқа тілде ақпарат тарататындар саны – 349 (13%) құраған.
Алайда, осы жылдың наурыз айында қазақ тілді «Еларна» жұмысын тоқтатты. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Еларнаға жыл сайын 2 млрд теңге бөлініп отырған десе, Еларнаның директоры Серік Абас-Шах ондай ақшаның арнада болмағанын ашық айтты. Бірақ, 2 млрд. теңгенің қайда кеткеніне Рашид Түсіпбеков те, Асхат Дауылбаев та мән берген жоқ.
Білдей бір арна жабылып жатқанда, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, Конституциялық құрылысына, жерінің тұтастығына ашық қауіп төндіріп, «Казахстан должен стать губернией России» дегенді айтқызып, Ермек Тайчибеков сияқты сепаратистерден сұхбат алған zonakz.net, (http://www.zonakz.net/articles/68865 ) оны жарыса көшіріп басып, май құя түскен yvision.kz, (http://yvision.kz/post/406698), m.pavon.kz (http://m.pavon.kz/post/view/31506/see375141) сияқты сайттарға ескерту жасауға да жарамаған Құзырлы орган Гитлер туралы мақала жазғаны үшін «Аңыз адам» журналына ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы бойынша айып тағып, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздырушы ретінде танып отыр.
Бұл өз кезегінде ел билігінің қазақ БАҚ мәселесінде «двойной стандарт» ұстанып отырғанын дәлелдейді.
Ресейдің ақпараттық экспанциясынан шықпай, тәуелсіз, ұлттық ақпарат кеңістігін құрмай елдің, мемлекеттің тәуелсіздігі баянды болмайтынын ұлтшыл азаматтар жиі жазып та, айтып та жүрміз. Ал сол ескерту, жанайқайға ресми биліктің «назар аударған» жағдайын көріп отырмыз.
Ия, Гитлер-фашист. Оны тарих та, ғылым да әлдеқашан дәлелдеген. Алайда, Нағашыбай Есмұрзаның бір мақаласы үшін журналдың бас редакторын 12 жылға бас бостандығынан айыруды көздеу билік тарапынан саяси көрсоқырлық қана емес, құқықтық сауатсыздық деп бағалаған жөн. Себебі, Қазақстан Конституциясының 5-бабында «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады» деп анық жазылып тұр. Ал ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңының 2-бабында «Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады» деп көрсетілген. Сонымен бірге, айыпшылдар аталған заңның 26-бабынан да хабарсыз немесе ол баптарды, яғни заң талаптарын әдейі, өрескел бұзып отыр.
Биліктің, ресми органдардың Конституция нормаларын, заңдарды бұрмалап, аяқ асты етіп келе жатқаны бір бұл емес. Қазақстан азаматтарының Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау биліктің негізгі міндеті еді. Алайда, Конституция нормаларын бірінші болып іске асыруы тиіс, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау міндеттелген атқарушы билік органдарының өрескел әрекеттері қоғамдағы алаңдаушылық пен халықтың наразылығын тудырумен бірге, елдің тыныштығын сақтауға да кері әсерін тигізуде.
Дәл осылай жалғаса берсе, халықтың өз билігін өзі қолына алып, әділдікті өзі орнатуға талпыныс жасары анық...
Мақсат Ілиясұлы, заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары