Совет-Хан Ғаббасов - Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, академик.
Үш жүз дегеніміз не?
- Бұл ұғымның мәні қандай ?..
- Мүмкін халықтық қасиетімізді асылдандырып, жаратылысымызды жаңғыртып, тегімізді мәйектендіретін биологиялық, иә физио-психологиялық факторға жата ма ?..
- Иә-ә болмаса, отбасылық дәстүрге береке-бірлік қосарлықтай ықпалы мол, шапағатты құбылыс па ?..
- Әлде иісі қазақтың туысқандық салт-санасына жағымды әсер ете алар ардақтау мен әлпештеуге тұрарлық заңдылықтардың жүйесі ме екен ?..
- Кәнеки, осы сауалдарға әрқайсымыз да толғанып та.., ойланып та.. көрелікші ?!..
Сонда, саналы жанға ауыр азап...азғындаудың азапты жолдарына жетелейтін, жұртымыздың тұтастығы мен халқымыздың береке-бірліктеріне қаяу түсіретін, аса ауыр теріс психологияны қалыптастыратын жайсыз ұғым екендігін аңғару қиын емес сияқты. Егер қазақ халқын жаратылыс берген қасиеттеріне орай гауһар тасқа бағаласақ, онда қазіргі түсініктегі «үш жүз» деген ұғым осы асыл тастың ішін кеуектеп жатқан ‑ қарабас құрт ‑ тәрізді бейнеге ауысып бара жатқандығын ашық айтуымыз керек. Егемендігімізді алып ел бола бастаған алғашқы сәттен-ақ, іштей шарпып күйдірмек күлді-бадам дерттің тамырына балта шабу, бүкіл халқымыздың біріге қимылдар асыл мұраты..,- деп білемін.
- Әйтсе де, «үш жүз» деген ұғым нені білдіреді ?
- Қай заманнан бері қазақ жұртының қолданысына енген ?
- Оның мәні мен мағынасы не?
Міне, бұл үзік-үзік болып жеткен тарихи деректердің ізі, ескіден жеткен ел аузындағы аңыздар, қайбір көне шежірелердегі тұспалдарды ғана пайдаланып, логикалық қорытындылар жасауға тура келеді. Қазақ халқы өз алдына жеке мемлекет құрып, шаңырағын көтергеннен бері қарайғы уақыттың ішінде, әсіресе Хақназар ханның тұсында, қазіргі кең байтақ Қазақстан жерінің көлемінен де кең, ұлан-ғайыр кеңістікті қамтығандығы белгілі. Қиыр Шығыстан - Орал тауының арғы астындағы.., Түменге дейінгі жерлерді қамтыған ғой. Оның үстіне Хақназар осынау алып алқапты қырық жыл билеп, ел басқарудың ықшамды да, тамаша дәстүрлерін қалыптастырған асқан дарындылығымен де ерекшеленеді. Міне, дәл осы кезде қазақтың кең даласын «үш аймаққа» бөліп, оны «үш жүз» деп атандырғаны да сол заманның қалдырып кеткен мұрасы болып табылады.
Ендеше, қазіргі республикамыздың он төрт облысқа бөліп басқарып отырғанымыз сияқты үш жүз де өз заманындағы ел басқарудың жүйесі болып табылады екен. Осыдан келіп үш жүздің өмірге келген заманы да, оның өзіне тән ұғымы мен мән-мағынасы да айқындала бермек. Кезінде кең байтақ даласын ықшамды басқару үшін қолданған үш жүздік туралы ұғымды,біз қазір туыстықтың шекарасы тәрізді түсініп жүрген жоқпыз ба?..
Екінші дүниежүзілік соғыстың лаңынан пайда болған неміс халқын екіге бөліп тастаған Берлиндегі қолдан тұрғызылған ‑ "темір-бетон қабырғасы" ‑ сол халықтың бүгінгі ұрпақтарының арасында қаншалықты қиянат пен қиыншылықтардың себебіне айналғандығы белгілі. Ал біздегі "үш жүз" деген ұғым сырттағы қаланған қабырға емес, бұл іштегі болғанда да психиканың өзінде қалыптасып келе жатқан ұғым екендігін түсінуіміз керек. Қазірдің өзінде "үш жүз" туралы ұғымды қайбір топ құрғыш "данышпандар" туыстықтың шекарасы тәрізді түсінуде. Мұны тіпті өздерінің жеке мақсаттарына пайдаланатын "зиялылар" да аз емес. Бұдан тез арада бой тартып арылмасақ, келешектің аса ауыр қателіктеріне ұшырауымыз ғажап емес. "Үш жүз" ұғымның шын мәнінде халқымыздың туысқандығына да, оның тектік қасиеттеріне де үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұғым екендігінің дәлелі көп. Мәселен, АЛШЫН (кіші жүз) ішіндегі – он екі ата Бай ұлына кіретін – Адай, Таз, Есентемір тегі жағынан иісі қазақпен тамырласып жатса да, ал қаны жағынан – ҮЙСІНДЕГІ (ұлы жүз) Жалайырмен, БАЙСЫНДАҒЫ (орта жүз) – Найман руымен қандастығын түсіндірер деректер көп. Әуелінде, Өр-Алтайды мекендеген Найман, Адай, Таз, Жалайыр, Керей, Уақ, Тарақты, Қият, Қоңырат, Меркіт тайпаларының қуатты күшімен – Шығыс Түрік Қағанатының шаңырағы көтеріліп, ұлан-ғайыр алып мемлекетке айналғаны белгілі. Адай мен Таздың жауынгерлік жолы, сонау Алтайдан бастау алып, Алатауды көктей өтіп, қазіргі мекен-жайы Маңғыстауға жеткенін тарихи деректерден танып-білуге болады. Бұл ұғымдарды найзағайдың осып түскен отындай жарқ еткізіп, қысқа қайырып отырмыз, әйтпесе, мұның қатпары көп ұзақ әңгіме. Осы тәрізді, Алты Әлімді – алты Қаракесек дей отырып – Арғын ішіндегі Қаракесекпен қандасып жатқанын тануға болады. Жеті рудағы – Керделі, Керейт, Рамонддардың – Керей мен Уаққа кірігіп кететіндерін аңғару қиын емес. Міне, өздеріңіз байқап та, сезіп те отырғандай, "Үш жүз"дейтін ұғымның қазақ та, тіпті туыстық та өлшем емес екендігін түсінуге болады. Келтіре берсе, мұндай дәлелдер көп. Ең бастысы уақыт оза "үш жүз" атты лаңның ұрпағына тигізер қиянатын сезгендей, данагөй халқымыз;‑ "Қарға тамырлы қазақ – бір-біріңнен жөн сұраса келсең...қарын бөле болып шығарсың..." ‑ деп астары мол, ақиқаты үлкен ой өрнегін, ата‑бабамыз бекер қалдырмаса керек. Бұл жайындағы ойымыздың ұшығын өздеріңізге қалдырып, нұсқалы сөз ретінде Абай ғұламаның: ‑ "...Әкесінің баласы–адамның дұшпаны, Адамның баласы–бауырың..." – деген, Мұхиттай терең сыры бар, Асқартаудай алысқа нұрын шашқан аңсары мол ұғымға тоқтағанымыз жөн...