Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикалық жағдайы кеңінен талқыланды. Алда не болатыны белгісіз деген Елбасы жиын барысында бірқатар трансферттерді қысқартып, Ұлттық қордағы қаражатты сақтауды тапсырды.
Оған себеп, Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Ұлттық қордағы актив 64,7 млрд АҚШ долларына жетіп, Қазақстанның халықаралық резервi жыл басынан берi 4,2 пайызға өсіп, 95,2 млрд АҚШ долларын құраған.
Үкіметтің бұл отырысындағы Елбасының Ұлттық қордағы қаржыны сақтауды қадағалалауының бірден бір себебі: биыл елімізде инфляцияның төмендеуі байқалған. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевтың айтуынша, тамыз айында айлық инфляция 0,2 пайызға дейiн баяулап, жылдың басынан 5,4 пайызды құраған.
Экономист Әлібек Аллияровтың айтуынша, біздің экономикалық жағдайымызда инфлияцияның бұл көрсеткіші жақсы. Алайда стандартқа сай емес екен.
-Стандарт бойынша жақсы инфляция 2 % болып саналы. Бірақ бұған дейін бізге әлі ұзақ. Біраз уақыт та, жағдай да керек, - дейді А.Аллияров.
Ал инфляцияны стандартқа дейін дәлізде қалыпты ұстап тұру үшін не істеу керек деген сұраққа экономист Ұлттық қорды сөз етті.
-Инфлияцияны жалпы дәлізде 2-3 % - да ұстап тұру үшін халықтың қаржысына емес, сауда-саттық байланысын арттырған жөн. Қазіргі жағдайда қордағы ақшаға тиісуге болмайды, бізде қор онсыз да аз. Сол үшін теңгенің табиғи курсын сақтау да тиімсіз. Мұнай болса арзан. Өте арзан, - дейді экономист .

Айтпақшы, экономистер мұнай өте арзан деп дабыл қағып жатқанда, Астанада бензин бағасы қымбаттап та үлгерді.
Сонымен бүгін Астанада кейбір жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин бағасы қымбаттады. Мысалы, бекеттерде АИ-92 бензинінің литрі 126 теңгеден 129 теңге көтерілсе, Аи-95 маркалы бензиннің де бағасы 149 теңгеден 152 теңгеге өсті.
Ұлттық қор демекші...

Президент Үкіметке биылға арналған респубдикалық бюджетке өзгерістер енгізіп, Парламентке ұсынуды тапсырды. Өзгерістер жасау кезінде ұлттық қордағы қаржыны сақтауды қатаң ескертті де.
Бізге резерв керек деген Елбасы Ұлттық қордағы қаржыны алмауға, трансферт көлемін 400 млрд деңгеге қысқартуға тапсырды.
Әлемдік экономиканың қазіргі жағдайы туралы айтқан Назарбаев Еуропа мен Ресей төңірегіндегі аxуалдың да ел экономикасына әсер етпей қоймайтынын жеткізді. Алайда, соған қарамастан, ел Үкіметі xалықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуі тиіс деді Елбасы.
Осы орай жекешелендірусіз экономиканың алға ілгерілемейтінін де айтып, жекешелендірудің қалай жүріп жатқанын сұрады.
Министрдiң айтуынша, 299 нысан жекешелендiрiліп, одан барлығы 85,5 млрд теңге қаржы түскен.
«1991-1995 жылдары өткiзiлген жекешелендiру қазiргiден жеңiл өттi деп санаймын. Жекешелендiруге қарсы тұрмау керек. Онсыз экономика әрi қарай қозғалмайды. Тек қана қажеттi мәселелер болса жарайды, басқаның барлығы жекенiң қолында болуы керек. Сонда ғана бiздiң бизнес өркендеп-өседі», - дейдi мемлекет басшысы.
Ал экономист Әлібек Аллияров жекешелендірудің экономикаға айтарлықтай үлкен әсері болмайтынын алға тартады.
-Жекешелендіру керек, бірақ кейбір табиғи монополиялық объектілер бар, олар мемлекеттің бақылауында қалуы тиіс. Жекешелендірудің экономикаға әсері шамалы, бизнес қалай бар, солай жұмыс жасайды. Экономиканы көтеру және ұстап тұру үшін шағын және орта бизнеске (ШОБ) салынатын салықты алып тастау керек. Сонда ғана бизнеске жан бітеді. Бюджеттің 80 % - ын ірі монополистер мен жер қойнауын пайдаланушылар толтырады, сондықтан ШОБ салығын алып тастаса, бюджеттен ештеңе жоғалпайды, - дейді экономист.
Индира Қуат