Апта алдын елді дүр еткізген оқиға былай басталған еді: Жұмыр жер бетінде аты қалған, күллі жаһанға есімі мәшһүр болған кісілер жайлы ақпарат беретін, айына бір рет шығатын «Жұлдыздар отбасы Аңыз адам» журналының осы айдағы саны күллі адамзат баласына ортақ қайғы әкелген, фашизим басшысы - Адольф Гитлерге арналды.
Мұнда не тұр? Кім Гитлер жайлы жазбай жатыр?
Иә, осындай ойда едік, бірақ аяқ астынан сәуірдің 18-і күні әлеумет желінің шу ете қалуынан соң ойланып қалдық. Сансыз пікірлер туындауына себепкер болған - журналдың Гитлерге арналуы. Бүгінде «тірі Гитлерлер» қаптаған заманда, жаны жаһаннамға кеткен ол байғұсты насихаттау кімге керек болды? Жә, жарыса Гитлерді «насихаттады» дегендей, расында журналда Гитлерді насихаттады ма?
Журнал жарыққа шықпай тұрып-ақ осы басылым редакторы Жарылқап Қалыбай Facebook желісінде басылымның келесі санында Адольф Гитлер туралы жазылатыны, бірақ, ол дегені Гитлерді насихаттау емес, адамзат баласына орасан қайғы-қасірет алып келген жауыз диктатор жайлы тарихи шындықты жазу екендігі ашық айтылған еді.
Дегенмен, мұқабадағы Адольф Гитлердің «Аңыз адам» деген атаудың астында бейнесі бейнеленгенін және ішкі беттегі мақалалардың бірінің атауы «Гитлер фашис емес, ұлы тұлға» деп аталуы оның ашық насихатталуы деген пікірге көпшілік даурығып кетті. Бірақ, зер сала қарасаңыз, мұқабада Гитлер бейнесі жанына «Адамзат қасіреті» деп айдан анық етіп жазып қойылған... Көрмес түйеніде көрмес, демекші, ақиқатты емес, қазақ журналын жабу ниетіндегі арандатушылардың әзірге көргені сол «Аңыз адам» жазуы болып тұр...
Билік тарапы: «Аңыз адамның" мазмұнында Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңнамасын бұзушылық, атап айтқанда әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру (ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы) белгілері бар. Аталған факті бойынша, агенттік тиісті шаралар қабылдауда» деп БАҚ арқылы таратыпта үлгеріпті. Айтар уәжі: мақала авторларының бірі Нағашыбай Есмырза «Гитлер фашист емес» деген тақырыппен жариялаған мақаласы Гитлерді және фашистік идеологияларды ақтап алуға арналған.
«Аңыз адам» журналын айыптаушылармен сынға алушылар пікірі қазақ және орыс әлеуметтік желісі бетін қаптап кеткен. Ресейлік regnum.ru сайты «Аңыз адам» журналы «бұл материалды Адольф Гитлердің 125 жылдығына арнаған, фашистік идеологияны ақтап алуды көздеген және Ресей президенті Владимир Путинді Гитлермен салыстырған» деген пікірді білдіріп өтті. Иә, Путинді Гитлермен салыстырған екен, Жириновский-Лимоновтардың әрекетіне жауап бермеген орыс алдында, біздің журнал не үшін айыпты екен? Осы орайда, Бекболат Тілеуханның сөзі ойға түседі: «Жириновский-Лимоновтардың арандатуына өзiмiздiң азаматтардың "түсiп" қалуы кездейсоқтық па, әлде арнайы жоба ма? Арзан популизм аса кауiптi!»
Facebook әлеуметтік желісінде «Аңыз адам» журналындағы Гитлер туралы жарияланған материалдарға қарама-қайшы, түрлі пікірлер айтылуда. Бірі елімізде Гитлерді ашықтан- ашық насихаттаушылар жазаға тартылуы керек деген ойға келсе, екіншісі, Гитлер насихатталып жатқан жоқ, сондықтан да оның кім екендігін ашығырақ оқып білген дұрыс деген пікірді білдіреді.
Ең сорақысы, «Аңыз адамның" 2011 жылғы қыркүйек айындағы саны «Қызыл террор» аталған өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің бас ұйымдастырушысының Йосиф Сталинге арнағанда біздің осы билік ләм-мим деп жақ ашпаған еді.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші орыстардың атажауы Гитлер туралы журнал қазақ елінен Жеңіс күні қарсаңында шығуыда олардың шамына тигейдей, әйтпесе, әлемде Гитлер суреті басылған журнал шықпады дейсіз бе? Мұнда бір арандатушылық қой, орыстілді басылымдардың бейбіт күнде «тынақ астынан кір іздеуі» секілді!
«ПУТЛЕР – ТАМАША ТЕҢЕУ»
Басылым басшысы Жарылқап Қалыбай Facebook тегі парақшасы арқылы: келесі журнал саны Гитлерге арналатындығын, кімде қандай ұсыныс бар екендігі сұралғанда, пікір қалдырған оқырмандардың кейбірінен «Путинмен салыстырып жазсаңыздар» деген ұсыныс түскен, жауап ретінде Жарылқап Қалыбай: «Гитлерді Путинмен салыстыру максаты үшін ғана жазатынын» хабарлаған. Жарылқап Қалыбайдың бұл пікірді Адольф Гитлер туралы «Аңыз адам» журналының биыл сәуір айындағы 8-нөмірінде де қайталанған. «Біз не үшін Адольф Гитлерді жазып отырмыз?» дейтін алғашқы беттегі түсіндірме мақаласында ол екі себепті көрсетеді: «Бірінші, мемлекет басына Адольф Гитлер сияқты адам кездейсоқ келіп қалған жағдайда, оған ерген бүкіл халықтың орға жығылатынын көрсету үшін, екінші, ұлтшылдық-шовинистік идеяны қайта жалаулатып келе жатқан Ресей империясының қазіргі билігінің аса қауіпті саясатынан қорғану мақсатында жазып отырмыз!»
Жарылқап «Ресей империясының аса қауіпті саясаты» деп Кремльдің Украина мен Қырымдағы әскери әрекеті мен Еуразиялық интеграциялық одақтарды жеделдету ниетін меңзейді. Ақиқаты да сол, Путлер қарусыз-ақ Украинаның бір бөлігін «басып» алған жоқ па? Путинді сынға алу үшін Путинен рұқсат сұралмайды... .
«МАЙДАН», «АҢЫЗ АДАМ»... .
Кеше Алматыдағы 28 -ші Панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері ұйымының бірнеше өкілі Адольф Гитлер туралы материалдар басқан “Аңыз адам” журналына қатысты наразылық акциясын өткізді.
Ұйымдастырушылар журналдың Гитлерге нөмір арнауын айыптап, “Фашизмнің қайта тірілуіне жол жоқ!” деген ұран ұстап шыққан. Белсенділер журналдың Гитлерге арналған нөмірін өртеп жіберді. Акция өтіп жатқан кезде журналда фашизмді қолдайтын емеурін жоғын айтпақ болған бір адамды “фашизмге қарсы” белсенділер сөйлетпеуге тырысқан. Әлгі адамды “кім екенін анықтау үшін” полиция өкілдері ұстап әкеткен... .Алланың өзі сақтасын, өздері тұтандырған шоқ отқа айналған украиндарға ұқсағандай болды. Бізде де сол алаңда қазақ журналы бықсып жанды, артында біреу күліп тұрғандай... .
Журналист Ботакөз Жүсіп: "Аңыз адам"тарихта қалады ғой деп жүрсем, аяқ астынан табан астында қалды ау! "Атың шықпаса жер өрте"деп жүргенде журнал өртенді..." Сөз-ақ қой. Ел болып, халық болып орыстың сойылын соққанша, ақиқатты көре білейік. Келешектен от болып жанатын журналдарды емес, ішіндегі мақалалары «өрт» болып жанатын журналдарды көрейік. Журнал біздікі, абыройы да қазақтікі, арандатушылар соңына ермейік, еліміз үшін алаңдаушылар болайық!!!
Қожакелди Алданов, тәуелсіз тілші