Ресей сыйы: ауызыңа - қақпақ, басыңа - тоқпақ(сауалнама)

/uploads/thumbnail/20170708152102916_small.jpg

«Аңыз адам». Әр санында аңызға айналған адамдар туралы жазып, тарихқа  жаңа көзқараспен қарап,  ұлттық таным тұрғысынан баға  беретін басылымның өзі  «аңызға» айналды. Бір санын Гитлерге арнап,  басы дауға қалған журнал төңірегінде дау-дамай әлі бітер емес.  Қазақ –орыс  БАҚ-тары өзара айтысып, жікке бөлінуде, кеше Ресей тарапы Қазақстанға «ескерту» жасады.  Өзіміздің ауған соғысының батырлары да көзсіз батырлық жасап,  журналды өртеді, ашық қарсылық көрсетті. Осындай жайттардан кейін,   қоғам  белсінділеріне бірнеше сауал  жолдаған едік.

 Біріншіден, Гитлердің фашист екенін бүгінгі ұрпақ білгенін қалайсыз ба?

Екіншіден, «Аңыз адам" журналына Ресей тарапының сонша шүйліккенінің сыры неде? Қазақ баспасөзінде ненің жазылып, ненің жазылмауын "Еуразиялық одақтың" серкесі Ресей белгілейтін болған ба?

Үшіншіден,  Еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы сөйлеген Ресей саясаткерлеріне бір ауыз үн қатпаған соғыс ардагерлері Ресейдің айтағына еріп, "Аңыз адамға" неге шүйліге қалды?

Қазақтың бес әйелі өсек айтып тұрса екі автобус СОБР мен жетіп келетіндер "журнал өртеу" оқиғасында аса мейірімді болды

Серік Әбікен, журналист: - Гитлер - адамзат тарихының бір бетін қанмен жазып шыққан қаныпезер. Оны жастар білуі керек және танымының ауқымы сонымен тарылып қалмауы керек. Тарихта адамзаттың дамуына үлес қосқан Ұлы тұлғалар бар ең бастысы соларды танысын.   Мені Ресейдің нота жолдап шала бүлінгенінен гөрі "Аңыз адамның" үстінен сол жаққа шағым түсіргендер көбірек ойландырады. "Қазақ баспасөзі Гитлердің суретін басты, Путинді теліді" деп біреу жеткізді ғой. Демек, біздің елде ақпарат құралдарын, халықтың көңіл-күйін бақылап отыратын біреулер немесе бір ұйым пайда болған. Бұл да отарлау саясаты күшейіп келе жатқанының бір дәлелі. Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, Ресей Гитлердің суреті үшін Қазақстанды бүріп жіберді, Үкіметіміз қызған табаға түскен жыландай шыжбың қақты. Ал қазақтың төбесінен гептил сорғалағанда неге көршіге талап қоя алмады? Қожайынның қабағын баққан құлдың кейпіне түсіп барады.

Қазақтың ақпараттық кеңістігі Ресейдің уысынан шыққан емес. Бізде көсемдердің көз қары - нұры туралы айтатын басылымдар мен телеарналардың ғана жағдайы жақсы. Қалған қазақ тілді БАҚ-тың күйін басқаның басына бере көрмесін. Олар "Қазақстанда қазақ тілді газет-журнал болуы керек" деген шалажансар ой болғандықтан ғана өмір сүруге рұқсат алған. Кез-келген сәтте тұншықтыра салады. Ал, енді бір-екі жылдан соң қазақтың санасын Ресейдің отарлау саясатынан құтқаратын бірде-бір басылым боларына шүбәм бар. Қазірдің өзінде жоқ-ау. Республикаға тұтас тарайтын жалғыз "Жас Алашты" аранға құлата салса болғаны... Сондықтан Ресейдің ақпарат кеңістігін тек "Аңыз адам" дауынан кейін байқағандар еліміздегі ақпарат агенттіктерінің басшыларының, телеарналара ақылман болып жүрген "данышпандардың" өмірбаянына көз жүгіртсін. Телеарналарды тепкілегендеріне көп болған, енді басылымдарға кезек келді.  Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан қарияларды былай қойып, Ауған соғысына қатысқандар жайлы айтайыншы. Еуразиялық Одақты қолдайтынын ұран сала жариялаған Пашевич НКВД қанішерлерінің киімімен, қолына георгий лентасын тағып тұрып жұлқынды. Журналды мылтық қанжарына қадап, от қойған сол. Ал соны қошеметтеп қолдап жүргендер өз қазағың. Жарылқап Қалыбай Гитлерді журнал мұқабасына басса, оған сыпайы түрде өз көзқарасыңды білдір. Қазақ үшін гестапо киімінен НКВД киімі әлдеқайда үрейлі. Мұны Пашевич білмесе де ата-бабасы аштан қырылған, асыл ағалары түрмеде атылған қазақ жігіттері білуі керек еді ғой. Бізді осы "шашбау көтерушілік" дерті құртады. Ең қызығы Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің осы шарада жүргені болды. Қазақтың бес әйелі өсек айтып тұрса екі автобус СОБР мен жетіп келетіндер "журнал өртеу" оқиғасында аса мейірімді болды. Шіркін, орысша шүлдірлегендер кенелген сол мейірімнен қазаққа азғантай бұйырса?! Девальвацияға наразылық білдірген қатын-бала сол мейірімге шын шөліркеген еді... Қорыта айтқанда, ақпарат кеңістігіне үстемдік жүргізу отарлау саясатының бір бұтағы. Біз экономиканы, ақпараттық идеологияны Ресейдің қолына ұстаттық. Біз шынымен тәуелсіз елміз бе?

С.Ерғали, публицист, мәдениеттанушы: - Гитлердің фашист екенін бүгінгі ұрпақ білгені дұрыс. Әрбір ұрпақ аңызға айналған жағымды-жағымсыз тарихи тұлғаларды білуі керек, аға ұрпақ соларды білдіруге міндеттіміз. "Аңыз адам" журналына Ресей тарапының сонша шүйліккенінің сыры, меніңше,  Гитлер мен Путиннің әрекет ұқсастықтарын қазақ журналының әшкерелеуінен. Біздің ақпарат алаңына Ресей ақпараттық жолдармен араласса, енді қазақ идеологиясына Ресей билігінің тікелей араласа бастағанын көрсетеді.   Бізде саяси қазақ БАҚтарының тапшылығынан сол міндетті «Аңыз адам» амалсыз көтеріп, таяғын жеуде.    Бұған дейін Ресей қазақтың идеологиясы орыстілді БАҚтардың қолында деп келген, енді олар қазақтілді БАҚ-тарды ауыздықтауға көшуде. Мәселе біздің ақпараттық кеңісті Ресейдің басынуында болып отыр. Еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы сөйлеген Ресей саясаткерлеріне бір ауыз үн қатпаған соғыс ардагерлері Ресейдің айтағына еріп, "Аңыз адамға" неге шүйліге қалды? Бұл олардың қазақ газет-журналын оқымайтындығын білдіреді және олардың өлген советтік идеологияның біздегі қалған-құтқан аралы екендігін де аңдатады. Бізде басыбайлы ақпарат алаңы жоқтығын,ұлттық, жалпықазақстандық ақпарат жүйесінің халықты жайдақ ақпаратпен «қамтып», тегеурінде түрде елге тұтас ықпал етпей отырғандығының бұл да бір айғағы. Бізге күштік құрылымдарды нығайту мен ассамблеяны қолға алу басты тетік емес, басты тетік- елдің ақпарат кеңістігіне ие болуын қамтитын саясатты қолға алу керек. Елдегі өз өнімдерін қазақстандық мазмұнмен толтыра алмайтын теле-радио көздерінің сағатын  қысқартудан бастап, жабуға дейін талапты қолға алу керек. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес енді басталды.

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер: -  Гитлердің адамзат тарихындағы ең бір зұлым, жүз миллионға жуық адамның трагедиясына тікелей жауапты қылмыскер, фашизм секілді адамзатқа қарсы идеологияның символы болғанын барша жұрт біледі. Сондықтан ол секілді тұлғаның бет-әлпетін ашып беріп, қоғам мен санада антифашистік ұстаным тәрбиелеу, сөзсіз, қажет! Әсіресе, қазіргі ақпараттық әрі коммуникациялық бостандық пен пікіралуандығы ахуалында тәрбиеленіп, кейде кімнің кім екенін білмейтін өскелең ұрпақ үшін ол өте-мөте маңызды! Өз басым «Аңыз адам» журналына қатысты дау-дамайдың екі жағы бар деп санаймын. Біріншіден, кез-келген БАҚ фашизм секілді ағымды ашық талқылап, оның мән-мазмұнын өз аудиториясына жеткізуге қақылы деп білемін. Осы тұрғыдан алғанда журналдың бұл әрекетінде ешбір сөкеттік жоқ. Гитлер туралы жазып жатқан, оның суретін басып жатқан жалғыз бұл журнал емес. Журналдың осы позициясы туралы оның редакторы айтқан сөздер өте орынды. Екіншіден, және мұны ашық мойындау керек, журналдағы бір-екі автордың Гитлерге қатысты бас тақырыпқа шығарылған ойлары («Гитлер фашист емес», «Майн кампфта көп нәрселер дұрыс жазылған») менің де көңіліме қонбайды. Бәлкім, ол авторлардың ойын бермей-ақ қою керек емес пе еді? Не болса да, ол журнал басшылығының өз шешімі. Әрине, сөз бостандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ бүкіл адамзатқа кесірі тиген осы тұлғаға қатысты пікірге аса бір ыждағаттылықпен қараған жөн сияқты. Байқасам, дәл осы пікірлер қазір журналға өз салқынын тигізіп жатыр. Оның үстіне журналды бір жақты айыптаудың тек қана «біреулер қазақ тілін білмей, мақалаларды жете түсінбеді, сондықтан да осындай асығыс та үстірт баға берді» деген секілді астары ғана бар деп айту қиын. Журналға қарсы ұйымдастырылып отырған іс-шараларды, сонымен бірге қазір қоғамда қалыптасқан ахуал тұрғысынан қарастыру қажет. Дәлірек айтсақ, Гитлер мен қазіргі Кремльдің басқыншылық саясаты арасындағы тарихи салыстыру, оны Путиннің жек басына теліп қою көрші елдің шамына тиіп кеткен сияқты. Сондықтан да, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, өз бағасын беріп жатыр. Бұл жалпы алғанда халықаралық тәжірибеде сирек кездесетін оқиға! Сонда Гитлерді жек көретін жалғыз Ресей ме?! Бір нәрсені назарда мықтап ұстауымыз керек: бір журналға қатысты көтеріліп жатқан осы дау-дамай ертеңгі күні тұтас бір елге қатысты үлкен әңгімеге ұласып кетуі мүмкін! Сондықтан да осы мәселені талқылағанда, оған қатысты пікір айтып, қимыл-әрекет жасағанда осы жайтты ұмытпауға тиіспіз!

Серік Керей: Гитлердің фашист екенін бүгінгі ұрпақ білгенін қалайсыз ба? Әрине, Гитлердің фашист екенін,  және  бүгінде Гитлер сияқты ашық фашист болмаса да, фашистік саясат жүргізіп,өзге мемлекеттердің тәуелсіздігіне қауіп төндіріп отырған осы заманның фашистерін де бүгінгі ұрпақ біліп,тану керек. Әрі өз Отанның тәуелсіздігі мен бірлігі үшін, әлемнің бейбіт өмір сүруі үшін өз үлесін қосатын дұрыс тәрбие алуы керек деп ойлаймын.  «Аңыз адам» журналына Ресей тарапының сонша шүйлігуі Ресейдің өзге елдің ішкі ісіне килігіп, өзге халықты қор санап, өздерін зор санайтын, отарлық үстем пиғылының нәтижесі деп айтуға болады. Гитлермен қатар қаншама халықты аштық, қуғын-сүргінге айдап, сотсыз атып,  миллиондаған халықты қырғынға ұшыратқан Сталинды мақтап, мадақтай отырып, сол Сталин сияқы Гитлерге келгенде ғана өздерінің «адамгершілік қасиеті» оянуы олардың екіжүзділігін білдіреді. Мен үшін Сталин,Қытай көсемі Мао, Гитлер бәрі де фашист. Айырмасы бірі өз ұлтын жоғары санады. Ал қалған екеуі коммунистік идея  - бір ұлтты зор санау саясатын, яғни  фашистік саясат жүргізді. Оларды бүгінгі күнде қайта мадақтап,отаншылдықтың үлгісі жасауға болмайды. Орыс халқы өздерінің әлем алдындағы абройын сақтаймын десе аз санды отаршыл пиғылдағы орыстық шовинизм пиғылынан арылып, әлем жане Орта Азия халықтарымен тепе-тең, ынытмақта өмір сүруді үйренуі керек. Еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы сөйлеген Ресей саясаткерлеріне бір ауыз үн қатпаған соғыс ардагерлері Ресейдің айтағына еріп, "Аңыз адамға" неге шүйліге қалды деген мәселеге келсек, Ауған соғысының ардагерлерінің Қазақ жерін бөліп алу туралы Ресей саясаткерлерінің астам сөздеріне үн қатпай, дәл «Аңыз адамға» шүйлігуінен біздің жастарға отаншылдық- паториоттық үлгі болуға тиіс ауған ардагерлерінің бетіне басылған таңба деп білу керек. Мен барлық Ауған ардагерлері бұл сорақы топты айыптап өз намыстарын аяққа таптатпайды деп үміт күтемін. Біздің ауған ардагерлері өздері совет әскерінде қызмет етіп,ант қабылдағанмен, бірақ бүгінгі тәуелсіз Қазақстан еліне адал болу керк деп ойлаймын. Шетелдік ақпарат құрлдары мен арандатушылардың айтағына еріп, өз намыстарын аяққа таптап, Қазақ елінің бірлігіне сызат түсіретін іске барса ертең «Ауған Ардагерлері» дегенге жас ұрпақ теріс қарайтын болады. Сондықтан, ойы терең, намысы бар Ауғандықтар бұл намыссыз аздаған топтарды өз орнына қойып, Қазақ елінің шынайы отаншылдары екенін дәлелдеу керек.

 

Қатысты Мақалалар