Біріктіретіні бар «Каzakh TV» мен «Бiлiм және мәдениет» арналарын неге ашады?

/uploads/thumbnail/20170709064737698_small.png

Бүгін ОКҚ брифингі барысында «Хабар» АҚ Бақсарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова  «Каzakh TV» мен «Бiлiм және мәдениет» арналары бiрiктiрiлетінін хабарлады.

Иә, біріктірілетініндей бар. Бұл екі арнаның аудиториясы мен өндірілетін контенті бір-біріне өте ұқсас. Екі арна да танымдық бағдарламалар жасайды.

-Екі арна да тарих, мәдениет, дәстүр, бiлiм, туризмге баса назар аударады. Бiз бiрiктiрiлген арнада осы бағыттардың сапасын одан әрi арттыруға мүдделiмiз. Бiрiктiрiлген арна ендi республика аумағында қолжетiмдi болады. Ол 25 қазаннан бастап «Каzakh TV» атауымен эфирге шығады», - дедi Алмагүл Ахметжанова.

Екі арна болып жұмыс істесе де, біріктірілсе де қазақ аудиториясына осы арналар қажет пе еді?

«Каzakh TV» арнасы алдымен «CaspioNet» деген атаумен 2002 жылдың  25 қазанынан бастап көрерменге алғашқы спутникті арна болып жол тартқан.  Араға 10 жыл салып, 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа «Каzakh TV» арнасы деген атаумен тарай бастады.

Енді 2014 жылдың қаңтар айында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен «Білім» және «Мәдениет» арналары біріктіріліп, отандық телевизия өндірісінде «Білім және Мәдениет» мәдени-ағартушылық бағыттағы жаңа телеарна болып шыға бастапты.

Атауы өзгертілген алғашқы арна мен біріктірілген кейінгі арнаның бағыты бір – танымдық.

Енді осы жерде сұрақ туындайды.

Бастапқы «Білім» және «Мәдениет» телеарналарын ашу немесе біріктіру неге, кімге керек болды? Енді сол біріккен «Білім және Мәдениет» телеарнасы мен «Каzakh TV»  арнасын біріктіру арқылы көрерменге не бере аламыз?

Ашылып, артынан жабылып, немесе бір біріне қосылып жатқан саны бар, сапасы жоқ арналар кімге керек?  Бағыты қандай? Аудиториясы кімдер?

Дәл осы арналардың бағытында «Хабар» арнасының өзі де жұмыс жасайды. Оған жақында ғана атауын өзгерткен «Хабар 24» арнасын қосыңыз.

Бір-бірінен айырмашылығы жоқ арналарға мемлекет бюджетінен қаржы бөлу қаншалықты тиімді?

Ақшаны арналарға шашамыз деп, айтары бір, аудиториясы ортақ, мән-мағынасы кеткен қазақ телевизиясын жасап жүрген сияқтымыз.

Жалпы бүгінде бір «Хабар» агенттігінің өзіне  «Хабар», «Хабар-24», «Каzakh TV», «Бiлiм және мәдениет» сияқты 4 арна кiредi.

Бір агенттіктің жұмысын ұстап тұру үшін, атауы ғана басқа, өндіретін контенті, аудиториясы, бағыты бір арналардың санын көбейтіп не керек?

Қазір қалың көрерменнен «Каzakh TV» арнасы мен «Бiлiм және мәдениет» телеарнасының қандай жобасы, қандай жұмысы есіңізде қалды, несімен ерекшеленеді деп сұрасаңыз, көрерменнің өзі де есіне түсіре алмауы мүмкін. Өйткені, көрермен жылт еткен нәрсені есте сақтай бермейді. Көрерменнің жадында ұзақ сақталуы үшін қайталанбас телеөнім бере алу керек.

Қазіргі таңда «телеарна аудиториясы тек көзбен көреді» деген қате ұғыммен, контенттің мағынасы мен сөзіне аса мән бермей жатамыз. Мәселен, «жаңалықтарды жүргізуші қыз қате оқыса да, әдемі болып отыру керек, көрерменнің көзін әдемілікпен ұстаймыз» деген пікірдің қалыптасқаны қашан...

Сол сияқты, көрерменге берері жоқ арналарды біріктіріп, мемлекеттің бюджетінен одан әрі жұмысын жалғастыра бергенше, қаржы экономдау үшін саны бар, сапасы жоқ арналарды жауып тастай салу керек.

Сонда халыққа қажетті өнімді бере алмасақ та, халықтың қаржысын жұмсауда пайда келтірер едік.

Индира Қуат

Қатысты Мақалалар