Алматы полициясы есірткі сатушыдан героиннің ірі партиясын тәркіледі.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 5 килограмм 118 грамм болған.
Полиция қызметкерлерінің айтуларынша, есірткі сатушының сыртынан ұзақ уақыт жасырын бақылау жүргізіліпті. Келіп түскен шұғыл ақпаратты мұқият тексерілген.
«А. есімді азаматтың жүріс-тұрысының өзі күдік тудырды. Өйткені ол бұған дейін де есірткіге қатысты қылмыстарына байланысты талай рет сотталған еді. Бұл адам жазасын өтеп шыққаннан кейін, өкінішке қарай дұрыс жолға түспеді. Бұрынғы әдетіне қайта басты. Оның үстіне өзі есірткі қабылдайды. Ұсталуға қатысты айтатын болсақ, оны кеше 21 сәуір күні түстен кейін сағат 15:00 шамасында Түркісіб ауданындағы Кассин көшесінде орналасқан үйінде клиентке 1,5 грамм героин сатып тұрған жерінен қолға түсірдік. Одан басқа, жедел-тергеу тобы арнайы үйретілген иттің көмегімен ішіне ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше полиэтиленді түйіншекті тапты. Кейін сот-химиялық сараптама оның героин екендігін анықтады», - деді Алматы ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Азамат Садыров.
Оның айтуынша, қолға түскен азамат есірткі салынған түйіншектерді кереуеттің, асханадағы ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаның астына және үй маңындағы сарайға жасырған екен. Ол бұл үйде азаматтық жұбайымен тұрып келген.
«5 килограмнан асатын героин - бұл аса ірі көлемдегі есірткі болып табылады және мұндай әрекет ҚР Қылмыстық Кодексінің 4-бөлімінің 259-бабы бойынша реттеледі, - деді Азамат Садыров. - Біз енді бірінші кезекте бұл есірткінің келу жолын және қатысушыларды анықтауымыз керек. Сол үшін ұсталған адамның қарым-қатынас жасап жүрген адамдары тексеріледі. Сондай-ақ осы есірткіні сатып алып жүрген тұтынушыларды да анықтамақ ниеттеміз».
"ҚазАқпарат"